Ақын, әнші әрі сазгер Ермұрат Зейіпхан cейсенбі күні Қытайдың Үрімжі қаласында өмірден озды. Әншінің атажұртына оралғанына биыл тура жиырма жыл толыпты.
Ол 1966 жылы маусымның 15-і күні Қытайдағы Іле қазақ автономиясына қарасты Күнес ауданында туып-өскен.
Қазақстандағы алғашқы өнер жолын Абай атындағы опера және балет театрынан бастаған Ермұрат Зейіпхан «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежанның, «Абай» операсында Көкбайдың рөлін сомдаған.
1997-2000 жылдары М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Қарагөз» спектаклінде Асан салдың, «Әли және қырық қарақшыда» Хасанның, «Қилы заманда» хабаршының рөлін сомдады.
2000 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблінде фольклор-этнография тобының көркемдік жетекшісі болып қызмет істеген еді. Оған қоса Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өнер орталығының жетекшісі болды.
– 1998 жылы көші-қон комитеті құрылғанда оған Алматыдан бір бөлмелі пәтер берілген еді. Сол пәтерден ана дүниеге шығып барады, - дейді ақын Алмасбек Ахметбекұлы.
Ермұратпен үнемі шығармашылық байланыста болғанын айтқан Алмасбек оны «Күнес топырағында Таңжарық Жолдыұлынан кейін туған талантты ұл еді. Ол тек әнші, сазгер болып қана қоймады. Өлеңдер мен қатар прозалық шығармалар да жазып жүрді», - дейді.
– «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Екі дүниеде жалғызым» әндері арқылы тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген Ермұрат біраздан бері сырқат еді. Емделу үшін жалғыз інісі Нұрсатпен бірге Қытайға кеткен болатын. Операция үстелінде көз жұмды, - дейді ол.
"Ермұрат Қазақстан тәуелсіздік алғанда алғашқылардың бірі болып ата жұртқа оралған еді. Сондықтан да сүйегін атжұртқа жеткізуді мақсат еттік. Әйтпесе әке-шешесі Күнесте жатыр" дегенді айтады ақын Алмасбек Ахметбекұлы.
Ермұрат Зейіпханнның артында екі ұлы қалды.