24 сәуір күні Атырауда шетел азаматтарына «жерді сату мен жалға беруге» қарсы митинг өтті. Түрлі дерек бойынша, рұқсат етілмеген шараға 700-ден 4 мыңға дейін адам қатысқан. Қала және облыс әкімдері жұрт алдына шығып, наразылармен сөйлесті. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев наразы жұрттың талаптарын ел басшылығына жеткізуге уәде еткеннен кейін жергілікті билікке 21 мамырға дейін мұрсат берген жұрт бейбіт тарасты. Өзге қалаларда мұндай белсенділік мүлде байқалған жоқ немесе жалғыз адамдық пикетпен шектелді.
Your browser doesn’t support HTML5
Әлеуметтік желілерде жұрт Атырау тұрғындарының акциясын жаппай қолдап, кей белсенділер оны «демократияға апаратын маңызды қадам» деп атады. Жерді жеке меншікке берудің қарсыластары жер кодексіне тиісті түзету енгізуге қол жеткізе ала ма? Кей сарапшылар, тіпті «жер сатуға» қарсылардың өздері «жиыннан кейін ештеңе өзгермейді» деп санайды.
«ЖҰРТ ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ЖЕР САТУҒА ҚАРСЫ»
Атыраудағы жиынның барысы мен нәтижесі жайлы Азаттыққа комментарий берген Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева тұрғындардың жер мәселесіне қатысты бұл наразылығы билікке деген сансыз шағымдарының түпкілікті қалыптастып болғанын көрсеткен деп біледі.
Атырау облысы билік шешімімен келіспейтін 2000 жылдардың басынан бері көрсетіп келеді.
– Меніңше, мына жер мәселесі шықпағанда, халық арасында наразылық көңіл-күй болғанымен, «үнсіз» болар еді де, жұрттың бәрі тыныш өмір сүре берер еді. Оның үстіне, Атырау облысы билік шешімімен келіспейтін 2000 жылдардың басынан бері көрсетіп келеді, – дейді ол.
Саясаттанушының пікірінше, енді көп нәрсе қалған аймақтардың Атыраудың бастамасын іліп әкету қабілетіне, прокуратура, полиция, сот сияқты заң өкілдері кімнің жағына шығатынына байланысты өрбиді. Толғанай Үмбеталиева «дауды кімнің күші басым болуы шешеді» деп санайды.
Саясаткер әрі экономист Петр Своик те Атыраудағы жиынға билікке деген жалпы наразылық пен Қазақстан жері үшін нақты алаңдаушылық қосылып себеп болғанын айтады. Своик Иманғали Тасмағамбетов премьер болған тұста үкіметті жақтайтын парламенттің өзі мұндай нормаларды қабылдауға қатты қарсы шыққанын еске алып, «қазір мұндай наразылық қоғам деңгейінде байқалып отырғанын» айтады.
Ол кезде де жер қаржы және экономикалық айналымға кіреді, оны кепілге қойып арзан несие алуға болады деген. Одан мүлде ештеңе шыққан жоқ.
– Тасмағамбетовтің үкіметі жерді сатуға негіз ретінде келтірген дәйектердің бірі де расталмағаны қазір байқалып жатыр. Ол кезде де жер қаржы және экономика айналымға кіреді, оны кепілге қойып, арзан несие алуға болады деген. Ал одан мүлде ештеңе шыққан жоқ, – дейді саясаткер.
Петр Своик жұрттың ол түзетулерге қарсылығын биліктің жерді дәл экономикалық дағдарыс тұсында сатуды ұйғарғанына қарсылығымен байланыстырып, мұны «үйдегі қалған-құтқан нәрсені бала сырқаттанып қалғандықтан емес, отағасы ішіп кеткендіктен сатумен» салыстырды.
«ҚИЫН» ЖЕРЛЕР
Азаттықтың «Еркін сөз» бағдарламасына қатысқан тәуелсіз журналист Сергей Дуванов митингке сенбестік танытады.
Ашығын айтқанда, наразылық білдіргендер не талап ететінін өздері де білмейді.
– Қазір жер тақырыбы – ең даулы мәселе. Бірақ жиынға шыққандардың көбінің «жер сату» дегеннің не екенін дұрыстап түсінбейді. Тіпті олар жердің баяғыдан бері сатылып жатқанын да білмейді. Ашығын айтқанда, наразылық білдіргендер не талап ететінін өздері де білмейді, – дейді ол.
Жерді жеке меншікке сатып, шетелдіктерге ұзақ мерзімді жалға беру керек деген ойын ашық айтып жүргендердің бірі – экономикалық шолушы Денис Кривошеев қарсылық білдіргендерді түсінетінін, бірақ олардың бұл әрекетін құптамайтынын айтады.
