Видеобайқаудың жеңімпаздары марапатталды

Азаттықтың видео-байқауының жеңімпаздары Серік Нәжімов (сол жақта) және Асан Қуанышкереев. Алматы, 29 мамыр 2013 жыл.

Азаттық радиосының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Азаматтық журналистика» айдарымен әуесқой видео сюжеттерге байқау жариялаған еді. Бүгін байқаудың нәтижесі шықты.
Байқауға жіберетін видеоларға «азаматтық белсенділікті арттыруға себі тиетін, Қазақстанның қазіргі өмірінде қоғамдық мәні бар, өзіңіз байқаған және сізді алаңдататын мәселе немесе оқиға жайлы болуы керек» деген шарт қойылған.

Шартқа сай келген 19 видео Азаттық сайтында жарияланып, «Азаттықтың видео-байқауы» атты бетке жинақталды.

Жеңімпаздарды анықтау 2 сатыдан тұрды. Әуелі қазылар алқасы 5 видеоны таңдады. Оларды арнайы беттен көруге болады.

Қазылар алқасының мүшесі болған «Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяров:

- Үздік видеоларды таңдаудағы бірінші өлшемім - видеоның көрерменге қызық болуы. Екінші - видео ішіндегі мәлімет көрген адамның азаматтық позициясын, белсенділігін, рухын көтеретін болуы керек деп ойладым, - дейді.

Видео-байқаудың қазылары

Қазылар алқасы

  • Лұқпан Ахмедьяров - «Уральская неделя» газетінің тілшісі.
  • Ержан Сүлейменов - «Судебный репортаж» сайтының продюсері.
  • Игорь Братцев - MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры.
  • Қайнар Олжай - «Қазақстан» телеарнасы дирекциясының директоры.

Ал қазылардың бірі, «Қазақстан» телеарнасы дирекциясының директоры Қайнар Олжай:

- Үш өлшемді басшылыққа алдым: ұлттық рух, экологиялық сауаттылық, халықтың мұң-мұқтажы. Осы талаптарға сай келетіндерін үздік бестікке қостық, - дейді.

Қазылар алқасы таңдаған осы үздік видеолардың ішінен жеңімпаздар Азаттық оқырмандарының дауыс беруі арқылы анықталды. Дауыс беру 2013 жылдың мамырдың 27-сінде аяқталды.

ҮЗДІК ВИДЕОЛАР

Бірінші орынды Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Серік Нәжімов жіберген «Батырлар баптау» видеосы алды. Онда Қайназар ауылының тұрғыны Бауыржан Әбдірайымұлының садақ жасайтын өнері көрсетілген. Шебер: "Балалардың бойында ер-азаматтық қасиеттер жоғалып кетпес үшін жасаймын" - дейді. Мергендік мектебі жамбы дәлдейтін садақ ату дәстүрін жаңғыртпақ.

Бұл видеоның авторына Азаттықтың арнайы қосымшасы орнатылған iPhone смартфоны тапсырылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Батырлар баптау


Екінші орынды Алматы облысынан түскен «Қаптамадағы пішендеме» атты видео жеңіп алды. Видеода 2012 жылы шілде айында Алматы облысында жастар ойлап тапқан жоңышқаны қаптамаға орау технологиясы көрсетілген. Автор «Қаптамаға ауа кірмейді, шөп жыл бойы жасыл күйінде сақталады. Осы технологияны Қазақстандағы шаруа қожалықтарына енгізудің маңызы зор» дейді. Бірақ видео авторының аты-жөні белгісіз, Азаттыққа abdyrakhim@gmail.com электронды почтасынан жіберілген. Почта иесінің хабарласуын сұраймыз.

Екінші орынның бәйгесі – Nikon фотоаппараты.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаптамадағы пішендеме


Үшінші орынды 2012 жылдың аяғында Атырау облысында түсірілген «Қызылқоға ауданындағы қарлы дау» видеосы иеленді. Онда осы облыстың Қызылқоға ауданындағы жұмыс көліктері қардан өте алмай жатыр. Видеоны жіберген Асан Қуанышкереев «Қазақстанда жол тазалау қызметі нашар. Соны қолға алу керек. Әйтпесе адамдар қардың астында қалып қойып жатыр» деп жазған.

