Бостондағы 2013 жылғы жарылыстың басты күдіктісі Джохар Царнаевтың қылмысына байланысты айыпталған қазақстандық азамат Азамат Тәжаяқов 3 жыл 6 айға сотталды.
"Бостондықтардан істеген ісіме кешірім сұраймын. Өткенді өзгертуге шамам жетпесін білемін, бірақ ол ісіме өкінемін. Джохардың жасағаны жаныма батады. Мен экстремизмді қолдамаймын" деді Азамат Тәжаяқов соттағы соңғы сөзінде.
ДИАС ҚАДЫРБАЕВ АЛТЫ ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАН
Ал америкалық Boston Globe басылымы Диас Қадырбаевты жеті жылға соттауды жарылыстан кейін атыста қаза тапқан полицей Син Кольердің әкесі Джозеф Роджерс сұрағанын айтады. Boston Globe мәліметінше, Роджерс сотқа жолдаған хатында "Егер Қадырбаев күдікті террорист жайлы айтудан бұғып қалмай, полицияға хабарлағанда Син Кольердің өлімі, тағы бір полицей Ричард Донохьюдің де қазасы болмайтын ба еді. Ол барлығын жасырып қалды" деп жазған.
2 маусым күні үкімі оқылған Диас Қадырбаев "өз әрекеті үшін ұялатынын" айтқан.
2013 жылы 15 сәуірде болған жарылысқа байланысты күдікке ілінгендердің енді бірі - Джохар Царнаевтың досы Робел Филлипос. Сот болжамынша, 21 жастағы Филлипос теракт жасалған күні достарымен бірге Джохар Царнаевтың айғағы бар рюкзагын бөлмесінен алып шығып, қоқысқа тастаған. Әр айып бойынша сегіз жылға дейін түрме жазасы берілуі ықтимал Филлипос 2013 жылы мамырда 100 мың доллар кепіл ақшаға үйқамақта шығарылған.
ДЖОХАР ЦАРНАЕВ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН
"Бостон марафоны кезінде жарылыстарды ұйымдастырды" деп айыпталған басты күдікті Джохар Царнаев биыл 16 мамырда өлім жазасына кесілді. "Америка дауысының" хабарлауынша, айыптаушылар 21 жастағы Джохарды "сезімсіз, тәубеге келмейтін фанат, өлім жазасына лайық" деп сипаттаған. Ал адвокаттар оны "экстремист ағасының ықпалына түскен жеткіншек" ретінде суреттеп, соттан өлім жазасын тағайындаудан бас тартып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Солтүстік Кавказ аймағының тумасы, бала күнінде бірнеше жыл Қырғызстанда өмір сүрген Джохар Царнаев - АҚШ азаматы.
2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткесін полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан (26 жаста болған) мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскен еді. Бостон полициясының мәліметі бойынша, Тамерлан сол жылы сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен.