40 жастағы Бағлан Майлыбаевтың өмірбаянында оның жастығына қарамастан түрлі лауазымды қызметтерге тағайындалып, талай асуға шыққан жетістіктері жетерлік. Ол 23 жасында саяси ғылым кандидаты, 27 жасында - заң ғылымы докторы атанған. Осы жасында елде орыс тілінде шығатын бас басылым - "Казахстанская правда" газетін басқарып, көп жылдық тарихы бар басылымның алғашқы қазақ басшысына айналған. 29 жасында Қазақстан президенті баспасөз қызметінің жетекшілігіне тағайындалып, өзіне дейін осы қызметті атқарғандардың ішіндегі ең жасы болды. 33 жасында мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ақпарат және мұрағаттар комитетінің төрағасы, ал екі айдан кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалған.
Майлыбаевтың қызмет мансабы тез өрлеп, саяси сахнаның шыңы – Ақордаға жетті. Кей қызметте 1-1,5 жыл, ал кейде тіпті алты ай ғана "бөгелген" кездері болды, кейінгі жылдары бұл құбылыс өмірбаянында жыл сайын жаңа қызметі көрсетілген жоғары лауазымды жас мемлекеттік қызметшілерге тән сипат алған еді. Майлыбаев тек соңғы – президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінде ғана бес жарым жыл "кідіріп қалды".
ӘКЕСІ ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ
Жамбыл облысында орта мектепті бітіргеннен кейін Бағлан Майлыбаев Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен.
Әкесі Асаубай Майлыбаев биылғы қаңтардың 13-і күні Жамбыл облыстық "Знамя труда" газетінде жарияланған "Народный депутат" ("Халық депутаты") деген мақалада: "Ашығын айтайын, балаларыма мамандықты өзім таңдадым. Әке болғандықтан, олардың қызығатын саласы қандай екенін, неге ұмтылатынын байқаймын ғой. Мұның айқын мысалы - үлкен ұлым Бағлан. Ол 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезінде журналистикамен әуестене бастады. Ол кезде біз Жуалыда тұрғанбыз. Аудандық газетке материалдар жазып жүріп, штаттан тыс тілшісіне айналды. Оның болашағы журналистикада екені байқалды. Әлбетте, мұны қолдап, журналистика факультетіне баруға кеңес бердім" деп еске алған.
Мақала Бағланның әкесі, Жамбыл облыстық мәслихатының төрт шақырылымының депутаты, аймақтың белгілі кәсіпкері Асаубай Майлыбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған. Әкесінің туған күні - газеттің әлгі саны шыққан 2017 жылғы қаңтардың 13-і күні Астанада оның ұлының қызмет манбасы кенеттен үзіліп қалды. Әке мақтанышы лауазымды қызметінен босатылып, қылмыстық кодекстің 185-бабында ("Мемлекеттік құпияны заңсыз жинау, тарату және жария ету") қарастырылған қылмыс жасаған деген күдікпен тұтқындалды.
Айтпақшы, Асаубай Майлыбаев "Ұлт. Ұрпақ. Ұлағат" деген естеліктер кітабында "Иә, кемшіліктер жайлы айту керек. Назарға ілінбей қалған әрі құпия жасалған жағымсыз әрекеттерді ашу керек" деп жазған еді.
Асаубай Майлыбаевтың бес баласы бар. Бағланның бір інісі Ерхан Майлыбаев Жамбыл облысында транспорт прокуроры қызметінде. Тағы бір інісі Ержан - дипломат, Қазақстан сыртқы істер министрлігі құрылымында жұмыс істейді. Қарындасы Бағдат – Тараз қалалық мәслихаты депутаты, мейрамхана ұстайды.
МАЙЛЫБАЕВТЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ БОЛҒАН БА?
Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң Бағлан Майлыбаев Ресей федерациясы президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясына аспирантураға түсіп, оны бітіргеннен кейін Қазақстан ғылым академиясының мемлекет және құқық институтында еңбек жолын бастаған.
Одан кейін оның кқызмет мансабының күрт өрлеуін қазір президенттік "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары, ал 1990 жылдардың ортасында ірі баспаның құрылтайшысы ғана болған Мұхтар Құл-Мұхаммедпен байланыстырады. 2001 жылы Құл-Мұхаммед мәдениет министрі болып тағайындалған. Майлыбаевтың саяси Олимпті бағындыруы да осы министрліктен басталады. Құл-Мұхаммед те президенттің баспасөз хатшысы және Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. Кейін Майлыбаев та оның ізін қуып, даңғыл жолымен жүрді. Әкімшілік орталардағы кей бақылаушылар "Бағлан екеуінің туыстығы бар, Құл-Мұхаммед оның нағашысы" деп мәлімдейді. Дәл сол себепті оны жетелеп, қызметте өрлеуіне көмектескен деп топшылайды. Ал сарай интригаларынан жақсы хабардар өзгелер "екеуінің ортасында туыстық байланыс жоқ, бұл жерде Бағланның әкесінің әлеуметтік капиталы рөл атқарған тәрізді" дейді.