Бұл видеоны жіберген атыраулық студент Асан Қуанышкереевке үшінші орынның сыйлығы – eBookReader кітап оқығыш құралы тапсырылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қызылқоға ауданындағы қарлы дау


Видеосы Азаттықтың YouTube парағында ең көп көрілген оқырманға да жүлде тағайындалған еді.

Бұл арнайы жүлдені журналист Берік Жағыпаровтың «МАИ бастығы» атты видеосы алды. Алайда оған тиісті сыйлығы - Canon фотоаппаратын тапсыру әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтық белсенді Берік Жағыпаровты "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптап, мамырдың 24-і күні 15 тәулікке қамаған еді. Оның сыйлығы абақтыдан босағаннан кейін тапсырылады.

Your browser doesn’t support HTML5

МАИ бастығы


ҚАЗЫЛАРДЫҢ КЕҢЕСІ

Қазылар алқасының мүшесі болған Лұқпан Ахмедьяров видео-байқауға қазылық еткендегі тәжірибесінен шыға отырып, оқырмандарға мынадай кеңестер айтады:

- Садақ істейтін жігіттің ролигі сапалы екен. Соған қарап басқаларға түсіріп жатқанда жақын баруға қорықпаңыз, ірі қылып түсіріңіз деген кеңес беремін. Ірі пландар жақсы көрінеді. Сіз кәсіби оператор емессіз, сондықтан картинка шайқалып, даусы дұрыс болмай қала ма деп қорықпаңыз. Сіз өмірден түсіресіз, ең бастысы– маңызды ақпаратты жеткізу.

Азаттықтың мобильдік қосымшалары

Азаттықтың мобильдік қосымшалары

Азаттық вебсайтының iPhone немесе Android нұсқалы қосымшасын ұялы телефоныңызға тегін жүктеуге болады.

Бұл қосымшалардың артықшылығы - мобильдік телефоныңыздан Азаттық сайтын оқисыз, түсірген видеоңызды сайтқа телефоныңыздан тікелей жолдай аласыз.

Қосымшаны мобильдік телефоныңызға қалай жүктеуге және оның көмегімен Азаттыққа сурет пен видеоны қалай жолдауға болатынын мына жерден көріңіз.
Қайнар Олжайдың кеңестері мынадай:

- Сандық форматтағы камералармен түсірсе, сапа жақсы болады. Телефонмен кездейсоқ жағдайда ғана түсірген дұрыс. Алдын ала ойланып, жүйелеп алған жөн. Сонда түсінікті, әдемі болады. Аяқ асты тап болған жағдайдың өзін әр қырынан түсіріп, монтаждап жіберу керек. Бізде тақырып көп, проблема көп. Бір күннің өзінде пәленбай қызық немесе тосын жайтқа ұшырасасың. Соларға дайын жүру керек.

Жеңімпаз атанған алматылық Серік Нәжімов видеоқұрылғылар дүкенінде сатушы болып жұмыс істейтінін айтты. Фото және видео түсіріліммен айналысу - біраз уақыттан бергі хоббиі. Оның сөзінше, Азаттықтың видеобайқауында жарияланған сюжетіндегі садақ жасайтын шеберге сол видеоны көрген бірнеше продюсер хабарласқан, садақ сатып алғысы келетіндер де пайда болған.

Азаттықтың 2012 жылы өткізген «Бүгінгі жастың бейнесі» фото-байқауына қатысып, Nikon фотоаппаратын ұтып алған атыраулық студент Асан Қуанышкереев осы жолғы видео-байқаудың да жүлдегері атанды. Ол өзінің екі рет жүлде алған тәжірибесіне орай, оқырмандарды үнемі белсенді болуға шақырды.