Қазақстан атлеттері олимпиадалардан алған төрт медальді қайтарады

Ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло (сол жақта) мен Светлана Подобедованың олимпиада ойындарына дайындалу үшін жаттығу залына бара жатқан сәті. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.

Қазақстандық ауыр атлеттер Чиншанло, Манеза және Подобедова Лондон олимпиадасы алтындарын қайтаратын болды. Ильинге қатысты шешім әлі шыққан жоқ. Қазақстан олимпиада комитеті «адал спорт» саясатын қолдап, ХОК шешімдерімен келісетінін мәлімдеді.

Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) ресми мәлімдеуінше, қазақстандық ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло (53 килограмм салмақ дәрежесі - ред.), Майя Манеза (63 килограмм) және Светлана Подобедова (75 килограмм) 2012 жылы Лондон олимпиадасында алған алтын медальдарын қайтарып береді. Бұлардан бөлек, 2008 жылы Пекин олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, күміс жүлде алған Таймураз Тигиев (еркін күрес) те медалін қайтаратын болды. ХОК бұл спортшылардың олимпиададағы допинг сынамаларын қайта тексеріп, құрамынан тыйым салынған дәрілер тапқан. ХОК Тәртіптік комиссиясының шешімдері ұйымның ресми сайтында қазанның 27-сі күні жарияланды.

ХОК ресми хабарламасында сынамаларды қайта тексергенде Зүлфия Чиншанлодан - оксандролон мен станозолол, Майя Манеза мен Светлана Подобедовадан станозолол тағы анықталғаны жазылған. ХОК атлеттердің жүлделерін қайтарып алып, алынған медальдар мен дипломдарды кеңсесіне жеткізуді Қазақстан ұлттық олимпиада комитетіне жүктеген.

Ауыр атлеттер Майя Манеза (сол жақта), Зүлфия Чиншанло (Манезаның сол жағында) және Светлана Подобедова Алматы әуежайында кабриолетте отыр. Лондоннан алтын жүлдемен оралған спортшыларды жанкүйерлер құрметпен қарсы алған еді. 8 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасында жеті алтын алған Қазақстан енді соның үшеуінен айырылды. Бұған қоса, Лондонда алтын алған тағы бір ауыр атлет Илья Ильин де допинг қолданды деген күдікке ілінген. ХОК мәлімдеуінше, оның Пекинде және Лондонда тапсырған сынамасынан «станозолол табылған». Ильинге қатысты шешім әлі шыққан жоқ.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті «адал спорт» саясатын қолдап, ХОК шешімдерін орындайтынын мәлімдеді.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осыдан біраз уақыт бұрын допинг дауына ілінген спортшылардың жүлдесі қайтарылатын болған жағдайда мемлекеттен, әкімдіктерден берілген сыйақылардың атлеттердің өздерінде қала беретінін айтқан. Спортшыларға мемлекет олимпиаданың алтын жүлдесін алғаны үшін - 250 мың доллар, күміс медаль үшін 150 мың доллар сыйақы берген еді.

«СЫЙАҚЫНЫ ҚАЙТАРУЫ ТИІС»

Спорт шолушысы Уәлихан Қосанбайдың пікірінше, допинг дауына ілігіп, медальдарын қайтарып беретін болған атлеттер «мемлекеттен алған сыйақыларын да қайтарулары керек».

Пекин олимпиадасында күміс жүлде алған қазақстандық балуан Таймураз Тигиев.

- Халықаралық олимпиада комитетінің шешімін қалай болғанда қабылдау керек. Ал спортшылар мемлекеттен алған сыйақыларын қайтары тиіс. Ол – халықтың ақшасы. Медалін қайтарып беретін Тигиев пен Подобедова - Ресейден, Чиншанло мен Манеза Қытайдан келген. Демек, шетелден спортшы шақыру тәжірибесі толық күйреді. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережесіне сай, медалінен айырылған үш ауыр атлет кем дегенде төрт жылға спорттан шеттетілуі мүмкін. Бұдан бөлек, бұл дау Қазақстанда допингпен күрес жүйесі өте әлсіз екенін көрсетті, - дейді ол.

