Баутино теңіз базасындағы Қашаған кенішіне қажетті теңіз операцияларын жүзеге асырумен айналысатын жұмысшылар кезекті тендерден соң қысқартуға ұшырағандарына шағымданады. Олардың айтуынша, базада жұмыс істейтін 335 жұмысшының NCOC NV (North Caspian Operating Company N.V.) компаниясының бұрынғы мердігері COSMI («Caspian Oil Services Management Incorporation Kazakhstan») мекемесімен еңбек келісім шарты мамырдың 31-інде аяқталуы тиіс.
«Локальный профсоюз Тупкараган» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлау Бастаевтың Азаттыққа мәлімдеуінше, маусымның 1-інен бастап жұмысқа кірісуге тиісті келесі мердігер НСС («НефтСтройСервис Лтд») мекемeсі жұмысшыларға 53 адамның қысқартылып әрі еңбекақының азайтылатыны туралы хабарлаған.
ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ
Форт-Шевченко қаласындағы Баутино теңіз портындағы жұмысшылардың дені порт негізі қаланғаннан бастап жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Олар өздерінің NCOC NV-ге дейін ОКИОК пен АДЖИП консорциумдарында қызмет көрстеумен айналысқандарын айтады. Солардың бірі Мұхаметжан Дәрібаев Баутино теңіз базасында 2004 жылдан бері шебер болып жұмыс істейді. Ол бес жыл сайын тендер өтіп, мердігерлікке жаңа мекеме келген кезде ешқандай қысқартусыз, өзгеріссіз келесі мердігер компанияға өтіп келе жатқандарын айтады.
- Мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Мердігер компания жаңа болғанымен, біздің атқаратын жұмысымызда өзгеріс жоқ. Ендеше неге NCOC-тың биылғы мердігері НСС бізге сынақ мерзімін қойып әрі жұмысшыларды қысқартпақ? Өз позициясында 10-15 жылдан бері жасап келе жатқан әр жұмысшы кәсіби маман емес пе? - деп сауал тастайды ол.
Оның сөзін қоштаған жиналған жұмысшылар «бұл сынақ мерзімнің артында белсенділігіміз үшін, құқығымызды талап еткеніміз үшін қудалау тұр» деп уайымдайтындарын айтты.
- Арамыздан жұмыс берушімен келісімге келетін өкіл сайладық. Себебі 300 адамның басын қоса беру мүмкін емес. Алайда НСС енді соларды тізімге алып, кейін «сынақтан өтпеді» дегісі келіп отыр деп санаймыз, - деді ол.
Жүк ілуші Қазыбек Маханбетов жаңа мердігердің айлықтарын сағаттық тариф бойынша емес, бекітілген айлық еңбекақы ретінде есептегісі келіп отырғандарын айтады. Ол әр істеген сағатының бұрынғы келісім бойынша 2089 теңге 38 тиыннан бағаланып келе жатқанын айтты.
- Бірақ жаңа жұмыс беруші оны ескергісі келмейді. 14 немесе 28 күн жұмыс істесек те, бір айлықпен есептемекші. Біз онымен келіспейміз, жалақымызға тиіспеуді талап етеміз, - дейді ол.
Кәсіподақ төрағасы Сайлау Бастаев жұмысшылардың жаңа мердігерден еңбек ақыны азайтпауды, жұмысшыларды қысқартпай ескі құраммен толық қабылдауды, мерзімсіз келісімшарт жасауды талап етіп отырғанын айтты. Ол жұмысшылардың кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде өзіне және Маңғыстау облысы әкімінің атына сәуірдің 30-ында қолдары қойылған хат жолдап, онда қысқартуды болдырмау үшін басқа мердігер компанияға өтуді сұрайтындарын баяндаған.
Дәл осындай хат NCOC мұнай консорциумы қатысушыларының бірі «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың да атына жолданған.
- Осы уақытқа дейін ешқандай жауап болмаған соң жұмысшылар жаппай мамырдың 17-сі мен 20-сы аралығында маусымның 1-інен бастап аштық жариялауға мәжбүр екендіктерін ескертіп, жергілікті әкімдікке арыз тапсырды,- дейді Сайлау Бастаев қолындағы арыз түбіртектерін көрсетіп.
Сайлау Бастаевтың пікірі:
Your browser doesn’t support HTML5
НСС ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ
НСС компаниясы Маңғыстау филиалының директоры Бекет Оспановтың айтуынша, жұмысшыларды қысқартып отырған отырған НСС емес. Ол өздерінің жұмысшылармен бірнеше мәрте жиналыс өткізіп, жағдайды түсіндіргенін айтады. Оның сөзінше, «үлкен жиналыстарға қатысқан құзырлы орындар» жұмыс берушіні қолдаған. Бекет Оспанов қысқартылатын жұмысшыларға НСС компаниясының Атыраудағы объектілерінен жұмыс ұсынып отырғандарын да ескертті.
- Бізге NCOC тек 284 адамға ғана келісім-шарт беріп отыр. Жалақыларын қысқартпаймыз, сол күйінде қалдырамыз. Бірақ олар бұрын қанша алып жүргендерін айтуы керек. Оларды сынақ мерзімінен өткізуіміз заңды, егер олар осы уақытта техника қауіпсіздігін бұзбаса, жылдық келісімшарт ары қарай жалғасады, - деді ол.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық тілшісі NCOC компаниясының БАҚ пен байланыс жөніндегі бөлім кеңесшісі Айнаш Шеңгелбаеваның қол телефонына бірнеше мәрте қоңырау соққанымен хабар алу мүмкін болмады. Компанияның Баутинодағы филиалының қызметкерлері жауапты тек сол бөлімнен алу керектігін айтты.
Биылғы келісімшарттан түсіп қалған үйлестіруші, портшы, жүк ілуші тәрізді позициялардың жұмысшылары НСС компаниясының бұл уәдесіне сене алмайды. Олар жұмыс беруші айтқан оның Атыраудағы объектілерінен жұмыс сұрай барғанымен, нақты жауап естімегендерін айтады.
Бақтыгерей Қазиев бұрын портшы болып, келген кемелерді қабылдап, жөнелтумен айналысқан. Тендерден соң оның жұмыс орны қысқарғандықтан, жұмыс беруші ұсынған жұмыс орынды сұраса, «әлі белгісіз, резервке қоямыз» деген жауап естіген.
Маңғыстаудағы Баутино теңіз операцияларына қолдау көрсету порты 1998 жылы салынған. Солтүстік Каспийдегі Қашаған кенішін (жалпы геологиялық қоры – 35 млрд. баррель) игеруге дайындық жұмысы қарқын ала бастағаннан бері порт теңіздегі мұнай өндірісінің негізгі материалдық-техникалық орталығына айналды. Аумағы 100 гектар базаға құрамында ENI (16,81%), Shell (16,81%), ExxonMobil (16,81%), Total (16,81%),, CNPC (8,33%)., Inpex (7,56%) және KMG (16,81%), компаниялары кірген North Caspian Operating Company (NCOC) мұнай консорциумы иелік етеді. Ол иегеретін аумақ Қашаған кенішіне қоса, Қаламқас, Ақтоты және Қайран кен орындарын да қамтиды.
НСС компаниясы Қазақстанның Атыраудағы «Теңізшевройл» компаниясының газ өндіру зауыты өндірісінің мердігері. Онда 4000 адам еңбек етеді.