Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйреніп жүрген америкалықтар орыс тілінің ықпалынан құтыла алмаған. Бірақ олар ана тілін білмейтін азаматтарды кінәламайды.
Сәуірдің 12-сі күні Қазақстандық менеджмент және экономикалық болжам институтында АҚШ азаматтары – Джонатан Ридель мен Холли Майер қазақ тілін үйренудің әдіс-тәсілдерімен бөлісті. АҚШ-тың Вирджиния штатынан келген, славян тілдері мен әдебиеті саласын зерттеуші жас ғалым Холли Майердің қазақ тілін үйреніп жүргеніне бірнеше ай болыпты. Қазақстанға 2009 жылы Бейбітшілік корпусының еріктісі ретінде АҚШ-тың Флорида штатынан келген Джонатан Ридель екі жылдан бері қазақ тілін оқып жүр.
«АМЕРИКАЛЫҚТАР ӘУЕЛІ ОРЫС ТІЛІН МЕҢГЕРУГЕ ТЫРЫСАДЫ»
27 жастағы Холли Майердің қазақ тілін үйренуіне Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен тарихына қызығушылығы түрткі болған екен. Сейсенбілік қазақ тілі клубының шағын отырысында тіл білімі саласының маманы Америкада бұған қатысты ақпараттың өте аз екенін жеткізді.
– Америкада Орта Азияның әдебиеті туралы ақпарат, мәлімет жинауға, іздеуге тырыстым. Бірақ онда бұл туралы ақпарат аз. Қазір Америкада Орта Азияның тарихы, саясатына деген қызығушылық артып келеді. Сондықтан ол жақтағы университеттерде осы салалар туралы оқуға білуге мүмкіндіктер де пайда болып келе жатыр, – деді Холли Майер көпшілікке.
Бірақ, оның ойынша, Қазақстанның әдебиетін, мәдениетін, саясатын зерттеп тану үшін қазақ тілін ғана білу жеткіліксіз. Сондықтан Қазақстан туралы көбірек білуге тырысып жүрген америкалықтардың көбісі әуелі орыс тілін үйренеді. Орысша жақсы сөйлейтін маман «америкалық студент қазақ әдебиетін зерттеместен бұрын қазақ тілін де, орыс тілін де жетік білуі қажет» деп түйеді.
Ол сонымен қатар қазақ әдебиеті классиктерінің Америкада танымал еместігін, оған қазақ тілінен тікелей аударылған сауатты да көркем аудармалар жоқтығы себеп болып отырғанын да қоса айта кетті. Болашақта Америкада таптырмас қазақ тілі саласының маманы болуды мақсат ететінін айтқан Холли Майер бұл кемшілікті толтыруға өзі де күш салатынын айтты.
– Егер менің болашақ студенттерім қазақ әдебиетін қызығып оқыса, солардың арасынан жақсы кәсіби аудармашы шығуы әбден мүмкін, – дейді ол.
АУЫЛ «САБАҚТАРЫ»
Екінші кейіпкеріміз – ағылшын тілі саласының маманы, Америкадағы Колгейт университетінің түлегі, Бейбітшілік корпусының еріктісі, 24 жастағы Джонатан Ридель. Ол қазір Алматы облысы Талдыбұлақ ауылында тұрады. Ағылшын, испан, француз тілдерінде еркін сөйлейтін маман қазақ тілін Қазақстанға 2009 жылы ерікті ретінде келген сәттен бастап үйрене бастағанын айтады.
Еріктілерге берілетін мүмкіндікті пайдаланып, тіл үйренуге бел байлаған Джонатан осыдан екі жыл бұрын қазақ тілін әрі қарай жақсы меңгеру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылына барып, ағылшынша сабақ беріп, әрі әлеуметтік ерікті ретінде жұмыс жасапты.
Жергілікті тұрғындарды ағылшын тіліне баулыған Джонатан бірте-бірте өзі де ауыл тұрғындарынан қазақ тілін үйрене бастайды. Нан сұраудан бастап, таксиге мінуге дейін бәрі маңызды сабақ болғанын айтқан ол ауылда бастан кешкен қызықтары туралы да әңгімелеп беруге тырысты.
– Мен ауылға ноябрь айында келдім. Март, апрельдерде мен ауыл баларына бейсбол үйреткім келді. Бесінші, алтыншы, жетінші класс оқушыларын жинап, «келіңдер, үйретем» дедім. Бірақ бейсболдың терминдерінің барлығы да ағылшынша. Жаңағы «first base», «second base», «catcher», «pitcher» сияқты бәрі ағылшынша. Оқушыларға «бірінші пунктен екінші пунктке былайша жүгіресің» деп айтамын. Вообще түсінбейді. Ужас! (күледі) Сөйтіп, келесі жолы үйретермін дедім, – дейді Джонатан Ридель.
«НЕ МОЯ ВИНА» НЕМЕСЕ «2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІН...»
Шамамен бір сағатқа созылған шағын отырыстың бір бөлігі сұрақ-жауап кезеңіне арналды. Жиналғандар қазақ тілін біршама тәуір меңгерген Джонатанға көбірек сұрақ қойып, ұмытып қалған сөздерін есіне түсіруге көмектесіп, қолдап-қолпаштап отырды. Бірнеше тілді меңгерген жас маман тіл үйренудегі тәжірибесінің арқасында қазақ тілін де шапшаң игеріп жатқанын, тіл үйренуде бастысы грамматика деп санайтын азаматтардың қателесетінін жеткізді.
– Тіл үйренуде ең бастысы сөздік қор қажет. Ал грамматика ол кейін келеді. Адамдармен сөйлесу үшін көп сөз білу керек. Мен күн сайын үйге барып, карточкаға ағылшынша жазам, артына қазақша жазам. Осылайша қайталаймын, – деді Джонатан Ридель.
Ол қазақ тілінің граммикасын қиынсынып, ана тілін үйренбей жүрген азаматтарды кінәламайтын да айта кетті.
– Өйткені бәрі де қоршаған ортаға байланысты. Мысалы, менің анам – неміс. Бірақ мен немісше мүлде білмеймін. Америкада тұрам. Ол жақта немісше сөйлемейді. Бірақ бұған кінәлі емеспін. Себебі немісше маған үйреткен жоқ, – деді ол.
Орыс тілін білмейтін Джонатан Ридельдің әңгімесінен «сразу», «уже» сияқты орыс сөздері де ұшырасады. Өзі бұл сөздердің мағынасын да біледі екен. Орыс сөздерін не үшін қосып сөйлейтінінің себебін сұрағанымызда:
– Бұл менің ауылымда қолданылатын сөздер. «Бірден» деген сөз бар. Көбісі «сразу» дейді. Сол сияқты «не моя вина», «ужас» деген сөз бар. Көпшілік осылай айтады, – деді Джонатан Ридель.
Джонатаннан төрт айдан кейін Америкаға қайтады. «Енді Америкада қазақ тілін қалай қолданбақсыз?» деген сұрағымызға: «Америкада дәл қазір қажеттілік жоқ. Америкалықтар – этноцентрист. Олар тіпті жап-жақын Мексика елінің тілін білмейді. Бірақ 2030 жылға дейін қажеттілік пайда болады деп ойлаймын» деп жауап берді.
Шетелдіктердің қазақ тілін қалай үйренгендері жайында:
Your browser doesn’t support HTML5