МӘЖБҮРЛЕП ЖАЗДЫРТУ БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСТЫ
Қазақстанда 2018 жылға газет-журналдарға жазылу науқаны жалғасып жатыр. Осыған байланысты Facebook әлеуметтік желісінде кей қолданушылар бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер қызметкерлерін мерзімді баспасөзге күштеп жаздыру биыл да байқалып отырғаны туралы жазған.
Талдықорғандық Алмасбек Садырбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған хабарламада Текелі кентіндегі ауруханада медбике болып жұмыс істейтін, азын-аулақ еңбекақысына балаларын бір өзі асырап жатқан жалғызілікті әйелді 12 мың теңгенің газет-журналын жаздыртып алуға міндеттегені туралы айтылған.
"Мұғалімдерді, медицина қызметкерлерін, тәрбиешілерді бұл озбырлықтан қалай қорғауға болады? Жазылуы құрғыр олардың қалтасына қол салып, тер төгіп тапқан ақшасын тартып алып жатқан жоқ па? Құқығы адыра қалған адамдар бірдеңе айтудан да қорқады. Прокуратура мен басқа орындарға шағымданудан да сескенеді" дейді Алмасбек Садырбаев. Ол газет-журнал жаздырып алуға мәжбүрлеуді "жемқорлықтың бір түрі" деп атап, заңдылықты қадағалаушы органдарды жүгенсіздікті тиюға шақырған.
Екі күннің ішінде бұл жазбамен әлеуметтік желіде үш жүзге жуық адам бөлісіп, Қазақстанда мерзімді басылымға жазылуға мәжбүрлеу жылда қайталанатынын сынаған.
"Мұндай жағдай жалғыз Талдықорғанда ғана емес. Мемлекеттік мекемелерде істейтіндердің бәрін ерікті түрде мәжбүрлейді" дейді қолданушы Гүлжан Иқсанова.
Facebook пайдаланушы Марат Толыбаев "онсыз да кедей әлеуметтік сала қызметкерлерін" мемлекеттік басылымдарға жаздыртуды тоқтатуды талап еткен. Оның пікірінше, "мемлекет өз БАҚ жетекшілерін нарық заңымен, өзін өзі ақтайтындай жұмыс істеуге үйретудің орнына оларға оқырманды күштеп таңып, аздырып отыр".
"Бұл мектеп қабырғасынан басылымға жазылуға мәжбүрлейтін совет заманынан қалған мұра" деп жазады Гүлниза Смағұлова.
Желі қолданушылары "дәрігер, мұғалімдер іштей қарсы болса да, басшылық қырына ілініп, жұмыстан шығып қалмас үшін өзіне қажеті жоқ басылымдарды жаздыртып алуға мәжбүр" екенін айтады. Олар бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы алатын кей орталық басылымдардың биліктің көмегіне сүйенетін советтік "күштеп жаздырту" тәжірибесін сөгіп, қай басылымға жазылуды оқырманның өз еркіне қалдыруға шақырады.
Азаттық тілшілері желідегі талқылауда сөз болған Текелі ауруханасынан комментарий алуға тырысқанымен, аталған мекемеден көтерілген мәселеге байланысты жауап алу мүмкін болмады.
"КӨП ТИРАЖБЕН ШЫҒУҒА СОНШАЛЫҚТЫ МҮДДЕЛІ ЕМЕСПІЗ"
Қарашаның 21-і күні "Егемен Қазақстан" газетінің президенті Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында газет-журналға жаздырту науқаны туралы сындарға байланысты жауап берді.
Газет басшысы "мәжбүрлеп жаздыруды мүлдем қолдамайтынымызды да мәлімдейміз. Егер де кімде-кім газетімізге күштеп жаздырғанға куә болса, хабарласуын сұраймыз" деп жазған.
