Кіші Алматы жоталарының біріндегі Тұйықсу мұздығында орналасқан, ел арасында Мәметова көлі деген атпен белгілі №6 көлден келер қауіп жоқ. Бұл туралы 20 тамыз күні Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Юрий Ильин журналистерге мәлімдеді. Ал табиғат қорғаушысы Мэлс Елеусізов «көл қаланы шайып кетуі мүмкін» дейді.
«ТЕК ҚАНА БИЫЛ ҚАУІП ЖОҚ!»
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, көлді екі жарым ай бойы тексерген арнайы комиссия «көлдің жағдайы бір қалыпты» деген шешім шығарған. 2010 жылы көлден келер қауіп жоқ дейді Юрий Ильин Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 12 мамырында мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан көл мұзы еріген соң арнасынан асып, тасқынға ұласуы мүмкін екенін айтып, премьер министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған еді.
Осыдан кейін маусым айында құрамында бірнеше ведомство мамандары бар арнайы комиссия құрылып, көлге тексеру жұмыстарын жүргізді.
Су деңгейін төмендету жұмыстары жүргізіліп жатқан
кездегі Мәметова көлі. Шілде 2010 жыл.
Сурет Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінен
алынды.
– Биыл көптеген жұмыстар жасалды, өз көзімізбен көрдік. Тек қана биыл ешқандай қауіп жоқ. Қысқа қарай қатады, ендігі жылы оны ары қарай жалғастыру керек. Екінші мәселе – біз жылдан-жылға көлдің қаупін азайту үшін географиялық, геологиялық, геофизикалық зерттеулер жүргізуіміз қажет, - дейді «Қазгидромет» РМК су проблемаларын зерттеу департаментінің директоры Байысхан Қожахметов. кездегі Мәметова көлі. Шілде 2010 жыл.
Сурет Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінен
алынды.
«Тек қана биылға қауіп жоқ!» дегенді шегелей айтқан Байысхан Қожахметов келер жылы жасалатын зерттеу жұмыстарына қаражат қажет екенін айтады. Алайда нақты қанша сома қажет екенін айта алмады.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, көл айналасында қазір жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде көлдің ұзындығы 30 пайызға артып, ені 8 метрге кішірейген. Көлдің ауқымы ұзарғандықтан су көлемі 220 мың шаршы метрден 229,6 мың шаршы метрге ұлғайған.
«ҮЛКЕН МҰЗДЫҚ ҚҰЛАСА, КӨЛ ЕРНЕУІНЕН АСЫП КЕТЕДІ»
Бірақ табиғатты қорғау ұйымының мамандары тау басына орналасқан шағын көлдердің қажеті жоқ екенін айтады. Өйткені мұндай көлдер қауіпті.
«Табиғат» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мэлс Елеусізовтің пікірінше, өте биіктікте орналасқан көлдердің мүлде керегі жоқ. Азаттық радиосына сұхбат берген Мэлс Елеусізовтің айтуынша, ондай көлдер бүгін болмаса да, кейін қауіп төндіреді.
Мәметова көлінің артық суын ағызып жіберуге
бағытталған шараның бірі - осындай. Шілде 2010 жыл.
Сурет Алматы қалалық төтенше жағдай департментінен
алынды.
– Жер сілкінсе, көл Алматыны шайып кетуі мүмкін. Әсіресе, мұздықтардың астында тұрған көлдер қауіпті. Оның жоғарғы жағындағы үлкен мұздық шытынап тұр. Ол құласа, көл ернеуінен асып кетеді, - дейді Мэлс Елеусізов. бағытталған шараның бірі - осындай. Шілде 2010 жыл.
Сурет Алматы қалалық төтенше жағдай департментінен
алынды.
«Егер биылғы жаз бұдан да ыстық болғанда жағдайдың не боларын айту қиын» дейді Елеусізов. Сондықтан «Табиғат» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мэлс Елеусізов мұндай көлдерді ай-күннің аманында ағызып жіберу қажет деп есептейді
Ал «Қазгидромет» РМК су проблемаларын зерттеу департаментінің директоры Қожахметов «селден қорқып, көлді ағызып жіберсек, таза судан айырылып қалуымыз мүмкін» дейді. Өйткені көл суы алматылықтардың игілігіне қажет көрінеді.
КІМНІҢ ҮСТІНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛҒАНЫ АЙТЫЛМАДЫ
Алматы қалалық прокуратурасы Мәметова көліне қатысты «көлге бөлінген қаржыны мақсатты орнына жұмсамаған» деген күдікпен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Алматы облыстық басқармасының үстінен қылмыстық іс қозғады.
«Қазселденқорғау» Алматы облыстық басқармасының директоры Талғат Тәжібаев прокуратура қозғаған қылмыстық іс қаржыға қатысты емес, көлдің деңгейі жөнінде жалған ақпарат таратқаны үшін, жалған мәлімет бергені үшін басқарманың бір қызметкеріне қарсы қозғалғанын айтады.
Алайда Талғат Тәжібаев «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің айып тағылған қызметкерінің аты-жөнін айтудан бас тартты.