Бағлан Майлыбаев Олимптен тым төменге құлады, бұл оның қызмет мансабы күрт өрлеген жылдары көбейтіп алған қарсыластары мен дұшпандарының мысқылына, тіпті табалауына ұласты. Іле-шала Facebook әлеуметтік желісінде Бағлан Майлыбаевты айыптаған постар шығып, кей сайттарда оған қарсы қара пиар жанрында жазылған мақалалар да жарияланды.
Айтпақшы, Бағлан Майлыбаев пен оның ісі бойынша ұсталған "Нұр Отан" партиясының функционер мүшелерінің қамалуына қатысты Құл-Мұхаммед ашық пікір білдірген жоқ. Оларды президенттік партиядан шығара ма? Айыпталған партия мүшелеріне қатысты қандай шаралар қолданылуы мүмкін? Оларды "Нұр Отаннан" сырттай шығара ма, әлде партия бұл мәселені қарауды сот шешіміне дейін қоя тұра ма? Бұл сұрақтарға Құл-Мұхаммедтің баспасөз хатшысы Александр Аксютц былай деп жауап берді:
- "Нұр Отан" партиясы Қазақстан Республикасы заңын бұзды деген күдікке ілінген немесе айыпталған мүшелеріне қатысты кінәсіздік презумпциясы принципін ұстанады. Жасаған қылмысы үшін партиядан соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін шығару жарғымызда қарастырылған, - дейді ол.
Құл-Мұхаммедтің баспасөз хатшысы Азаттықтың "Бағлан Майлыбаев пен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің туыстық жақындығы бар ма?" деген сұрағына қатысты комментарий бермеді. Бұған қоса, "Майлыбаевтың қызметте өрлеуіне Құл-Мұхаммед көмектесті ме және Майлыбаев неліктен Құл-Мұхаммед жұмыс істеп кеткен мекеме, құрылымдарда қызметтер атқарды? Бұл кездейсоқтық па, жоқ әлде заңдылық па?" деген сұрақтарға да жауап болмады.
"БРЕЖНЕВ ДӘУІРІНІҢ СОҢҒЫ КЕЗЕҢІ"
Президенттің баспасөз хатшысы кезінде Бағлан Майлыбаев журналистерге ашық болған жоқ. Ол БАҚ-қа сирек сұхбат беретін, әлеуметтік желілерде аккаунттары болған жоқ, бұған қоса, баспасөзге оның жеке өмірі де белгісіз еді. Ол үйленген, екі баласы бар деген дерек бар. Майлыбаев бейресми ортада БАҚ өкілдерімен мүлде кездеспейтін, мұндай жария жиындар өткізген емес.
Баспасөздегі сирек мәлімдемелерінде Бағлан Майлыбаев қазақстандық журналистердің жұмыс стилін өзгертуді ұсынып, мемлекеттік БАҚ-тарды "заман көшінен қалып қойғаны" үшін сынаған.
2007-2014 жылдары КТК телеарнасын басқарған Арман Шураевтың пікірінше, Майлыбаевтың тұсында елде "керісінше, президентке де, мемлекетке де жақсы қызмет ете алатын кәсіби журналистика жойылды". Шураев Азаттыққа ел президенті жанында жүрген адамның "мемлекеттік құпияны жария етті" деген айыптауға іліккенін естігенде жағасын ұстағанын айтады.
- Астананы Нұрсұлтан қаласы деп атау идеясының, түсініксіз әрі ешкімге қажеті жоқ "патриоттық актілердің" қайдан шыққаны енді айқын болып келеді. Мұның бәрі Брежнев билігінің соңғы кезеңін еске түсіреді. Парламентіміз не нәрсеге айналып кетті? Мысалы, тіркеу туралы заң, жер кодексіне енгізуге ұсынылған түзетулер тәрізді есуас заңдар шығып жатқан парламентке айналды. Наразы реакция тудыратын емес, халыққа қажет шешімдер қабылдау үшін ол жаққа лайықты адамдар сайлануы тиіс. Біз, яғни журналистер ол жақта Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов, [Тоқтар] Әубәкіров, [Амангелді] Айталы сияқты депутаттар болған кезде парламентке қуана-қуана баратынбыз, - дейді ол.