Сонымен бірге газет басшысы "Егемен Қазақстан" газетіне жазылу биыл рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлаған. Қыдырәлінің сөзінше, мемлекеттен бөлінген қаражат "газет шығынының бар болғаны 1/3 бөлігін ғана" жауып отыр.
Ол газетке бөлінетін "қаржы көлемі соңғы 4 жылда өзгермегенін, есесіне бояу мен қағаз жыл сайын қымбаттағандықтан мемлекеттік қаражаттың газет шығынындағы үлесі төмендеп" келе жатқанын айтады. "Сол себепті газетіміз көп тиражбен шығуға соншалықты мүдделі де емес" деп жазған Дархан Қыдырәлі.
Газет президентінің бұл жазбасына Талғат Есембеков атты қолданушы: "мектепте мұғалімдердің жалақысынан 10 пайыздан сыпырып алды, не чек, не газет көрмейміз, бұған сіздің қатысыңыз жоқ, барып тұрған бопсалау" деген пікір қалдырған.
Бұған қоса Талғат Есембеков "мұғалімдер өз еріктерімен жазылса екен, мектеп атынан жазылу тоқтатылсын" деген ұсыныс білдірген.
Совет заманында коммунистік партия мен үкіметтің "Социалистік Қазақстан" деп аталатын бас газеті болған, Қазақстан тәуелсіздік алған соң атауын "Егеменді Қазақстан", ал кейінірек "Егемен Қазақстан" деп өзгерткен, қазір акционерлік қоғам ретінде тіркелген басылым өз тиражын 170 мың дана деп көрсетеді. Газетте Қазақстан президенті, парламенті мен үкіметі қабылдаған ресми заң актілері жарияланады.
Қазақстандық "Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымының дерегі бойынша, 2014 және 2015 жылдары "Егемен Қазақстан" газетіне мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 877 миллион 536 мың теңге бөлінген.
"ТҮКІРЕТІН ҚАЛТА ЖАСАЙДЫ"
Билікке жақын орталық газет-журналға әкімшілік әдіспен мәжбүрлеп жаздыру әдісі жалғыз Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы постсоветтік өзге елдеріне де әлі кездеседі.
Түркіменстан астанасы Ашғабатта тұратын жазушы Аманмұрат Бугаев елде шығатын жетпіске жуық мерзімді басылымның 27-сі газет екенін айтады. Бірлі-жарым кәсіпкер қаржыландыратын бір-екі басылым ғана әлеуметтік-саяси тақырыптардан өзге, биліктің қытығына тимейтін мәселелерді қозғайды дейді ол. Бұл елде де бұрынғы "Совет Түркіменстаны" деп аталған орталық газет тәуелсіздік алғаннан кейін "Түркіменстан" болып, ал орысша шығатын "Туркменская искра" басылымының атауы "Нейтральный Туркменистан" болып өзгерген. Бугаевтың сөзінше, "атауы өзгерсе де олардың мазмұны мен күштеп тарату дәстүрі бұрынғы күйінде" қалған.
- Мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер осы екі газетке жазылуға міндетті. Бұдан бөлек салалық газет-журналдар бар. Мәселен, мәдениет саласының қызметкерлері "Мәдениет" деген ведомстволық журналға жазылуы тиіс. Егер адам Ашғабатта тұратын болса, "Ашхабад" газетін алуға, ал өңірдегілер - уәлаят басылымдарын жаздырып алуға міндетті. Сонда төрт газет, бір журналға алты ай сайын жазылуың керек. Барлығына жарты жылға жазылу үшін шамамен 120 манат кетеді, мұғалімдердің орташа жалақысы - 600 манат. 120 манат деген бізде көп ақша, - дейді Бугаев.
Аманмұрат Бугаев газет жаздыртуға ақша беруден бас тартқан қызметкер ілік табылып, жұмысынан босап қалуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан жұрт газетті оқымаса да ала береді дейді ол.
