Қазақстан адам құқықтары жөніндегі келісімге қол қойғанымен, оны орындамайды

Ақорда - Қазақсан президентінің Астанадағы резиденциясы. Ресми сайттағы сурет.

Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні осыдан бес жыл бұрын бекіткен. Алайда оның ережелері Қазақстанда өрескел түрде бұзылады дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері шамамен 18 халықаралық құжатты бекіткен. Оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 1966 жылдың желтоқсан айында қабылдаған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакті де бар. Қазақстанның Конституциясы бойынша, мемлекеттің өзі бекіткен халықаралық келісімдер ұлттық заңдардың алдында басымдыққа ие және дәлме-дәл қолданылады.

Қазақстанда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің, сонымен бірге Конституцияның адам құқықтары саласындағы баптары өрескел түрде жиі бұзылып жатады.

Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар Қазақстанның өз Конституциясы мен мемлекет осыдан бес жыл бұрын бекіткен Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің нормаларын сақтамау себептері мен салдарларын талқылайды.

Пікірталасқа қатысатындар: Виктория Тюленева – Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро жанындағы құқық қорғау орталығының заңгері және жетекшісі; Әміржан Қосанов – Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының бас хатшысы; Вячеслав Калюжный – Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі.

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандағы уәкіл Асқар Шәкіров пен Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев пікірталасқа қатысудан бас тартты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.

ПАКТ НОРМАЛАРЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Жүргізуші:

– Халықаралық пактінің қатысушысы ретінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің барлық азаматтық және саяси құқықтарды пайдалануына бірдей мүмкіндікті қамтамасыз етуі керек. Қазақстанда азаматтардың саяси құқықтары, мысалы қауымдастық бостандығы, бейбіт жиылыстар, шерулер мен митингілер өткізу, сайлау мен сайлану құқықтары сақтала ма?

Вячеслав Калюжный:

– Мен адам құқықтарына өкілетті мекеменің атынан келіп отырмын, адам құқықтарына өкілетті аппараттың жетекшісімін. Біздің мекеме Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық деп аталады. Соңғы уақыттарда елімізде (орталық деңгейде болсын, аймақтарда болсын) көптеген мықты саясаткер әйелдердің өсіп шықты. Сондықтан да әйелдердің саяси құқықтары сақталмайды деп айтсақ, әділетсіздік болып шығар еді.

Ал енді барлық азаматтардың саяси құқықтары жайына келсек, әрине, бұл салада талқыға түсетін мәселелер өте ауқымды. Қазақстанда саяси құқықтар өрескел түрде бұзылмайды. Осы құқықтар бұзылмас үшін мемлекет жағдай, заңнамалық мүмкіндіктер жасаған.

Ал енді құқықтардың бұзылу фактілеріне келсек, бұл азаматтардың құқықтарын, оның ішінде саяси құқықтарын да бұзатын кейбір жекелеген шенеуніктердің әрекеті деп ойлаймын.

Виктория Тюленева:

– Біздің ұйымның және жеке өзімнің пікірімше, бүгінгі күні Қазақстанда әсіресе азаматтардың саяси құқықтарын және содан соң азаматтық еркіндіктерін жүзеге асыруда елеулі проблемалар бар. Бұны мен ерекше бөліп айтқым келіп отыр.

Калюжный мырзаның «Елімізде адам құқықтары жекелеген жағдайларда ғана бұзылады» деген пікірімен келіспеймін. Бізде, керісінше, азаматтардың пактіде қарастырылған саяси және азаматтық бостандықтары жалпы алғанда сақталмайды.

Әміржан Қосанов:

– Конституцияда жазылған құқықтар мен бостандықтардың жүзеге аспайтындығына соңғы жылдары болып жатқан жағдайлар куә бола алады. Конституцияның жап-жақсы пункттеріне демократияға жат заңдар тосқауыл болып жатыр.

Мысалы, сіздер жиылыс еркіндігі туралы айттыңыздар. Қазақстанда митинг немесе шеру өткізу үшін Конституцияны белден басатын кедергілер бар.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.


Сіздер бірлестік құру құқы жайында айттыңыздар. «Азат» ЖСДП партиясының өз атауын қайта тіркеуден өткізе алмай келе жатқанына бір жыл үш айдың жүзі болды.

Сіздер сайлану және сайлау құқы жайында айттыңыздар. Референдум туралы идея іске аспай қалған соң билік үгіт-насихат науқанына уақытты барынша аз қалдырып, асығыс түрде мерзімнен бұрын сайлау өткізуге жанталасып жатқанын көріп отырсыздар ғой.

