Екі жыл бұрын 200 теңгеге қайшы, 50 теңгеге тарақ сатып алып, тамыр-таныстарының шашын қысқарта бастаған Бауыржан «Аз ғана уақытқа мұндай деңгейге жетемін деп ойлаған жоқпын» дейді
Жамбыл облысының Қордай ауданынан 2007 жылы Алматыға қоныс аударған Бауыржан мен Жазира «Алғаш келгенде барар жер, басар тауымыз жоқ, нанға ақша таппай қиналған кездерді басымыздан жиі өткерген едік» деп, қиын күндерін күрсіне еске алады.
Бауыржан мен Жазираның отбасы құрғандарына он жыл болыпты. Бір қыз, үш ұлы өсіп келеді.
– Екі баламды Қордайда туған едім. Кейінгі екеуін осында жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүріп көтердім. Алғаш үйленгенде «өзіміз үшін» деп жүретін едік. Енді осы балалардың болашағы үшін жанталасамыз, – дейді Жазира.
ШАШТАРАЗДЫҢ ҚАҒИДАСЫ
Негізгі шаш қиюшы – Бауыржан. Оның айтуынша, шашты әр адамның кәсібіне ыңғайлап қияды екен.
– Шаштараз сізден «Қайда істейсіз?» деп сұрайды. Сіз «құр әңгіме үшін сұрап тұр» деп ойлайсыз. Ал шаштараз сіздің шашыңызды қызметіңізге қарай икемдеп қия бастайды. Ол әр мастердің басты қағидасы, – дейді Бауыржан.
– Шаш адамның көңіл-күйін өзгертеді. Кей кездері ауылдық жер болғандықтан ба, көшеден шашы өскен, ұнжырғасы түскен әйел
адамдарды көріп қаламын. Тіпті кейбіреуін салонға ертіп келіп, шашын тегін қиғызып, боятып берген сәттерім де болды, – дейді Жазира.
Оның айтуынша, «ауылда 50 шаш қиюшы бар, оның бар-жоғы бесеуі-ақ – мастер, яғни сол бес шаштаразшының ғана тұрақты клиенттері бар».
Жазираның жолдасы Бауыржан осы «бес мастердің» бірі екен. Ол шаш қиюды анасынан үйреніпті.
– Еш жерде оқыған жоқпын. Арнайы алған дипломым да, сертификатым да жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдары саудамен де айналыстым. Өз уағында дүкен де аштым. Бірақ «бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген рас екен. Ешқайсысының қайыры болмады, – дейді Бауыржан.
АҚЫРҒЫ АМАЛ - ШАШТАРАЗ АШУ
Азаттық радиосының тілшісі олардан «Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жандардың бір емес, бірнеше шаштараз ашып, бір сәтте оңалып кетуінің сыры неде?» деп сұрады.
– Бұл кәсіпке келердің алдында Гүлдала деген ауылда тексеруші-электрик болып істедім. Айлығым – 25 мың теңге. Оның өзін үш-төрт айда бір беретін. Сол кезде бір жағы электр желілерін тексеру үшін үйлерді аралай жүріп, кейбіреулерінің шашын қиып беретін едім. Қолымда базардан сатып алған 200 теңгелік қайшым мен 50 теңгелік тарағым болды. Оны жанымнан тастамайтынмын. Бірақ мені ешқандай шаштараз жұмысқа алмайтын. Бәрі сертификат сұрайтын, – деп басталған Бауыржанның әңгімесін Жазира жалғастырып әкетті:
– Қағаздан бұрын адамдар үстімізге қарайтын. Өйткені Қордайдан Алматыға келгеннен кейін бір жыл жұмыссыз жүрдік. Киім алу түгілі
нанға ақша табудың өзі мұң болды емес пе, – деп, жұбайының айтқанына түзету енгізіп қойды.
Жазираның айтуынша, аштан өлмеудің ең соңғы амалын іздеген ерлі-зайыптылар біреуден 150 мың теңге қарыз алып, Іле ауданының орталығынан шаштараз салонын ашуға бел буыпты.
«ӨЛГЕНІМІЗ ТІРІЛГЕНДЕЙ ҚУАНАТЫН ЕДІК»
– Салон ашқан күннің ертеңінде Гүлдаладан бір жігіт іздеп келіп шашын алғызды. 500 теңгені біраз уақытқа дейін айнаның астына тығып қойдым, – деп есіне алды Бауыржан. Оның сөзін қостаған Жазира:
– Есіктен біреу көрінсе, өлгеніміз тірілгендей қуанатын едік. Бір апта өткен соң күйеуіме «Бауыржан, енді біз өлмейміз» дедім, – дейді.
Біз оңашалау бір шайханада жолығып, әңгімелескен едік. Шайхана иелерінің айналамызды жинастырып, жұмыстарын аяқтап жатқанын көрген Жазира:
– Бізге жастар «оқыдым, мастермін» деп келеді. Қолдарында табақтай сертификаттары бар, бірақ тәжірибесі мен икемі жоқ. Сондықтан да болашақта арнайы шаштараз дайындайтын оқу орталығын ашсам деп талаптанып жатырмын. Бұйыртса сол орталықта кездесейік, – деп әңгіменің түйіндеді.
Мен жолшыбай шаштаразға бұрылып, сол жерде шаш алдырып отырған Данияр есімді азаматты сөзге тарттым:
– Ауыл ішінде шаштараздар өте көп. Әр бұрышты айнала қалсаң, алдыңнан шаштараз шыға келеді. Және көптігіне орай арзан да емес. Меніңше осы ауылға шашты сапалы қиятын он шаштараз болса жетіп жатыр. Шаштараздардың бәрінде топырлап кезек күтіп отырған адамдарды көрмейсің. Барсаң, көбісі бос тұрады, – дейді Данияр.
Іле аудандық статистика бөлімінің жетекшісі Сабазтай Секенұлының айтуынша, Өтеген батыр кентінде 21 мыңнан астам адам тұрады. Мұнша халыққа қызмет көрсететін – 50 шаштараз салоны. Солардың үшеуі біздің бүгінгі кейіпкерлер Бауыржан мен Жазираға тиесілі екен.