Әлемдегі миллиондаған адам жыл басы, көктемгі күн мен түннің теңелуі ретінде танылған Наурыз мерекесін тойлауға кірісіп кетті. Бұл мейрамды 2010 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы да халықаралық мереке деп белгіледі.
Наурыз – исламнан бұрын пайда болған мереке, оның тамыры тіпті ежелгі парсы елінің зороастризм дінінен бұрынғы уақытта жатыр делінеді.
Наурыз немесе Новруз парсы тілінен аударғанда «ноу» - жаңа, «руз» - күн деген мағынаны білдіреді. Бұл мерекені табиғаттың жандануымен және жаңа жылдың басталуымен байланыстырады.
Наурыз мейрамы негізінен халқының басым бөлігі мұсылман деп есептелетін аймақтарда, яғни Орталық Азия, Таяу Шығыс, Кавказда, сонымен қатар тіпті Еуропаның оңтүстік-шығысында аталып өтеді.
Бұл аймақтардағы халықтар Наурызды өз дәстүрлеріне сай қарсы алады. Бұл мейрамда ұлттық тағамдарын пісіріп, ән айтып, билеп, әртүрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Кей елдердің әдет-ғұрпы мен салт-жорасында зороастризм дәстүрі бойынша өмірдің төрт элементін – су, от, жер және желді қамтитын белгілер кездеседі.
Мәселен, көптеген ежелгі дәстүрлер сақталған Әзербайжанда Наурыз мейрамында бишілер отқа сыйынады. Олар жанып тұрған оттың үстінен секіріп, «барлық уайымдарым мен қиындықтарым осы отта жойылсын» деп айқайлайды.
Ауғанстанда оттың жанында билеу салт-жорасына «исламға қайшы» деп тыйым салынған.
Бұл елде «Мулла Мохаммад Жан, Мазарға кеттік» деп аталатын өлең Наурызда айтылатын танымал әнге айналыпты. Ауғандардың бұл дәстүрлі әні Наурызды исламдандыруды көрсетеді екен. Әнде екі ғашықтың тағдыры мен олардың көктемдегі жаңа өмірге деген үміті туралы айтылады.
Ауған халқы Наурызды Мазар-и-Шариф қаласында тойлап, мұсылмандар құрметтейтін діни тұлға Хазірет Әлидің халифат басшысы болғанын еске алады. Ауғанстанда Наурыз ресми мереке күні деп белгіленген.
Орталық Азия мемлекеттерінде де Наурыз ресми түрде мейрам деп мойындалған, бұл елдерде оны атап өту дәстүрлері өте ұқсас.
– Қазақстанда бұл мейрамда наурыз көже пісірсе, өзбектер мен тәжіктер сүмелек
Тәжікстанда да Наурыз – ерекше маңыз беріп аталып өтетін мейрам. Тәжік әйелдері бұл күні тайқазанда «сүмелек» деп аталатын көже пісіріп, тілек айтады.
Ал түркімендер Наурыз мерекесіне бес-алты күн бұрын дайындалады. Алдымен үйлерін тазартып, мерекеге арналған шелпек, басқа да дәмді тағамдар пісіреді. Наурыз күні түркімендер палау жасайды. Оны неғұрлым көбірек жасаса, алдағы жылғы несібе соғұрлым мол болады деп есептеледі. Үлкен қазанға наурыз көже пісіріп, оны «этли ярма» немесе «новруз ярма» деп атайды. Бір-бірін қонаққа шақырып, жақсы тілектер айтады.
Қазақстанда 1926 жылы мұсылманның діни мейрамы ретінде тыйым салынған Наурыз 1988 жылы қайта тойлана бастады.
БҰҰ Бас ассамблеясы 2010 жылы 23 ақпанда Албания, Ауғанстан, Әзербайжан Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Үндістанның ұсынысымен 21 наурызды Халықаралық наурыз күні деп белгіледі.