Сол себепті Калюжный мырза әңгімені әйелдер құқы мәселесінен бастап, әйелдерге қатысты біздің қарым-қатынасымызды сипаттайтын көрсеткіштерді бекерден бекер тізіп шыққан жоқ деп ойлаймын. Мүмкін оның айтқандары бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ «Азат» ЖСДП-ның Қазақстан азаматтары болып табылатын 250 мың мүшесі заңды түрде тіркелген ұйымның құрамында болу құқын бір жыл үш айдан бері не үшін жүзеге асыра алмай отыр?» деген сұрақты сіздің орталық әділет министрлігіне неге қоймайды, Калюжный мырза?

Сіз азаматтардың құқы мен бостандығының бұзылуы жайында бірде-бір мысал келтірмедіңіз. Азаматтар көкейтесті мәселелер бойынша митингілер өткізе алмайды, азаматтар өздерінің саяси партияларын тіркей алмайды, азаматтарға ақпаратты тарату, алу құқын жүзеге асыруына кедергі жасайды.

Тәуелсіз газеттерге қатысты сот процестері сізге белгілі. Егер мемлекет шынымен де бұны жақтайтын болса, онда адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық не себепті Евгений Жовтисті, Рамазан Есіргеповты, Айдос Садықовты және тек саяси уәжбен түрмеде отырған өзге де адамдарды жақтап ең болмаса бір рет сөйлеген жоқ? Неге? Бұл жерде біз Қазақстандағы іргелі қарама-қайшылыққа келіп тірелеміз. Бұның барлығы биліктің өзгеше ойлайтындар, оппоненттер, сынайтындар жоқ жағдайда өмір сүргісі келетіндігінің көрінісі.

Өкінішке қарай, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, адам құқықтары жөніндегі комиссия дегендер конституциялық және саяси құқықтары мен еркіндіктері бұзылып жатқан қарапайым азаматтардың жоғын жоқтайтын ұйымдар емес. Олар жай статистер мен дәрменсіз органдар ғана. Олар бар болғаны қазіргі билікті заңдастырады. Азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына байланысты адам құқықтары жөніндегі комиссияның оларды нақты және табанды түрде қорғап сөйлегені жайында бірде-бір рет естіген емеспін.

СОТТАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ӘДІЛ?

Жүргізуші:


– Қазақстанда өткен екі жылдың ішінде ғана бірқатар шулы істерге қатысты сот процестері өтті. Бұл сот шешімдері тек ел ішінде ғана емес, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да наразылығын тудырды. Бір іс бойынша, тіпті, АҚШ президенті Барак Обаманың қазақ әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарласты. Сот әділдігіне құқық беретін, азаптауларды қолдануға тыйым салатын Халықаралық пактілердің нормалары Қазақстанда мүлтіксіз сақтала ма?

Виктория Тюленева:

– Жоқ, олай айтуға болмайды. Өткен жылы да, оның алдыңғы жылы да Қазақстанда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің жекелеген баптары көп бұзылды.

Иә, шынында да халықаралық қоғамдастық пен халықаралық құқық қорғау ұйымдары халықаралық стандарттарға ешқандай сай келмейтін сот процестері мен шешімдеріне қатысты теріс пікірлері мен қарсылықтарын бірнеше мәрте білдірді. Бұлар әр адамның сот әділдігіне қатысты құқына мүлдем сай келмеді.

Бұл баптар мен пактілер Қазақстанда халықаралық стандарттарда қарастырылғандай жүзеге асырылып жатыр деп айтуға болмайды.

Осы тұрғыда біздің ұйымның директоры Евгений Жовтистің ісі жайында айтпай кете алмаймын. Бұл құқық қорғаушылар арасында бірінші әйгілі іс шығар.

Осыған ұқсас Рамазан Есіргеповтің ісі бұдан сәл бұрынырақ болған сияқты. Елдің саяси өмірінде барынша белсенділік танытқан Ермек Нарымбаевтың, Айдос Садықовтардың істері бар. Бұдан басқа да толып жатқан мысалдар бар. Оларды дөңгелек үстелге қатысушылар білмеуі де мүмкін. Қарапайым адамдар келіп, елдің соттары әділетсіз деп шағымданатын мысалдар да бар.