Ал Спорт журналисі Төлеубек Ниязбек «бұл соққыны тез ұмытып», жас спортшылардың дайындығына көңіл бөлу керек екенін айтқанымен, «спорт саласы шенеуніктерін допинг саясатын дұрыс жүргізуді ұмытып кетті» деп айыптайды.

- Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы ең алдымен ішкі саясатын реттесе дұрыс болар еді. Қазақстан ауыр атлеттері бүгінде үшке бөлініп жаттығады. Бас бапкер Алексей Нидің тобы өздерінше әрекет етеді. Түркиядан келген кеңесші Энвер Түркелеридің ісі бір бөлек. Лондон олимпиадасы қарсаңында «Ильиннің командасы» ашылып, Ильяның маңайына біраз атлет жиналды. Ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мен спорт саласы шенеуніктері нәтижеге жұмыс істеп, допинг саясатын дұрыс жүргізуді ұмытып кетті. Енді допинг дауына ілінген спортшылардың болашағына бас қатырып, алаңдаудың қажеті жоқ. Олар қайта келгенімен жақсы нәтиже көрсете алмайды. Жас спортшыларды қолдап, соларды дайындаған дұрыс, - дейді спорт журналисі.

СПОРТШЫЛАР СОТҚА ШАҒЫМДАНА АЛАДЫ

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметіне қарағанда, медалін қайтаруы тиіс төрт қазақстандық спортшы 21 күн ішінде Спорттағы арбитраждық сотқа (CAS) шағымдана алады.

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Лондон олимпиадасында түскен суреті. 4 тамыз 2012 жыл.

Бірақ Қазақстан спортшыларына қатысты допинг дауы шыққан бірнеше ай бойы Қазақстан ауыр атлетика федерациясы адвокаттар тобын жалдап, спортшылардың жүлдесін қорғауға талаптанған еді, ол әрекеттен нәтиже шықпады.

Федерация Ұлыбритания, Швейцария, АҚШ, Ресей және Қазақстан мамандарын атлеттердің допинг табылған сынамасын қайта тексеруге жіберген. Алайда қазанның 17-сі күні ауыр атлетика федерациясы «қазақстандық ауыр атлеттердің олимпиададағы нәтижесін сақтап қалу өте қиын» екенін мәлімдеді.

Федерация таратқан мәлімдемеде «білікті мамандар қайта талдау барысында ре-анализдерден ешқандай қате таппады. Демек, қазақстандық зілтеміршілердің олимпиадалық нәтижелерін сақтап қалуға мүмкіндік жоқ» деп жазылған.

ХОК биыл маусымда 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадасында спортшылардан алынған сынамаларды «жаңа технологиямен қайта тексеру процесін» бастаған. Осы уақытқа дейін 1200 астам сынама тексеріліп, 98 спортшыдан «допинг табылған».

Қазақстанның көптеген спортшыларының нәтижелері қайта қаралып жатқаны осы шараның әсері. Мәселен, ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасында 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша 5-орын алған қазақстандық Анна Нұрмұхамбетоваға қола медаль берілетін болды. Бұл салмақта қола медаль иеленген белоруссиялық Марина Шкерманкова мен 4-орын алған Дина Сазоновецтың допинг дауына байланысты нәтижелері ХОК шешімімен жойылды.

Пекин олимпиадасында күміс алған Ирина Некрасова мен қола жүлдегер Мария Грабовецкая, Пекин олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Лондонға барған Алмас Өтешовтің де сынамасынан қайта тексергенде оң нәтиже берген еді. Аталған қазақстандық спортшыларға қатысты ХОК шешімі әлі шыққан жоқ.