Қазақ мәдениетінің қызғыш құсы

Белгілі абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың (1916-2004) Абай ауданының құрметті азаматы атанған кезі.

Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдық мерейтойы ұрпағының ісі боп қалмауға тиіс, бұған біз бүкіл ел боп жұмылуымыз керек.

Абайтануымыздың ардагері, ірі ғалым-текстолог, Семейде Абайдың музейін ашқан, кеңестік кезеңде бас ақынымыздың 100 жылдық мерейтойын ұйымдастырған, Абай мектебін ұмытылу тұңғиығынан алып шыққан, тынбай ізденісте жүріп Абайдың өлең қорына бұрын белгісіз болған 31 өлеңін қосқан Қайым Мұхамедханов (1916-2004) ағамыздың туғанына 2016 жылғы қаңтардың 5-інде 100 жыл болады.

Меніңше, бұл мерейтой атаусыз қалмауға тиіс. Ойлап қарасаңыздар, нағыз қайраткердің екі түрі болады. Бірі, қандай болса да, тек сый-сияпатқа оранған, әрқашанда заман биігінде көрінетін, алдыңғы қатарда жүретін, мысалы, Олжас Сүлейменов сияқты заман еркесі болады, ал екіншісі, бір өзі тіпті институт емес, тұтас Академияның жұмысын жасаса да, дұрыс еленбейтін, ылғи да тасада жүретін, бірақ соған қарамастан жан-жағына ықпалы, қамқоры зор, әрбір қадамы тек жемістен тұратын сегіз қырлы бір сырлы тұлға болады. Ол жүрген жерінде ғажап микроклимат жасап, қалаған саласын тек өндіру, өсіру, мейлінше дамытумен болады. Осындай азаматтардың бірінші қатарында мен жарты ғұмырын түрмеде өткізе жаздаған, ешбір астанаға сыймай, тек туған Семей өңірінде қанат жайған Қайым Мұхамедхановты атар едім. Өйткені ол кісі тек қана тұлға емес, дәстүр сақтаушы, Абай, Алаш қайраткерлерінен тәрбие, дәріс алып, кеңес заманының түрме-лагерлерінен өтсе де, мойымай, отаршыл билікке бас имей, еліміздің тәуелсіздігіне дейін жеткен қазақ зердеуи дәстүрінің нақ өзі.Расында да, Алаш дәуірі кеңес дәуірінен бөлек, ол қазақ еркіндігінің соңғы дәуірі, кеңес дәуірі қазіргі нарық заманынан мүлде бөлек, ол идеология дәуірі, қазіргі тәуелсіздігіміз аяққа жаңа тұрып келе жатқан мемлекеттің жемісі, міне, Қайым ағамыз ғажап ағартушы-ғалым бола тұра, осы кезеңдердің бәріне қазақтың ұлттық құндылықтары биігінен қараған.

Қайымның әкесі, Мұхамедхан Сейітқұлов, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі, білімді және дәулетті, текті адам, жас Мұхтар Әуезовке және көптеген өзге зиялыларға қамқорлық жасаған мәдениет меценаты 1937 жылдың 2 желтоқсанында атылып кеткен.

Осыған байланысты, Мұхтар Әуезовтің өз кезегінде жас ғалым Қайым Мұхамедхановқа ұстаз болуы заңды еді. Сөйтіп, 1951 жылы ұстазымен бірге абайтанудың ғылыми негізін қалыптастыра бастаған Қайым «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл тақырыпқа қарсы сол кездегі бүкіл Ғылым Академиясы өре түрегеледі. Әуезов шәкіртін қанша қорғағанмен, іс насырға шауып, ақыры сотпен тынады. 1952 жылы ҚазССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы жас ғалымды әйгілі 58-баптың 1-тарауына келтіріп, 25 жылға соттап жібереді. Абыройына қарай, фашистік Германияны жеңу құрметіне СССР-де өлім жазасына тыйым салынып, ол жазаның ең шеткі өлшемінен аман қалады. 1954 жылдың желтоқсанында өкім қайта қаралып, ғалым ақталады. Сонда да ол түрмеден тек 1955 жылы шығады. «Алаш ардагерлері де қырылды ғой, оларға қарағанда мен кіммін» деп ойлайтын ол, шыдамы таусыла бастағанда. Ол НКВД түрмелерінде адамды азаптау мен қорлаудың барлық шеңберлерінен өтіп, Карлагтың көптеген абақтыларында болған. Билік одан ұстазы Мұхтар Әуезовті қаралап беруін талап еткен, бірақ Қайым ұстазын сатпады, өзінің Абай ақындық мектебі жөніндегі идеясынан бас тартпады.