Вячеслав Калюжный:

– Ешқандай заң нормалары сақталмайды деп айта беруге болады, әрине. Бірақ бұны мен мүлдем шындыққа сай келмейді деп ойлаймын. Өткен жылы Қазақстан әмбебап мерзімді шолу бойынша есеп берді, азаптауларға, нәсілдік кемсітушілікке қарсы комитет алдында есеп берді. Міне сол кезде Тюленева ханым айтқандай нашар жағдай байқалған жоқ.

Биыл біздің мекемеге азаптауларға байланысты шағымданғандар саны екі
Вячеслав Калюжный – Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі.
есеге қысқарғанын нақты айта аламын. Біз бұл мәселемен барынша көп және шындап айналысамыз.

Үкіметтің шақыруымен Қазақстанға азаптауларға қарсы арнаулы баяндамашы Новак мырза келді. Новак мырзаның және азаптауларға қарсы комитеттің ұсынуымен үкіметтің азаптауларға қарсы күрес жөніндегі шаралары жасалды.

Қылмыстық кодекстегі «азаптаулар» бабына түзету енгізілді, енді ол бап азаптауларға қарсы Конвенцияға сай келеді. Қызметкерлермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өкілдің мекемесінде де бұл жұмыс жақсылап жүргізіліп жатқандығын айтқым келеді. Қазақстан Азаптауларға қарсы конвенцияның факультативтік хаттамасын бекіткен соң ғана адам құқықтары жөніндегі өкіл жанынан жұмысшы тобы құрылды. Өткен жылы біз осы мәселе бойынша арнайы баяндама даярладық.

Қазір азаптауларға қарсы үздіксіз күрестің ұлттық моделі жасалып жатыр. Бұл істі омбудсмен басқарып, аймақтарда қоғамдық-бақылау комиссиялары жұмыс істейді деп жоспарланды. Соңғы кездері көптеген үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артты. Жоғарғы сот, бас прокуратура бұл мәселе бойынша көптеген құжаттарды қабылдады.

Сондықтан бұл айтылғандармен келіспеймін. Кемшіліктер бұрын да болды, қазір де бар, болашақта да болмақ. Бұдан қашып құтыла алмайсың. Әлгінде айтқанымдай, бұл – жекелеген шенеуніктердің әрекеті. Мемлекет түрлі шаралар қабылдап жатқанымен, өкінішке қарай әзірге олар толыққанды орындалмай отыр.

Сот шешімдеріне келсек, біздің мекемге де көптеген шағымдар келіп түседі. Оның 20 пайызы сот шешімдерімен келіспеу жайымен байланысты. Бірақ сот жүйесінің де бір орында тұрып қалмай, онда да реформалар жүріп жатқанын айту керек. Жыл сайын «Судьялардың мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Сот жүйесі әлдебір советтік қасаң қағидаларды ұстанып қалды десек, бұл да дұрыс емес. Керемет жақсы жағдайға жетпегенімен, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан, пактінің нормалары толық сақталмауы мүмкін, бірақ жалпы алғанда олар сақталады.

Әміржан мырзаға айтарым, өз өкілетіміз аясында Жовтистің де, Есіргеповтің де, өзгелердің де істерімен айналыстық. Біз бұл мәселелерді көтеріп, тиісті мемлекеттік органдардың алдына қойғанбыз. Бірақ соттың аты – сот.

Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактілердің 7 және 14-баптарын жүзеге асыру мәселесінде белгілі бір кемшіліктер бар. Бірақ мемлекет елеулі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жүргізуші:

– Калюжный мырза, Қазақстан Жоғарғы соты Қылмыстық істер жөніндегі алқасының бұрынғы төрағасы Өтеген Ықсанов Азаттық радиосына берген сұқбатында «қазіргі Қазақстанға қарағанда совет өкіметі кезіндегі соттардың барынша тәуелсіз болғандығына өз тәжірибем арқылы көзім жетті» деген еді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

Вячеслав Калюжный:

– Совет Одағы кезінде мен бұл мәселелермен айналысқан жоқпын. Сондықтан қандай да бір салыстырулар жасай алмаймын. Бірақ қазіргі уақытта сот жүйесі тәуелсіз деп айта аламын.

Әміржан Қосанов:

– Біріншіден, Калюжный мырзаның сөзіне орай оған Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың құзіреттілігіне байланысты мынадай тәжірибе жасауды ұсынамын. Ертең сағат 9-да әділет министрлігінен «Азат» ЖСДП құру туралы 250 мың қазақстандықтың құқықтары неге бұзылып отырғаны жайында құжат сұрап көрсін.

