Сот «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорынның төрт лауазымды тұлғасы мен «ЛигаФинанс» құрылыс компаниясының екі басшысына тағылған, «2012 жылы Нұра өзеніндегі Преображенское су торабын реконструкциясы кезінде 640 миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырды» деген айыпқа қатысты өтіп жатыр.
ПРОКУРОРДЫҢ ТАЛАБЫ
Бүгінгі жарыссөзде прокурор Айымгүл Жаманбалина айыпталушылардың айыптары қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Прокурор судья Төлеген Тұрғанбаевтан «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорынның бұрынғы директоры марқұм Өмірбек Жампозовты кінәлі деп тауып, бірақ қазасына байланысты жауапкершіліктен босатуды;
оның әріптестері Болат Бисебековке «тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған» амнистияны, кінәсін мойындауы мен егде жасын, келтірген шығынын толық өтегенін ескере отырып, екі жыл шартты жаза беруді (бұдан бұрын адвокат Елена Овчарова Болат Бисебековтің «20 миллион теңгені түгел қайтарғанын» мәлімдеген);
Ілияс Қазыкеев пен Мәжит Бөрлібаевтарды «қылмыстық жолмен тапқан» мүлкін тәркілеп, жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор «ЛигаФинанс» құрылыс компаниясының құрылтайшысы, сотқа абақтыдан әкелініп жүрген Асқар Төлеуовтің «аса ауыр жемқорлық қылмысын ашуға септескенін», кінәсін мойындап, келтірген шығынын ішінара қайтарғанын ескеріп, оған мүлкін тәркілеу және төрт жыл түрме жазасын беруді сұрады. Мұның алдындағы сот отырысында Асқар Төлеуов сот-процесуалдық келісім жасасуға өтініш білдірген. Бірақ прокурор келісімнен бас тартқан.
«ЛигаФинанстың» директоры Дәулет Тайғұловты жеті жылға бас бостандығынан айыру сұралды.
ШАҒЫМДАНУШЫ ТАРАПТЫҢ СӨЗІ
Бүгінгі сотқа шағымданушы тараптың – ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа өкілі келді. Ол адам – министрліктің ішкі аудит және қадағалау департаментінің бас инспекторы Сәбит Кабиев. Қорғаушылар жаңа шағымданушы өкілдің тергеу ісімен танысса да, осыған дейін болған сот тергеуінен бейхабар екенін айтып қарсылық білдірді.
Сәбит Кабиев істегі құрылыс-экономикалық сараптамалармен және басқа материалдармен толық танысқанын, «айыпталушылардың заңсыз әрекеттер жасағанын» және мемлекетке 833 миллион теңгеден астам мүліктік зиян келтіргенін айтты.
Шағымданушы өкілі айыпталушылар мен олардың қорғаушыларының қойған кей сұрақтарына «онымен таныс емеспін» деп жауап бере алмады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Сәбит Кабиев те, министрліктің азаматтық шағымданушысы Ербол Сәдуақас та прокурордың сұраған жазасымен келісетіндерін білдірді.
АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ
Түстен кейін жалғасқан жарыссөзде айыпталушы төрт азаматтың адвокаттары қорғауындағы адамдарды ақтауды сұрады.
– Біз ақтауды сұрадық. Себебі сот тергеуі барысында қорғауымдағы Жампозовтың кінәсі дәлелденген жоқ, құрылыс-экономикалық сараптама жұмысы қайта жүргізілген жоқ. Жоспарланған бюджет қаржысы толық бөлінбеген соң олар құрылыс нысанындағы жұмысты толық бітірмеген. Сәйкесінше «ақша жымқырылды» деген нысан тапсырылмаған, – дейді Өмірбек Жампозовтың адвокаты Бақыт Қайыржанова.
Алтаудың екеуі – Асқар Төлеуов пен Болат Бисебеков сот шешімін шығарарда прокурор оларға қатысты айтқан жеңілдіктерді ескеруді сұрады.
Бүгінгі сот процессі кешкі алты жарымға дейін созылды. Сот үкімі тамыздың 25-інде шығарылады деп белгіленді.
«ЖАМПОЗОВҚА ПАРА БЕРУ» ЖАЙЛЫ
Бүгінгі сот отырысына айыпталушылардың бірі Өмірбек Жампозовтың ұлыәрі ресми өкілі Асылжан Жампозов та қатысты. Сот отырысы арасындағы үзілісті Азаттық тілшісімен сөйлескен Асылжан Жампозов айыпталушылардың бірі Асқар Төлеуовтің жауабындағы өзіне қатысты сөздерге байланысты комментарий берді. Бұдан бұрын тамыздың 9-ында өткен сот отырысында судья Төлеген Тұрғанбаев айыпталушылар кейбір сұрақтарға нақты жауап бере алмаған соң 45 томдық істегі Асқар Төлеуов пен Дәулет Тайғұловтан алынған жауаптардан үзінді оқыған. Төлеуов ондағы жауабында: «...Бұдан кейін Жампозов менен әр уақытта әр шамада ақша сұрады. Ақшаны негізінен оның Асылжан есімді ұлы арқылы беріп отырдым. Онымен алдын ала телефон арқылы келісіп отырдық» деген.
– Шын мәнінде Жомарт деген танысым менен менің атымдағы пәтерді сатып алған. Ол – жаңағы Асқардың (Төлеуовтің – ред.) танысы. Бірақ пәтердің ақшасын мынау «пара қылып бердім» депті. Қаржы полициясының көзбе-көз беттестіруінде Асқар «пара бермегенін, пәтер сатып алғанын» мойындады. Келісімшарты бәрі бар, – дейді Асылжан Жампозов.
Ол әкесін ақтауды сұраған ұстанымынан таймайтынын айтты.
«ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорынның директоры Өмірбек Жампозов пен бірнеше лауазымды тұлға Нұра өзеніндегі Преображенское су торабын 2012 жылдан басталп реконструкциялау кезінде «мемлекет қаржысын жымқырды» деп айыпталып отыр.
Бұл қылмыстық істегі негізгі айыпталушылардың бірі Өмірбек Жампозов шілденің 20-сында прокуратура мен полиция қызметкерін жаралап, өзін-өзі атып өлтірген еді. Жампозов өзіне қол жұмсамастан бұрын тергеушілер мен судьяларға наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерде видео үндеу таратқан. Жампозовтың өлімінен соң Қазақстанның бас прокуратурасы «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғап, тексеру бастаған.
Тамыздың 8-і күні ішкі істер министрлігі Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозовтың үстінен қылмыстық кодекстің 380-бабы, 1-бөлігі («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша іс қозғағанын хабарлаған.