Қайым Мұхамедханов (оң жақта), Ғали Орманов (ортада) және Мұхтар Әуезов (сол жақта). Қасқабұлақ, 1957 жыл

Бұрын ол рухани азаптаудың неше түрінен өткен-ді. Мысалы, 1945 жылы ол ҚазССР әнұранының мәтінін жазады. Билік жас автордың мәтінін қабылдайды, бірақ екі қазақтың классигін оған соавтор ғып қосып жібереді. Бұл да адуынды жас ақынға оңай соққы болмайды. Ол арызданады, ешкім бұдан келісім сұрамағанын айтады, бірақ жау көбейткеннен басқа еш нәтиже шығара алмайды. Ақыры бұл туралы кеңес билігі астыртын шешім қабылдағандай болады: Мұқамедхановтың ақыл-парасатын пайдалану керек, бірақ өзін өсірудің еш қажеті жоқ. Тек еліміз тәуелсіздікке жеткенде ғана, Абайдың 150 жылдығына байланысты Қайым өз текстологиясымен ақынның екі томдығын шығарып, оған түсініктемелер берген. «Абай» энциклопедиясы да тікелей Мұхамедханов редакциясымен және көптеген мақалаларымен шыққан.

Ал егер Қайым ағаның Абай текстологиясына қосқан үлесі туралы айтсақ, ол арнайы ілім жасаған десек қателеспейміз. Бұл тұрғыда, ең ғажабы, Абай өлеңдерінің авторлық қолжазбасы сақталмаған, сондықтан кейінгі кеңес дәуірінде Абайдың өлеңдері оның 1909 жылы Петерборда шыққан бірінші басылымы және Мүрсейіт қолжазбасы арқылы жарияланған. Бұл мәселеге Қайым араласқанда, ол Мүрсейіт қолжазбасынан да, Петербор басылымынан да біраз қате тауып, тірі қалған Абай замандастарын іздеумен айналысады. Бірақ одан да бұрын ол Абай поэзиясының басқаларға түк ұқсамайтын өзіндік эстетикасы мен поэтикасын түсінуге тырысады. Міне, соның нәтижесінде ол Абай замандастары - Оразке Уақбаевтың, Рақым Жандыбаевтың, Садуақас Шормановтың қолжазбаларын іске қосып, Абай текстологиясының ауқымын кеңейтеді. Әрине, кеңес дәуірінде Абай мәтінінің дұрыс шығуына сол кездегі идеология да кедергі болды, бірақ кейде сол кездегі баспагерлердің қарадүрсін ақымақтығынан да біраз қате кеткен. Мысалы, Абайдың 1954 жылғы басылымында «Білектей арқасында өрген бұрым» деген өлеңнің екінші шумағының бірінші жолы:

Аласыз қара көзі айнадайын

деп басылған. Сол сияқты «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің екінші жолы да:

Аласыз қара көзі нұр жайнайды

деп берілген. Қарап тұрсаңыз, баспагерлер қыз көзін аласынан айырып, тұтас қап-қара ғып жіберген. Зерттеуші мұндай пайымды аяусыз әжуалап, ақырын ғана қисынға келтіреді:

Аласы аз қара көзі айнадайын

.........................................................

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды

Қайым Мұхамедханов (сол жақта) Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызымен әңгімелесіп отыр.

Бұл материалдың көбісін мен Қайым ағаның қызы «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры, профессор Дина Мұхамедхан ханымнан алғанмын. Ол кісі соңғы жылдары әкесінің атын өшірмеуге, керісінше, өмірден көрген бүкіл азабы есесіне, оған мемлекет деңгейінде үлкен құрмет көрсетілуіне зор үлес қосып, біраз дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастырып, біраз қызмет істеп, ресми орындарға тиісті ұсыныс жасап жүр. Соның бірі, келе жатқан 100 жылдық мерейтойына байланысты еліміздің Алматы, Астана, Семей, Атырау сияқты ірі қалаларында Қайым Мұхамедханов құрметіне көше атау, ірі оқу, мәдениет орындарына оның атағын беру, жоғарғы оқу орындарына қайымтану дәрістерін енгізу, әйтеуір осынша ірі рухани құбылысымыздың елеусіз, атаусыз қалмауына ықпал жасау. Өз тарапымнан айтарым: бұл тек Қайым аға ұрпағының ісі боп қалмауға тиіс, бұған біз бүкіл ел боп жұмылуымыз керек. Сонда ғана біз ұлт боп, өркениеттің биік үрдісіндегі қоғам боп біріге аламыз.

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.