Accessibility links

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев президенттіктен кетті


Назарбаев биліктен кететінін мәлімдеген сәт. Астана. 19 наурыз 2019 жыл.
Назарбаев биліктен кететінін мәлімдеген сәт. Астана. 19 наурыз 2019 жыл.

19 наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми БАҚ арқылы мәлімдеме жасап, биліктен кететінін жариялады.

Қазақстанды 30 жыл басқарған 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде "Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­- оңай шешім емес" деді.

Назарбаев "сайлау кезінде сенген, дауыс берген" халыққа алғыс айтты. Ол "Нұр Отан" партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін мәлімдеді.

Назарбаевтың инауграциясы. 2011 жыл.
Назарбаевтың инауграциясы. 2011 жыл.

"Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім - басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады" деді.

Назарбаев 2020 жылы өтуі тиіс сайлауға дейін уақытша президент қызметін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты.

Назарбаевтың сөзінше, Тоқаев бірнеше тіл білетін "адал әрі жауапкершілігі жоғары, Қазақстанды басқаруға лайықты азамат".

"Тоқаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол - адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты" деді Назарбаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Назарбаев өзі ел басқарған кезде Қазақстан экономикасы 15 есе, халықтың табысы 9 есеге өскенін, кедейшілік 10 есеге қысқарғанын айтты. Назарбаевтың пайымдауынша, Қазақстан 2007-2012 жылғы қаржы дағдарысы кезінде қиындықтарды ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсерген.

Назарбаев "Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенеді".

Назарбаев телеарна эфирінде өкілетін тоқтату туралы жарлығын оқып берді.

"Бұл - менің президент ретінде қол қойған соңғы жарлығым" деді ол.

Қазақстанда бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді. Оның үшеуі (1999, 2011 және 2015 жылдары) белгіленген мерзімінен бұрын өткен. Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев осы сайлаулардың барлығында "басым дауыспен" жеңіске жетіп отырған. Қазақстанда президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс еді. Қазір Қазақстан президенті бес жылға сайланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG