Баланы ұрып «тәрбиелейтіндер» әлі көп

Бұрышта отырған бала. (Көрнекі сурет)

Халықаралық ұйымның зерттеуінше, Қазақстандағы ересек азаматтардың дені бала тәрбиесінде күштеп тәртіпке салуды қолдайды. Психолог маманның сөзінше, күшке салу баланы жасытады, не қатігез қылады.

Рымкүл есімді (аты-жөні өз өтінішімен өзгертілді – ред.) алматылық тұрғын бір жыл бұрын күйеуімен қайта қосылған соң ауылдағы әке-шешесінен жалғыз қызын қайтып қолдарына алған. Жаңа ортаға түскеніне бір жыл болса да, жеті жастағы Әсем (аты-жөні өз өзгертілген – ред.) – тұйық, әлі ұяң күйде жүрген соң анасы оны балалар психологына апарған.

Your browser doesn’t support HTML5

Баланы "таяқпен тәрбиелеу" дұрыс па? Аудиоподкаст.

- Күйеуіммен бес жылдан соң қайта қосылдық. Енді соны қызым көтере алмай жатыр. Мына жақта (қалада – ред.) ашылмайды, тұйық. Әкесіне де үйрене алмай жүр. Әкесіне де қиын. Кішкене жатырқайды. Жақсы көрсе де, қаталдау ғой ер адам болған соң, - дейді Рымкүл.

Баламызды ұрғаны үшін ренжісем де, үндемедім. Балам ашылмай қойған соң психологқа күйеуімді де апардым. Баланың еркелігі үшін таяқтаудың қателігін маман түсіндірді.

Балалар психологына апарған кезде Әсемге әкесінің бір-екі рет зекіп, нұқып қалғаны да қызына ауыр тигені анықталған. Қазір алматылық отбасы әке мен қыздың қарым-қатынасын реттеу үшін де психологпен кеңесіп жүр.

- Баламызды ұрғаны үшін ренжісем де, үндемедім. Балам ашылмай қойған соң психологқа күйеуімді де апардым. Баланың еркелігі үшін таяқтаудың қателігін маман түсіндірді. Қазір күйеуім ұстамды болуға тырысып жүр, - дейді Рымкүл.

«АУЫР ҚЫЛМЫСҚА СОҚТЫРУ ҚАУПІ БАР»

Желтоқсанның 13-інде Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкіл, БҰҰ-ның балалар жөніндегі жедел қоры және Еуропа Одағының өкілдері Қазақстандағы балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық және әділеттілік туралы зерттеулерінің нәтижелерін жариялады. «Қазақстандағы отбасылардағы балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық» және «Қазақстандағы балаларға арналған юстиция» деп аталатын зерттеулер сауалнама түрінде Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік және Оңтүістік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында, сонымен бірге, Астана және Алматы қалаларында жүргізілген. 2400 ересек адам, 1829 мектеп оқушысы, түзеу мекемелеріндегі жаза өтеуші 76 бала, 31 БАҚ өкілі және 102 ресми органдар және балалар құқықтары бойынша маманға сұрау салынған.

Зерттеу деректері бойынша, 6-11 сыныптағы мектеп оқушыларының 61,8 пайызы, ал түзеу мекемелеріндегі балалардың 78,9 пайызы отбасыларында зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Ересек адамдардың 75,4 пайызы отбасындағы «бала тәрбиесі мен бақылау орнату мақсатында» таяқтауды (денеге зақым келтіру жазасын) қолдайды екен. Мұндай «отбасылық тәрбие әдісін» оқушылардың 34,4 пайызы, түзеу мекемелеріндегі балалардың 53,9 пайызы да теріс көрмеген.

Зерттеу қорытындысымен таныстырған БҰҰ-ның балалар жөніндегі жедел қорының (БҰҰБЖҚ) сарапшысы Робин Хаарр баланы таяқпен тәртіпке салғысы келіп тұратын ата-аналардың көп екенін айтады.

БҰҰ-ның балалар жөніндегі жедел қорының (БҰҰБЖҚ) сарапшысы Робин Хаарр.