Егер ол адам құқықтары жөніндегі комиссия болса, онда осы мәселемен айналыссын. Егер осыдан кейін Калюжный мырза бірлескен партияны «Азат» ЖСДП деген атпен тіркеуге тыйым бар екендігін маған ұғымды қылып түсіндіріп берсе, мен онымен келісіп, одан жария түрде кешірім сұрауға дайынмын.

Соттарға келсек, шулы саяси сот процестері жайында Викторияның айтқаны дұрыс. Бірақ, кешіріңіздер, онда Қызылорда облысының Арал ауданындағы менің жерлесім, қарапайым қазақстандық туралы кім айтады? Соттың қажетті шешімін алу үшін кәсіпқой адвокатқа барудың қажеті жоқтығын, бұның бекер әңгіме екендігін, оның орнына әлгі соттың қолына бір нәрсе қыстыру қажетттігін барлығы да біледі.

Неге? Өйткені қарапайым ғана екі себепке байланысты бүкіл жүйе сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан. Біріншіден, бізде судьяларға қоғамдық
Біздің президентіміз Астанада отырып бұл судьяның іскерлік, тұлғалық, моральдық сипаттарын қайдан біледі? Жемқорлық!
бақылау жоқ. Екіншіден, менің туған жерім Аралдың өзінде судьяны президент Назарбаев тағайындайды. Біздің президентіміз Астанада отырып бұл судьяның іскерлік, тұлғалық, моральдық сипаттарын қайдан біледі? Жемқорлық! Аудандық, облыстық саты, облыстар мен жер-жерлердегі әділет органдары белгілі бір кандидатты сүйемелдейді. Олар қалай сүйемелдейді? Ешқандай бақылау жоқ. Әрине, осыдан кейін бұл соттар сонау төменде отырып жоғарыға бергенін қайтарып алғысы келеді.

Сіз мені кешіріңіз, Калюжный мырза. Бірақ сіз мүлде өзге бір мемлекетте өмір сүріп жатқан сияқты болып көрінесіз маған. Сіздің қазақстандық соттарда істерін шешетін достарыңыз, туыстарыңыз, таныс бизнесмендеріңіз жоқ па? Сондықтан да біз шулы саяси соттар жайында ғана айтамыз. Бірақ, сонымен бірге, қарапайым қазақстандық жөнінде де айту керек.

Пайда көбірек түсетін істі өзіне алу үшін судьялардың бір-бірімен төбелесетінін, соттағы осындай бассыздықтар жайында да айту керек. Біздің соттарымыз ресми олигархтардан да бай тұрады. Маған өз жалақысына өмір сүріп жатқан судьяны, оның қандай пәтерде тұратынын, туыстарының қандай бизнеспен айналысып жатқанын көрсетіңізші. Мен бүкіл судьяларды қаралағым келіп отырған жоқ. Бірақ осындай үрдіс бар. Біз осы елде тұрып жатырмыз, біз бұны аудандық, облыстық, орталық деңгейде көріп отырмыз.

Жергілікті жерлердегі судьялар сайланып, олар өздері тағдырларын шешетін халықтың алдында есеп бермейінше, сотқа келген әрбір азамат бұл судьяны сайлап, оның әрекетін талқылай алатындығын білмейінше және сот жүйесі атқарушы билік органдарынан тәуелсіз болмайынша біз Калюжный мырза айтып отырған жағдай жайында еш нәрсе дей алмаймыз.

ПАРКИНСОН ЗАҢЫ

Жүргізуші:


– 20-ғасырдың басында қазақтың ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының көсемдері «Қазақ» деген жалпыұлттық жалғыз газет арқылы өз халқының саяси және құқықтық сауатсыздығын жоюға бар күштерін салды. 21-ғасырдың басында Қазақстан билігі халықтың құқықтық және саяси сауатын арттыру үшін қандай да бір шаралар жасап жатыр ма?

Әміржан Қосанов:

– Құқықтық тәрбие бойынша белгілі бір жұмыстар жасалып жатыр. Ұлттық телеарналар мен басылымдарда азаматтардың сауатын ашуға бағытталған айдарлар жоқ деп айтуға болмас. Халық сауатты болған сайын, жеке бір азамат полицейге, қаржы полициясына, прокурорға, судьяға қатысты өз құқын білген сайын оның әрекетінің тәуелсіз болатындығы түсінікті.

