Наурыздың 19-ында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін, Конституция бойынша президент қызметін атқару сенат төрағасына берілетінін жариялады. Қазақстанды Совет Одағынан бері 30 жылдай басқарған 78 жастағы Назарбаевтың президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылады. Уақытша президент қызметін атқаратын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні жаңа қызметіне кірісер алдында парламентте ант қабылдамақ. Елде президент сайлауы қашан өтеді деген мәселе бұған дейін ара-тұра талқыланғанымен, мерзімі белгісіз болып келе жатқан. Президент Назарбаев осындай кезде шұғыл мәлімдеме жариялап отыр. Мәлімдеме мемлекеттік теле-радио арналардан таратылған соң, тұңғыш президент-елбасы кеңсесінің жасақталғаны белгілі болды. Назарбаев бұрын президент кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбековтің жаңа кеңсе басшысы болып тағайындалғаны туралы шешімге президент емес, тұңғыш президент - елбасы ретінде қол қойған.
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасына сарапшылар әртүрлі баға бергенімен, ол саясаттан біржолата кетпейді деп тұжырады.
"КҮТІЛГЕН БЕЛГІСІЗ КҮН"
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Назарбаевты халықаралық қауымдастық қысымымен биліктен кетті деп санайды. Оның айтуынша, Назарбаевтың президенттіктен кетуі - әбден күтілген жағдай. Мұның себебін саясаткер Назарбаевтың ұзақ уақыт билікте отырғанымен байланыстырады.
- Таяуда Еуропарламентте Қазақстанның атына айтылған сыннның өзі Назарбаевқа тықыр таянғанын білдіреді. Әрине, Назарбаев та биліктен кетуге алдын-ала дайындалды. Өткен жылы өзін-өзі Қауіпсіздік кеңесінің өмірбақилық төрағасы деп жариялауы - соның бір көрінісі, - деген саясаткер Назарбаевтың биліктен кету мерзімі ғана бүгінге дейін белгісіз болғанын айтады.
Биыл 14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы мәселесіне алаңдап, резолюция қабылдаған болатын.
- Басты мәселе - Назарбаевтың президенттіктен кеткені. Бұл оның өзі ыңғайлап құрған жүйесіне де үлкен сын болғалы тұр, - дейді Жасарал Қуанышәлин Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің мызғымайтын төрағасына айналдыОппозициялық саясаткер өз пікірін тарата келіп, "Назарбаев үшін президенттік қызмет сол жүйенің қазығы іспетті болатын. Оның осал тұсы да осы. Қазығын суырып алғанда барлығы шашылып қалмай ма?! Ендігіде ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жаңа өкілеттікке ие болғанымен, оның бәрін іске асыру - екінші мәселе" дейді.
"БИЛІК ТРАНЗИТІН ТҰРАҚТЫ ЖАҒДАЙДА ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ"
Ал саясаттанушы Расул Жұмалы бұған дейін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ВВС арнасында Назарбаевтың ендігі сайлауға қатыспауын меңзеуі Назарбаевтың президенттіктен кететінін алдын-ала білдіргендей болды деп есептейді. Ол Назарбаевтың таяуда ғана Конституциялық кеңеске президент өкілетін тоқтату туралы сауал жолдауы да назар аудартқанымен, президенттің дәл бүгін қызметтен кетуін тосын оқиға деп бағалайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаев 2020 жылы сайлауға түседі деп ойламаймын"- Осыны бәріне қарамастан, сарапшылар ортасында скепсис басым болып келген. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен, үлкен саясаттан кетпейтіні анық. Ол ендігіде Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі арқылы саяси, экономикалық мәселелерге де араласа алады. Бұған қоса биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағалығы да Назарбаевта қала береді, - дейді Расул Жұмалы Азаттыққа.
Саясаттанушы Назарбаевтың президент ретінде өкілетін тоқтатуын оң өзгеріс деп бағалайды. Расул Жұмалы президент отставкасы билік транзитін мейлінше тұрақты жағдайда қамтамасыз ету үшін маңызды дейді.