- Басқаша айтқанда ата-ана баланың бұл қылығы қате екенін айтып, қайталамауға шақырады. Бірақ одан кейін айқайлап ұрсады, тіпті, ұрып жібереді, - дейді БҰҰБЖҚ өкілі Робин Хаарр.

Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық түрлері баланың психикасына кері әсерін тигізіп, балалар тарапынан да, балаларға қатысты да жасалатын ауыр қылмыстарға соқтыруы мүмкін. Олардың ішінде «педофилия», «балалар арасындағы өзіне-өзі қол салу» да айтылды.

- Бүгінгі зерттеуіміз балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алуды, қоғамның назарын осы мәселеге аударуды мақсат тұтады. Түсінсеңіз, зорлық-зомбылықтың жеңіл түрінің өзі осы фактілерге деген көзқарасты қалыптастырады. Сондықтың зорлық-зомбылықтың отбасында, далада, оқу мекемелерінде алдын алуға комплексті зерттеу жүргіздік, - дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров.

ҚАТЫГЕЗДІК ФАКТІЛЕРІН ХАБАРЛАУ ЖОЛДАРЫ

Балалар психологы Анар Қырықбаева клиенттерінің арасында отбасында зорлық-зомбылық көретіндер сирек емес екенін айтады. Маманның пікірінше, «ата-ананың бет албаты таяғы баланы күйзеліске ұшыратады» .

Қорғанып отырған бала. (Көрнекі сурет)

- Мен ұрып-соғуға қарсымын. Баланың мектепте, колледждегі ортасында проблемалары болуы мүмкін. Ал ол проблемаларын түсінбей жатып ата-ана таяққа жүгінсе, бала күйзеліске ұшырап, арты трагедияға соғуы мүмкін, - дейді Анар Қырықбаева.

Психологтың айтуынша, Қазақстанда баланы таяқпен тәрбиелеу әдеті үзілген емес. Оны бүгін Астанадағы жиында айтылған деректер алаңдатады.

- Әрине, алаңдатады. Өйткені бала отбасында не көрсе, ұшқанда соны іледі. Ертең бала елдің үлкен бір азаматы болады. Өздерінің де балалары, отбасы болады. Жас ата-аналарға қарасақ, олардың шыдамы жетпейді. Әке-шешеміз өзімізді де солай тәрбиеледі, қоғамда да қалыпты жағдай ретінде қабылданады деп баланы құйрығынан ұрады, жұлқып-жұлқып жібереді. Ол ана бұл әрекетін нормативті дұрыс деп ойлайды. Нәтижесінде бала жасық, не қатігез болып өсуі мүмкін, - дейді Анар Қырықбаева.

Астанадағы жиынға қатысқан Бас прокуратураның құқықтық қорғау департаменті бөлімінің басшысы Панагүл Шынбаеваның айтуынша, балалар өз құқықтарын қорғау үшін кез келген құқық қорғау органына хабарласа алады.

...қазір балалардың көбі қайда хабарласарын білмейді, сол үшін біз қазір мектептерде түсіндіру жұмыстарын өткіземіз.

- Кәмелет жасына келмегендердің құқығын қорғайтын «Баланың құқықтары туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» заңдар, «Неке және отбасы туралы» кодекс бар. Бала да, оған көрсетілген зорлық-зомбылық куәсі болған басқа біреу де кез келген құқық қорғау органдарымызға: полицияға (тел. 102), прокуратураға, балалардың құқығын қорғайтын уәкілетті өкіл Зағипа Балиеваға (тел. 111) звондай алады. Олар міндетті түрде шара қолдануы тиіс. Бірақ қазір балалардың көбі қайда хабарласарын білмейді, сол үшін біз қазір мектептерде түсіндіру жұмыстарын өткіземіз, - дейді Бас прокуратура өкілі Панагүл Шынбаева.

2004 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Балалар құқықтары жөніндегі конвенцияға қол қойды. 2006 жылдан бастап Қазақстанның білім және ғылым министрлігінде балалар құқығын қорғау комитеті жұмыс істейді. Биылдан бастап Қазақстанның балалар омбудсмені болып мәжіліс депутаты Зағипа Балиева белгіленді.