Жалпы, мемлекет үйретпесе де, азаматтар өз құқықтарын біледі. Бірақ әрбір азамат немесе оның отбасы осы жүйеге байланып қалған болса, онда олар өздерінің саяси бостандықтары мен құқықтарын қалай жүзеге асырады? Біреуі әкімдікте, екіншісі бюджеттік мекемеде жұмыс істейді, әлдебір бизнесмен тендерге, бизнестік жұмыстарына байланысты жергілікті әкімдікпен байланысты. Сондықтан ол осы тоталитарлық жүйенің қармауыштарына шырматылып қалған.

Қазақстан жағдайында құқық органының бір өкіліне, әкім мен судьяға қарсы дауыс көтеру үшін біліммен қатар мінез бен батырлық қажет дер едім. Сондықтан мұндай жұмыс жеткіліксіз түрде жүргізілгенімен, оның тенденциялық сипаты бар. Ол қазіргі биліктің қоғам өміріндегі монополиялық жағдайына зиянын тигізетін іргелі саяси бостандық пен құқық жайына жоламайды. Сондықтан бұл жұмысты түбірімен өзгертіп, тек құқықтық жүйені ғана жетілдіріп қоймау керек.

Жақында президент құқық жүйесінің реформасын жүргізді, бірақ анау Ресейдің өзінде қандай заңдар қабылданып жатқанына қараңыздаршы. «Полиция туралы» заң бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Президент Медведев бастама көтеріп, осыдан соң интернетте арнайы сайт ашылып, күнделікті өмірде полицейлермен, прокурорлармен, соттармен бетпе-бет келіп жүрген ондаған мың ресейліктер осы сайт арқылы ұсыныстарын жасады. Ресейдің қоғамдық палатасы осы тақырыпқа жұмыс істеді. Ол жерде барынша белгілі, беделді адамдар отыр.

Қазақстан жайында не айтуға болады? Иә, реформалар жүргізіліп жатады. Бірақ бұл реформалар Жоғарғы сот төрағасы, бас прокурор немесе ішкі істер
Паркинсон заңы бойынша, әрбір полицей, прокурор, судья президентке өздеріне ыңғайлы ұсыныстарды жасайтын болады
министрі президентке кіріп, осы реформаның барысын талқылаған соң ғана жүргізіледі. Қандай да бір заң жобалары бойынша сарапшы болатын парламент, азматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдары, қоғамдық институттар қайда?

Біздің президентіміз жақсы бір бастама туралы айтқан болар, бірақ өкінішке қарай реформаны осы бастамаларды жүзеге асыратындардың өздері жүргізеді. Паркинсон заңы бойынша, әрбір полицей, прокурор, судья президентке өздеріне ыңғайлы ұсыныстарды жасайтын болады. Сондықтан мұндай реформалар сырттай әп-әдемі болып көрінгенімен, ешқандай тиімсіз. Ол қарапайым қазақстандықтар үшін қажетті әділеттік пен сот әділдігі принципіне алып келмейді.

Виктория Тюленева:

– Мен де азаматтардың сауатын ашу, адам құқықтары мәселесіне қатысты мемлекет түк істеп отырған жоқ деп айтпас едім. Бірақ бұл жерде үлкен бір кілтипан бар. Мемлекеттік органдардың жасамақ болып жатқан әрекеттерінің барлығы бір түрлі шашыраңқы, жүйесіз, белгілі бір стратегияға бірікпеген сияқты болып көрінеді.

Адам құқықтары мәселесіне байланысты біздің іс-әрекет жоспарымыз болды. Онда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ұсынған адам құқықтары саласындағы бүкіләлемдік бағдарлама, құқықтық білім беру жайында айтылған. Біз бұл
Кейде маған «біздің билікке сауатсыз, өз құқықтарын білмейтін және оны қорғай алмайтын адамдар қажет шығар» деген ой келеді
жайында әңгімелестік, бірақ әңгіме ұлттық жоспардан арыға барған жоқ.

Кейде маған «біздің билікке сауатсыз, өз құқықтарын білмейтін және оны қорғай алмайтын адамдар қажет шығар» деген ой келеді. Өйткені әлгінде айтқанымдай, құқықтық білім беруге қатысты жасалған әрекеттердің барлығы шашыраңқы немесе бірыңғай жүйемен ғана тұйықталып қалған.