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, президенттің баспасөз хатшысы, ал кейін елдің ішкі саясатына жетекшілік етіп, президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған кезде Бағлан Майлыбаев жеке ой-пікірлерінің немесе өресіздігінің кесірінен көптеген стратегиялық қателік жіберген.
- Майлыбаевтың идеологиялық майдандағы жұмысында айқын байқалған сәтсіздіктер көп болды. Оның басшылығы тұсында отандық медиа-алаң бүтіндей Ресей ықпалына түсті, біздің телеарна, газеттердің рейтингі түкке тұрғысыз деңгейге дейін құлдырап кетті. Президентті шектен тыс дәріптеуден өзге көзге көрінер жұмысы байқалмады, бұл президенттің беделіне орасан зор нұқсан келтірді әрі қоғамның наразылығын туғызды. Қоғам ғана емес, астана атауына қатысты президенттің өзі де жақтырмаған идеяны да Майлыбаевтың ұсынғанына күмәнім жоқ, - дейді Талғат Қалиев.
Ол Астананы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атау жайлы сәтсіз аяқталған кезекті бастама жайлы айтып отыр. Өткен жылдың аяғында парламенттің кей депутаттары көтерген әлгі идея әлеуметтік желілерде наразы пікірлерге ұласқан, ал жергілікті кей бақылаушылар идеяның сәтсіздікке ұшырауын бұл "майданды" тұтастай құлдыратқан "бас идеолог" Бағлан Майлыбаевтан көрген.
Бірақ бұл пікірді қостамайтындар да бар. Ресейлік сарапшы, Мәскеу мемлекеттік университетінің постсоветтік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптама орталығының бас директоры Сергей Рекеданың жазуынша, Майлыбаев "қоғамдық сектордың, медиа-ортаның, сараптама топтарының алуан түрлі өкілдерімен әбден ойластырылған жұмысқа негізделген өзіндік басқару стилін қалыптастыра алды".
Әуелі қаңтардың 13-і, яғни Майлыбаев тұтқындалған күні шыққан, ал кейін кей сайттар қайталап жариялаған "Қазақстан-2017: идеология тағы да назарда" деген мақаласында Сергей Рекеда оның алдында жұмыс істеп кеткендерден Майлыбаевтың өзгешелігі сол, ол "қазіргі Қазақстан қоғамының идеологиялық тұғырын қазақ халқының даңқты тарихы ғана емес, елдің болашаққа ұстаған бағыт-бағдарын анықтау арқылы да табуға ұмтылды" деп жазған.
Сергей Рекеданың жазуынша, бұл жағынан алғанда, "Мәңгілік ел" стратегиясын құрып, "Біз, қазақстандықтар – біртұтас халықпыз! Бәрімізге ортақ тағдыр – Мәңгілік еліміз, біздің абыройлы әрі ұлы Қазақстан" деген патриоттық актінің қабылдануы идеологиялық блок тарапынан маңызды қадам болды".
Оның сөзінше, "Баршаға ортақ еңбек қоғамы" тұжырымдамасы аясында идеялық конструкцияларды топтастыруды қалыптастыруға, Қазақстанның халықаралық бастамаларын ұсынып, еуразиялық интеграция аясында ел мүдделерін қорғауға Бағлан Майлыбаев күш-жігерін салған. Ресейлік саясаттанушының жазуынша, оның саяси технологиялық тәжірибесі де мол -Майлыбаевтың тұсында бірнеше сайлау кампаниясы барынша сәтті өткен.
Бірақ Рекеда "көптеген себептерге байланысты кей бағдарламалар мен ұсыныстар қоғамдық үлкен пікірталасқа арқау бола алмады және толық іске аспады" деп жазады. Ол Майлыбаевтың тәжірибесі мен күш-қуаты "сан қилы салаларда қажет болуы мүмкін" дейді. "Әкімшіліктің идеологиялық блогында кейінгі жылдары жиналған бұл тәжірибе осы жолды жалғастыратын басқарушылардың үлкен тірегіне айнала алады" дейді ресейлік саясаттанушы Сергей Рекеда.
Қазір Бағлан Майлыбаев Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы тергеу абақтысында отыр. Ол "мемлекеттік құпияны заңсыз жинаған, таратқан және жария еткен" деп айыпталады. Майлыбаевтың ісі - "құпия" белгісі бар іс. Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Николай Галихин де осындай айыппен Бағлан Майлыбаевпен бірге ұсталып, қамауға алынған.