– Қазақтар үшін жердің қандай қасиетті мәні бары екенін түсінемін. Бірақ жеке меншік жерге дұрыс бақылау жүргізу оны тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Ал Атырауда өткен жиын – жалпы наразылықтың көрінісі. Меніңше, өмірінде жер өңдеп көрмегендер қатты қарсы болады, – дейді Денис Кривошеев.
Экономикалық шолушы «Жер жетпейді, Қазақстан азаматына жерді меншікке алу өте қиын деген әңгімелердің бәрі – бос сөз, бірақ жұрттың бәрі 10 сотық жерді қала аумағынан алғысы келеді, ешкім алысқа барғысы келмейді» дейді.
– Иә, қиын, қолайсыз орындардан жер беретіні рас. Бірақ АҚШ-тағы прериялар да қолайсыз. Сосын бізде қаладан 20 километр аттап шықсаң болды – «қиын» жерлер. Ал кешегі оқиға – түсініктердің ауысып кетуі, бәрі патриотизм ұғымына тіреледі, – дейді ол.
ДИАЛОГҚА ШАҚЫРУ
Белсенділер билікке 21 мамырға дейін мұрсат берді, бірақ бұл мерзімге дейін бірдеңені өзгерту мүмкін бе? Ақтөбелік саясаткер, философия ғылымы докторы Әзімбай Асаров «принциптік тұрғыдан ештеңе өзгермейді» деп санайды.
– Бірдеңе өзгеруге түрткі болатындай әзірше ешқандай негіз байқамадым. Мұндай жиын, жеке бір аймақта ғана өтетін ондай жиын-шерулерді бүкіл тәсілді қолданып, басып тастайды, ал оған ұлттық ауқым беруге қабілетті ешқандай біріктіруші күш жоқ, – дейді Әзімбай Асаров.
Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева Атырау оқиғасынан кейін проблеманы келіссөз арқылы талқылау ең қисынды қадам болар еді деп санайды. Ол жерді жеке меншікке беру туралы референдум өткізуге үзілді-кесілді қарсы.
Референдум оны қалауынша өткізу механизмі де, дауыстарды санау құқығы да бар биліктің кезекті айласы болып шығады.
– Билік мұндай шешімдерді жалғыз қабылдай алмайды. Мұнда диалог орнату қажет: бізде жергілікті деңгейдегі депутаттар, партиялар, азаматтық қоғам, азаматтық белсенділер, заңгерлер, бизнес-құрылымдары бар емес пе, яғни келіссөз жүргізуге болатын субъектілер жетеді. Ал референдум оны қалауынша өткізу механизмі де, дауыстарды санау құқығы да бар биліктің кезекті айласы болып шығады. Олар өздері қалағандай нәтиже шығарып алады. Сондықтан ешқандай референдум керек емес, – дейді Толғанай Үмбеталиева.
Ақтөбе қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Андрей Кудеев Қазақстанда жеке меншік құқығы жалпы құқық ажырамас бөлігі болуы тиіс деп санайды. Бірақ жерді дұрыс пайдаланбайтын меншік иелерін жерден табиғи жолмен ығыстыратын шаралар да болуы тиіс.
– Қазір бізде дені дұрыс жер нарығы жоқ. Мысалы, Ақтөбеде қаланың орталығынан бірер жүз метр шетке шықсаңыз, құла түз басталады. Бірақ бос жер жоқ, бәрі 10-20 жылдан бері біреулердің атына жазылып қойған. Меніңше, салық сияқты мотиватор болуы тиіс. Жерді әуелгі мақсатына сай пайдаланбасаң, салық төлеуге тиіссің. Ары қарай да пайдаланбасаң, салық көлемін ұлғайту қажет. Мұндай шарадан кейін бізде бос қалған учаскелер көбейіп, жерді игеретін жұрт пайдаланатын болады, – дейді ол.
Саяси шолушы Днис Кривошеев «мәселе жердің кімге бұйыратынында емес, оны қалай пайдаланатынында» дейді. Оны Қазақстанда жерді қалай пайдаланып жатқаны қынжылтады.
– Қазақстанның жерін қалай ластап тастағанын көріңіз. Қаншама қоқыс шашылып жатыр! Қарап тұрсаң, әлгі жерлердің иелері бар, құндылық болып саналатын жерлердің өзінде жағдай осындай. Мүмкін, «Иелігіміздегі дүниенің бәрін неліктен үйіндіге айналдырамыз?» деп әуелі өзімізге сұрақ қою керек шығар? – дейді ол.
Азаттық сұхбаттасқан сарапшылардың бәрі дерлік «мұндай мәселелерді билік жалғыз шешпеуі тиіс, проблеманы мүдделі тараптардың бәрінің қатысуымен мұқият талқылау керек» деген пікірді қостайды. Ал билік Атыраудағы жиынға қатысты реакция танытып үлгерді: ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, тұрғындардың рұқсат етілмеген жиын өткізу фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.