Вячеслав Калюжный:

– Бұл жұмыстар жүйесіз жүргізіліп жатыр деген Тюленева ханымның сөзімен келісемін. Шынында да, 2006 жылы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен, білім министрлігінің қолдауымен бүкіләлемдік бағдарламаның бірінші кезеңінің аясында республикада адам құқықтарына байланысты білім берудің 2006-2007 жылдарға арналған Ұлттық жоспары жасалған. Өкінішке қарай, оның жұмыс істеу мерзімі біткен соң үкімет оны бақылаудан алып, бұл жұмыс жалғаспай қалды. Бірақ қазір екінші кезеңі басталды.

Сонымен бірге әлдебір жүйесіз әрекеттер де бар. Атап айтқанда, адам құқықтары саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық жоспарда аталған мәселеге қатысты тұтас бір бөлім бар. Мен онда не жазылғанын айтпай-ақ қояйын. Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру, оларды құқықтық жағынан оқыту, тәрбиелеу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған үкіметтік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Әділет министрлігі жанынан тіркеу қызметі және азаматтар мен халыққа құқықтық көмек көрсету жөніндегі комитет құрылған. Бірақ халықтың құқықтық сауатын көтеруге қажетті жүйеленген жұмыс үшін бұл аздық етеді. Сөз жоқ, сауатты адам өз құқын қалай қорғау керектігін біледі, мұндай жағдайда түрлі сатыларға шағымдар азырақ жазылатын болады. Тұтастай алғанда бұдан мемлекет ұтады.

Өкінішке қарай, қазір біздің азаматтар, әсіресе ауылды жерлерде ешқандай құқықтық көмек алмайтын жағдайлар да бар. Құқықтардың бұзылуы, адамға тиісті білікті көмек көрсетілмеген соң мәселелерді соттардың қарауы сияқты теріс салдарлар осыдан барып шығады.

Біздің азаматтарымыз саяси сауатты, өздерінің азаматтық құқықтарын біліп, кез-келген уақытта құқықтарын өздіктерінен қорғай алатын деңгейге жету үшін, адамның құқықтық сауаты, құқықтық білімі, адам құқықтары саласындағы білім деңгейі осыған қажетті деңгейге жетуі үшін біздің мемлекетімізге әлі талай жұмыс істеуге тура келеді.

СОТ АЛДЫНДА БАРЛЫҒЫ ТЕҢ БЕ?

Жүргізуші:


– Қазақстан осыдан бес жыл бұрын бекіткен Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 14-бабында «Соттар мен трибуналдардың алдында барлық адам – тең» делінген. Қазақстанда бұл пункт мүлтіксіз орындалып жатыр ма?

Виктория Тюленева:

– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Бұған Жәкішевтің ісін мысал ретінде келтірер едім. Осыған дейінгі айтқандарым және дәл осы оқиға «сот пен заң алдында барлық адам – тең» деген принциптің Қазақстанда жүзеге аспайтындығының дәлелі.

Жүргізуші:

– Калюжный мырза, Қазақстанда «Ұлт көшбасшысы туралы» заң қабылданды. Оған сәйкес қазіргі президент ешбір әрекет үшін сотқа тартылмайды. Бұл халықаралық пактіге қайшы келмей ме?

Вячеслав Калюжный:

– Мен оның халықаралық пактіге қайшы келетіні немесе келмейтіні жайында айта алмаймын. Бірақ елде заң қабылданған соң барлығы оны орындауы керек.

Әміржан Қосанов:

– Жауап бермес бұрын мен Калюжный мырзаның айтқанын толықтырып кетсем бе деп едім. Біріншіден, біз құқықтың өзін өзгертуіміз керек. Егер Қазақстан азаматына «иә, сен Конституция бойынша жиналыс, шеру, митинг өткізуге құқылысың, бірақ заң бойынша сен әкімнен рұқсат сұрауың керек» десе, оның қандай айырмашылығы бар, бұл қандай құқықтық білім?

Сондықтан да ол халықаралық стандарттарға сай келуі үшін құқықты өзгерту керек. «Еуропаға жол» деген жап-жақсы атауы бар бағдарламаға біздің президенттің өзі қол қойды. Дәл сонда «Қазақстан еуропалық демократиялық құндылықтарға қарай ұмтылады» деген әп-әдемі сөздер бар. Ал енді ана жақта митингілермен, шерулермен, оппозициялық партияларды тіркеулермен байланысты жағдай мүлдем басқаша.

Мен Қазақстанда азаматтардың барлығы сот алдында тең емес деп есептеймін. Өйтпеген жағдайда мен оппозицияға кетпеген болар едім.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Баршаңызға рақмет.