Жоғары балмен грантқа жетпегендер наразы

ҰБТ-ы тапсырып шыққан түлектер.

ҰБТ мен шығармашылық емтиханнан кейін жоғары балл жинаған талапкерлер қазақ тобына түсе алмай қалғандарын айтады. Олардың ата-аналары талапкерлерді оқуға түспей тұрып тілдік топтарға бөлуге қарсы.

Шымкенттік Сымбат есімді талапкер ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырып, 93 балл жинаған. Ол оқуға құжаттарын тапсырғанда мемлекеттік тегін білім грантын иеленеріне сенімді болғанын айтады. Ал грант иелерінің тізімі жарияланған сәтте өз есімін таппай қалған.

«Жалпы медицина және ғылыми биология мамандықтарын таңдағанмын. Бәлкім, мамандық таңдағанда қателескен болармын. Бірақ 93 балмен грантқа түсе алмай қалғанымда қатты соққы алдым. Есімді әлі жия алмай жүрмін. Бірақ өзім танитын, 88 балл жинаған «Алтын белгі» иегері грант алып кетті. Мен тапсырған мамандықтың орыс тобына тапсырғандар 81 балмен грант ұтып алды» дейді Сымбат.

125 БАЛМЕН ТЕГІН ОҚУҒА ТҮСЕ АЛМАУ

Шығыс қазақстандық Әсел Шахантаева 93 балмен журналистика факультетіне қазақ тобына оқуға түсе алмай қалған. Талапкер «журналистика» мамандығының орыс тобына 83 балл жинағандар грант иеленген көргенде қатты өкінгенін айтады.

Мемлекеттік оқу гранты тізіміндегі қазақ және орыс тобына түскен талапкерлердің ұпай көрсеткіштері. 11 тамыз 2014 жыл.

Азаттық тілшісінен аты-жөнін жарияламауды өтінген алматылық талапкердің сөзінше, ол 125 балмен грант иелене алмаған, өйткені өзі таңдаған төрт мамандық бойынша да (мемлекеттік басқару, әлемдік экономика, халықаралық экономикалық қатынастар, қаржы) байқау тым күшті болып, тек үздік белгі иелерінің арасында өткен. Талапкер ата-анасының өзін енді шетелде оқыту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

Алматылық Аслан Қапаржанов – «режиссура» мамандығы бойынша 96 балмен грантқа іліге алмаған талапкер. Ол: «Орыс тобына тапсырғанымда осы жинаған ұпайыммен грантқа оңай түсер едім. Орыс тобына түскен талапкерлердің ең жоғары көрсеткіші 84 балл болып тұр» дейді.

Биылғы мемлекеттік гранттар тізімінде «мұражай ісі» мамандығы бойынша қазақ тобына 77 ұпай жинағандар ең соңғы болып тізімге ілініп тұрса, орыс тобына түскендердің ең жоғары нәтижесі 74 балл болып тұр. Бұл мамандыққа 53 балл жинағандар орыс тобына грантқа түсіп кеткен.

«Металлургия» мамандығы бойынша қазақ тобына 68 балл жинағандар түсе алмаса, орыс тобына 50 балл жинағандар грант ұтып алған.

«ГРАНТ БӨЛУ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТСІН!»

Бұл жайт ата-аналар мен ұстаздардың да наразылығын тудырып жатыр. Мәселен, Өскемендегі мектептердің бірінде қызмет атқаратын ұстаз Салима Аспанбекованың жоғары балл жинаған екі шәкірті грант ала алмай қалған. Ол білім министрлігі грант бөлу жүйесін өзгерту керек деп санайды.

Мемлекеттік оқу гранты тізіміндегі қазақ және орыс тобына түскен талапкерлердің ұпай көрсеткіштері. 11 тамыз 2014 жыл.

«81 балл жинаған екі оқушымыз қазақ тобына «механика» мамандығы бойынша грантқа түсе алмай қалды. Есесіне олар тапсырған мамандықтың орыс тобына 51 балмен грантқа түсіп кеткендер бар. Білім және ғылым министрлігі грант бөлу ережесін қайта қарап, талапкерлерді қазақ және орыс топтары деп бөлмей конкурсты бірге ұйымдастыру керек. Кейін оқуға түскеннен кейін қазақ және орыс тобына бөлген жөн» дейді мұғалім.

Ал 93 балмен қазақ тобына грантқа түсе алмаған өскемендік Әсел Шахантаеваның анасы Айшаның пайымдауынша, грант бөлу ережесі көп талапкерге тиімсіз.

«Жыл бойы дайындалады. 93 балл алады да, қазақ тобына грантқа түспей қалады (ақылы оқуға түсудің орташа көрсеткіші – 70 балл). Ал орыс тобына 85 балл жинағандар грант ұтып алады. Бұл білімді бағалау деп айта алмаймын. Амал жоқ енді қызымызды ақылы түрде оқытамыз» дейді ол.

Ал гранттарды бөлумен айналысқан білім және ғылым министрлігінің аты-жөнін жарияламаған өкілі бұл жайтқа байланысты Азаттыққа: «Конкурс қазақ және орыс топтарының арасында жеке-жеке өткізіледі. Ал талапкерлер қай тілде оқуға құжат тапсырса да өз еріктері, еш шектеу жоқ» деп жауап берді.

Биыл талапкерлерге 34 165 мемлекеттік грант бөлінген. Оның 2 530-ы жоғары оқу орындарының даярлық бөлімдеріне, 31 635-і 1-курсына түсуге берілді. Биылғы маусым айында өткен ҰБТ-ға 92 мыңнан астам мектеп бітіруші қатысқан. Олардың 63 мыңнан астамы сынақты қазақ тілінде, 28 мыңнан астамы орыс тілінде тапсырған еді.