- Құдайы тамақ беріп, есік алдына дастархан жайғанда жайылатын осы газет. Отырыс соңын жинап, лақтыра салғанға ыңғайлы. Тіпті, шопырлар насыбай атып, осы газеттерден оралған қалталарға түкіріп отырады, - дейді Аманмұрат Бугаев.
Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Лазиз Омилов Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас дейді. Оның сөзінше, мемлекеттік мекеме басшылары негізінен үкіметтік "Халқ сузи" мен биліктегі партияның "Узбекистон овози" газеттерін алуға мәжбүрлейді.
- Мектепті 2009 жылы бітіргенмін. Сол кездің өзінде мектепте ай сайын не жарты жылдыққа газетке жазылуға мәжбүрлейтін. Әлгі газеттерге тек жазыламыз, бірақ оны іздеп, күтетін біз жоқ. Уақыты келгенде мектепке әкеп, үйіп тастайды. Қалағаныңды ала бересің, қазір де жағдай өзгермеген, - дейді өзбек журналисі.
"СОВЕТТІК ӘДІСТЕН" БАС ТАРТҚАН ЕЛДЕР
Биліктің үгіт-насихат құралына айналған мерзімді басылымға "міндеттеп жаздырту" дәстүрі Тәжікстан, Қырғызстан мен Беларусь тәрізді елдерде де сақталған. Әйткенмен бұдан құтылған постсоветтік елдер де бар.
Азаттық радиосы Грузин қызметінің директоры Давид Какабадзе Грузияда мемлекеттік басылымды "күштеп тарату" әлдеқашан ұмыт болғанын айтады.
- Күштеп жаздыртты дегенді Брежнев заманынан бері естіген жоқпын. Ел тәуелсіздігін алған соң ондай жүйе жоғалған. Жалпы, Грузияда баспаханадан шығатын газет аз. Бәрі интернетке көшкен. Оқылатын бірнеше саржағал газет қана қалды. Кезінде екі жүз мыңдап шығатын басылымдардың таралымы қазір бірнеше мың ғана, - дейді Давид Какабадзе.
Украина медиа бизнес ассоциациясының президенті Алексей Погореловтің сөзінше, елде мемлекеттік екі басылым – Жоғарғы Раданың (парламент) "Голос Украины" және үкіметтік "Урядовый курьер" газеттеріне мемлекеттік қызметкерлерге мәжбүрлеп жаздыртудың тоқтағанына жиырма жылдың жүзі болған. Ресми заң актілері жарияланатын бұл газеттерді негізінен өндіріс мекемелері мен заңгерлер жаздыртып алады дейді ол.
- Өңірлік және ведомстволық газеттерді күштеп жаздырту - сирек құбылыс. Бірақ, кезігеді. Мысалы, "Салық қызметінің жаршысы" газетін кәсіпкерлерге алғызады дегендей. Ондай басылымдар жоғалып не жеке меншікке өтіп жатыр. Мемлекет "медиа иеленуден шығу" саясатына бір-екі жылдан бері бет бұрды. Енді қоғамдық телевизия ғана қалады, - дейді Алексей Погорелов.
Мемлекет саясатындағы мұндай бетбұрысты Погорелов:
- Медиада Брежнев кезіндегідей тұралап қалу байқалды. Қазір көп нәрсе өзгеріп жатыр. Адамдардың "совок" контентке қарағысы да жоқ, - деп түсіндіреді.
Қазақстанда ресми тіркелген екі мыңнан астам мерзімді баспасөз құралы бар. "Құқықтық медиа орталық" қоғамдық қорының дерегі бойынша, елде өткен жылы мемлекеттің ақпараттық саясатына 48 миллиард теңге (150 миллион доллардан астам) жұмсалған. Ол қаржы "мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыруға арналған оң материалдар" дайындауға бөлінгені хабарланған. Алайда қор өкілдері жұмсалған қаржының тиімділігін дәл бағалайтын критерийлер жоғын айтады.
Your browser doesn’t support HTML5