- Елдегі наразылықтың өсіп бара жатқаны, қаржылық, экономикалық әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, билікке сенімнің азаюы, халықаралық қауымдастықтан болған қысым - осының бәрі осындай шешімге түрткі болған сияқты, - дейді ол.
Саясаттанушы уақытша президент қызметін атқаратын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші президент болуына да мүмкіндік көп екенін айтады.
- Оған Назарбаевтың сенім артуы, өзінің мемлекеттік тұлға ретіндегі тәжірибесі, ешбір кландық топқа жатпайтыны және халықаралық дәрежедегі беделі - Тоқаевтың ұпайын түгендей түсетін факторлар, - дейді Расул Жұмалы.
"ПУТИННІҢ ӘРЕКЕТІНЕН ДЕ ҰТЫМДЫ ҚАДАМ"
Тағы бір саясаттанушы Айдос Сарым болса, Назарбаев президенттіктен "формалды түрде ғана кетті" дейді. Ол президент отставкасының қазір жариялануын елдегі экономикалық жағдаймен байланыстырады.
- Қалай болғанда да мұны үлкен батыл қадам деп ойлаймын. Сондықтан Назарбаевтың президенттік өкілетін тоқтатуы көптеген жағдайды нөлге айналдырып жібереді, - дейді ол Азаттыққа.
Айдос Сарым да Назарбаев саясаттан түпкілікті кетпейтінін, ықпалын сақтап қалатынын айтады.
- Мәселен, Ресей президенті Владимир Путин де президенттік мерзімі аяқталған тұста конституцияға бағынғандай түр көрсетіп, премьер кезінде де айналасындағыларға өз ықпалын сақтап қалды. Сол кезде Дмитрий Медведев те демократия, жемқорлықпен күрес туралы айтып, өз президенттігін қарқынды бастаған. Бірақ соңынан басылып қалды емес пе?! Дегенмен біздегі жүйенің Ресеймен салыстырғанда айырмашылығы бар. Ал Назарбаев Путиннің әрекетімен салыстырғанда ұтымды қадам жасады деп ойлаймын, - дейді Айдос Сарым.
Ресейдің қазіргі басшысы Владимир Путин президенттік мерзімі аяқталған соң 2008-2012 жылдар аралығында үкімет төрағасы қызметін атқара тұрып, кейін қайтадан президент болып сайланған.
Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, Қазақстанда ендігі билікке келетін саясаткерлер Назарбаев құрған кадрлық жүйеден бірден сытылып шығып кете алмайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бейнесі"Уақытша президент қызметін атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев та сол қатардағы кадр" дейді саясаттанушы.
"ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКА ҚҰРУ КЕРЕК"
Назарбаев билігінен оппозицияға өтіп, кейінгі 20 жылда шетелде тұрып жатқан Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин отставка туралы белгілі болған соң елде парламенттік республика құруды ұсынған.
Азаттықтың Орыс қызметіне берген пікірнде ол Назарбаевтың президенттіктен кетуі күтілген оқиға болғанын айтады.
- Ендігіде Нұрсұлтан Назарбаевтың бір әулет, бір адам билеген дәуірін тарих қойнауына жіберу керек. Оған нүкте қойып, билікті халыққа қайтару керек. Жаңа республика құру қажет. Бұл азаматтарға бағынатын, билік жауапкершілігіне ие парламенттік республика болуы керек. Сонда ғана бірлікті, әділетті қалпына келтіріп, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтай аламыз, - дейді Әкежан Қажыгелдин.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, тұңғыш президент – елбасы мәртебесіне ие болған. Конституцияда бұл мәртебенің өзгертілмейтіні айтылған. Бұған қоса 2010 жылы қабылданған тұңғыш президент-елбасы туралы заңда Назарбаев өзіне және отбасына тиіспеу құқығын иеленген. Назарбаев бес рет президент сайлауына қатысқан. Қазақстанда соңғы президент сайлауы 2015 жылы өткізілді.
Назарбаевтың биліктен кеткеніне астаналықтардың пікірі. 19 наурыз 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5