«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісінен қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев шеттетіліп, басқа адвокат бекітілген. Бейсекеевтің айтуынша, бұл туралы оған ҰҚК тергеу тобының жетекшісі В. Петровский хабарлаған, Жәкішевтің денсаулығы болса нашарлап барады.
ЖӘКІШЕВТІҢ ЖАҢА АДВОКАТЫНЫҢ КІМ ЕКЕНІ ЖҰМБАҚ
«Қазатомпромның» экс басшысы Мұхтар Жәкішевке жаңа адвокат тағайындалды, алайда оның кім екендігін Жәкішевтің өзі, оның туғандары тіпті оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев те білмейтін болып шықты.
- Кеше, дүйсенбі күні тергеу тобының жетекшісі Владимир Петровскиймен алғаш рет кездесе алдым. Ол маған ендігі әрі өзімнің Жәкішевтің ісі бойынша қорғаушы емес екенімді айтты. Менің орныма басқа қорғаушы тағайындалған екен. Оның үстіне ол бір күннің ішінде 20 томнан асатын істің материалдарымен танысып үлгеріп, тиісті хаттамаға қол қойған екен, - деп атап көрсетті адвокат Нұрлан Бейсекеев сейсенбі күні Алматыда өткізілген баспасөз-мәслихатында.
Қорғаушының сөзіне қарағанда, өзіне жаңа қорғаушы тағайындалғаны туралы Мұхтар Жәкішевтің өзі де білмейтін көрінеді. Өткен жұма, қыркүйектің 18-і күні Бейсекеев пен Жәкішевтің 10 минуттық кездесуі барысында, айыпталушы Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан адвокатты ауыстыру туралы ұсыныс түскендігін айтқан. Алайда ол адвокаттың аты- жөні аталмаған. Өз кезегінде Мұхтар Жәкішев Бейсекеевтен басқа адвокаттың керегі жоқ екендігін мәлімдеген. Бейсекеев қорғауындағы Жәкішевті тамыздың 26-сынан бері көрмеген.
- Қыркүйектен бастап ҰҚК-нің тергеу тобы мені бұл істен алшақтатпақ болды. Осы мақсатта 71-ші баптың негізінде адвокат тағайындау туралы қаулы шығарды. Ол бойынша адвокатты қылмысты қудалау органы туыстарының келсіміне қарамастан өзі тағайындайды. Ал мен соңғы кездескенде Мұхтардың денсаулығы бұрынғыдан да төмендеп кеткенін байқадым, – дейді қорғаушы Н.Бейсекеев.
Топ-менеджердің жұбайы Жәмила Жәкішева, осыған орай, жаңа адвокатты шақырту үшін өзінен және күйеуінен ешкім рұқсат алмағандығын және бұл жағдайды «заң тұрғысында кәсіби көмек көрсету құқығынан айыру» деп есептейтіндігін мәлімдеді. Ол белгісіз адвокаттың кім екендігін біле алмай дал.
"АДВОКАТТЫҢ КЕЛІСІМСІЗ АУЫСТЫРЫЛУЫ ЗАҢСЫЗ"
- Менің сөзім жоқ! Ол қорғаушы кім? Қайдан келді? Оны кім шақыртты? Ол қорғаушыға тиісті әрекеттірді орындап жатыр ма? Осы сияқты көптеген сұрақтар туындайды. Бұл ҰҚК қызметкерлерінің міз бақпайтындығының тағы бір көрінісі. Ал анау адвокат туралы айтпаса да түсінікті. Өте үлкен ақпарат жиналған істің материалдарымен бір күннің ішінде танысуы ...бұл жалған. Көзбояу үшін жасалынып отыр. Меніңше, бұл істі мүмкіндігінше жабу туралы тапсырма берілген, осы бойынша жұмыс жүріп жатыр, – дейді Ж.Жәкішева.
"Қазатомпромның" бұрынғы басшысы Жәкішевтің жұбайы - Жәмила Жәкішева. Алматы, 22 қыркүйек, 2009 жыл.
Жәмиланың сөзіне қарағанда тергеу барысында тағайындалған жаңа адвокат «Мұхтар Жәкішевтың туыстарымен ешқандай келісімге отырмаған. Сондықтан ҚР ҰҚК тағайындаған ол "жұмбақ" адвокат Жәкішевтің қазіргі қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев ресми түрде өз өкілеттігін тоқтатпайынша, бұл іске араласа алмайды.
Орын алған жайтқа қатысты ҰҚК хабарласқанымызмен, ешкімнен жауап ала алмадық. Ал Алматыдағы адвокаттар коллегиясының өз атын атағысы келмеген маманы айыпталушының рұқсатынсыз қорғаушыны өзгерту заңсыз екендігін айтты.
- Әрине бұл – заңсыз әрекет. Адвокат тек айыпталушының өз қалауымен ауыстырылады, – деді Алматы адвокаттар коллегиясының құпия қалуды қалаған маманы.
Ал Жәмила Жәкішева мен Нұрлан Бейсекеев бұл мәселе бойынша Бас поркуратураға ҰҚК-іне қарсы шағым түсіретіндіктерін мәлімдеді.
Одан өзге, Астана қаласының Есіл аудандық сотында ертең, қыркүйектің 23-і күні адвокат Нұрлан Бейсекеевтің қорғау құқы мен адвокаттың кәсіби функцияларын атқарудағы құқығының бұзылуына қатысты шағымы да қаралмақ.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен биыл 21 мамырда тұтқындалып, содан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр.