Анна Шевченко олимпиада ойындарына алғаш рет қатыспақ. 24 жастағы шаңғышы былтыр Алматыда өткен Универсиада жарыстарында бір алтын, бір күміс, үш қола медаль алған. Бірақ әлем чемпионаты, әлем кубогы кезеңдері мен қысқы Азия ойындарында жүлде иеленбеген. Ал биылғы олимпиадада «жыл бойғы дайындығының нәтижесін көрсетуді қалайды».
- Біз әлемдегі сапалы шаңғы трассаларына барып жаттыға аламыз. Бапкерлеріміз де тәжірибелі. Біздің жаттығуымызға жағдай жасаған мемлекетке алғыс. Олимпиадада қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, - дейді ол.
Қазақстанда спортшылардың дайындығы мен олардың жарысқа қатысуын мемлекет, облыстық әкімдіктер және ұлттық компаниялар қаржыландырады. Ұлттық құрамаға енетін әр спортшы бюджеттен жалақы мен стипендия алады. Атлеттердің олимпиадаға бару шығындарын да мемлекет төлейді. Ал АҚШ, Австралия және кейбір Батыс елдерінде спортшылар жарыстарға жарнамадан түскен ақшаға немесе жеке демеушілері мен жанкүйерлері жинап берген қаржыға барады.
Мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасында қола алған Денис Тен биыл Оңтүстік Кореядағы ойындарға да қатысады. Соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсете алмай жүрген Тен «тарихи отанындағы ойындарда мүлдем басқа нәтиже көрсету үшін, жанкүйер есінде қалу үшін баратынын» айтқан.
Қысқы олимпиадаға шаңғыдан әлем кубогы кезеңдерінде бірнеше рет алтын алған Алексей Полторанин, фристайлдың могул түрінен әлем кубогының алтын, күміс, қола медальдарын иеленген Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева, биатлоннан биыл әлем кубогы кезеңінде қола алған Галина Вишневская мен Максим Браун, 2016 жылы жасөспірімдер олимпиадасында қола алған Элизабет Тұрсынбаева да барады.
«НӘТИЖЕ БОЛАДЫ, КҮТІҢІЗДЕР»
Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов «Қазақстан қанша медаль алуды жоспарлап отыр?» деген Азаттық тілшісінің сауалына «нәтиже болады, күтіңіздер» деп жауап берді.
- Қанша медаль алатынын нақты айтуы қиын. Дегенмен Қазақстанда қысқы спорт жақсы дамып келеді. Сондықтан нәтиже болады. Бірақ қысқы спортта болжам жасау қиын. Жарысқа әсер ететін көп факторлар бар. Мысалы, шаңғыны майлау, ауа райы әсер етеді. Полторанин, Рейхерд, Галышева, шорт-трек құрамасынан нәтиже күтеміз. Ал спортшыларға мемлекет тарапынан бар жағдай жасалды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы төрт спортшы ғана медаль алды. Қысқы олимпиадада медаль алу қиын. Мақсатымыз Сочидегі олимпиада ойындарындағы жетістікті қайталап, шама келсе жақсартқымыз келеді, - дейді Қанағатов.
Қазақстан допинг дауының алдын алу үшін олимпиадаға жолдамасы бар спортшылардан сынама алып, оларды Германиядағы зертханаларға тексеруге жіберген.
- Спортшылар қысқы олимпиадаға дейін барлық халықаралық жарыстарға қатысты. Олимпиадаға баратын барлық спортшылардың допинг сынамаларын Германиядағы Дрезден, Кельн қаласындағы зертханаларында тексерттік. Ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Ажғалиев ұстап шығады. Спортшылар жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз, - дейді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.
Қазақстан билігі түрлі жиындарда, ресми мәлімдемелерде «допингті түбегейлі қолдамайтынын» жиі айтады. Халықаралық олимпиада комитеті 2008 және 2012 жылғы жазғы олимпиадада алынған допинг сынамаларын қайта тексергенде Қазақстанның ондаған спортшысы допинг қолданды деп айыпталған. Қазақстан Пекин мен Лондон ойындарында жеңіп алған бес алтынын қайтарып берген.
«ҚАЗАҚСТАН ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДАДА МЫҚТЫ БОЛМАҒАН»
Америкалық Gracenote зерттеу орталығы Қазақстан Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында бір қола медальмен жалпыкомандалық есепте 26-орын алады деп болжайды. Gracenote болжауынша, «Дмитрий Рейхерд фристайлдың могул түрінен қола жүлдегер атанады. Канадалық Микаэль Кингсбери мен жапониялық Икума Хорисимадан жеңіледі».
Қазақстандық спорт шолушысы, Informburo.kz сайтының тілшісі Тимур Байкетаевтың пайымдауынша, олимпиадаға қатысатын спортшылардың арасында тек Рейхерд пен шаңғышы Алексей Полторанин ғана медальға таласа алады.
- Қазақстан қысқы олимпиадада мықты болмаған. Төрт медальдан артық алып көрмеген. Биыл Полторанин мен Рейхердтен медаль күтуге болады. Екеуі де өздері қатысқан жарыстардан тұрақты түрде медаль алып жүр. Екеуінің де жасы келіп қалды. Екеуіне де тек олимпиада медалі жетпей тұр. Алтын, күміс, қола ала ма, маңызды емес. Бастысы медаль алса болды. Денис Тен медаль алуы өте қиын. Сочиде медаль алған Тен мен қазіргі Тенді салыстыру қиын. Себебі ол соңғы жылдары көп жарақат алды. Қазақстан құрамасындағы ең жас спортшы, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева егер бестікке енсе, онда сенсация болмақ. Биатлоннан Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпионы Галина Вишневскаяның дәл қазір әлемдегі мықты биатлоншылармен бәсекеге түсуі қиын. Егер ол олимпиадада медаль алса, онда бұл да үлкен сенсация болмақ, - дейді сарапшы.
Байкетаевтың айтуынша, «Қазақстанда қысқы спорт жақсы дамымаған. Шаңғы, биатлоншылар үшін жаттығатын жер жоқ. Барлығы шетелге барып жаттығады. Шенеуніктер «мынау біздің спорт», «мынау біздің спорт емес» деп бөледі. Яғни бокс, күрес залдары көп ашылып жатыр. Ал қысқы спорттың фристайл, тау шаңғысында база жоқ. Сәйкесінше нәтиже де аз.
Ал Қазақстан Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Айдос Рымқұлдың оптимизмі басым. Ол олимпиададан бір алтын, екі қола медаль күтеді.
- Қазақстан үшін бұл олимпиада ең сәтті қысқы ойындардың бірі болады деп сенемін. Оған негіз де жоқ емес. Ұлттық құрама сапында талай бәсекелерде ысылған, мықты спортшылар бар. Шаңғышы Алексей Полторанин, фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышеваны ерекше атауға болады. Алексей Полторанин шаңғымен 50 километрге классикалық әдіспен жүгіруде алтынға таласуы мүмкін. Фристайлшылардан да сондай нәтиже күтемін. Баптары мен бақтары қатар шауып жатса биатлоншы Галина Вишневская, конькиші Роман Креч, шорт-трекшілер Абзал Ажғалиев, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиевтер де жүлдеге ілінуі мүмкін, - дейді ол.
2014 жылы Ресейде өткен қысқы олимпиадада Қазақстан Денис Теннің қола медалімен жалпы есепте 26-орын алған. Ал биыл қысқы олимпиадада алтын алған спортшыға Қазақстан 250 мың доллар сыйақы бермек. Күміс жүлдегер 150 мың, қола иеленген атлет 75 мың доллар алмақ.