Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек пен Керей хандардың ескерткішінен қырсық арылмай қойды. Ескерткіштің ашылуы техникалық себептерге қатысты кейінге шегерілді делініп отыр.
ЕНДІГІ МӘСЕЛЕ – ТҰҒЫРДА
Қазақ хандығының негізін салушылар Жәнібек пен Керей ескерткішінің 27 мамырға белгіленген ашылу салтанаты, кейбір деректерге қарағанда, 31 мамырға шегеріліпті. Естеріңізге сала кетсек, бұл күн - Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл ескерткіш Астананың ескі бөлігіндегі қаржы министрлігі ғимаратының алдындағы алаңға қойылмақшы.
Астана қалалық әкімдігі баспасөз қызметі ескерткіштің ашылу салтанатының шегерілуі техникалық себептерге байланысты екендігін хабарлап отыр. Нақтылай айтқанда, салмағы 15 тонналық ескерткіш орнатылатын тұғырдың сапасы қалалық әкімдік тарапынан күмән тудырып отырса керек.
Баршаға белгілі, бұл - Жәнібек пен Керейге соғылған екінші ескерткіш. 2007 жылдың қазан айында Астанада өткізілген шығармашылық бәйге нәтижесінде бекітілген алғашқы ескерткіштің ауторы мүсінші Сембіғали Смағұлов болатын. Оның жобасы
Керей мен Жәнібек хандар мүсіндерінің авторлары Қанат Нұрбатыров (сол жақта) пен Сембіғали Смағұлов. Астана, 17 қараша. 2009 жыл.
бойынша бекітілген ескерткіш Қытай шеберханаларында жасалған. Бұл - Астана қаласын Асқар Мәмин басқарып тұрған тұста болған оқиға. Алайда Асқар Мәминнің орнына Астана әкімі болып келген Иманғали Тасмағамбетов бұл ескерткішті Тәуелсіздік сарайының алдына қоюдан бас тартты. Сөйтіп тарихи тұлғалардың ескерткіштері көзден тасалау жерге тасталды. Қазір оның тағдыры белгісіз. Ал осы ескерткіштің ауторы Сембіғали Смағұловты БАҚ өкілдері қанша іздесе де, таба алмай жүрген жайы бар. Иманғали Тасмағамбетов өзінің ескерткіштің бұл жобасынан бас тарту себебін «рұқсат құжаттары» болмағандықтан деп түсіндірді.
Бұл шешім қоғамда қызу пікірталас тудырды. Ескерткішті жаратпағандар хандардың бет-бейнелерінің қазаққа келмейтінін айтып, қытайға ұқсаңқырап кеткен деп айыптаумен болды. Осыған байланысты ескерткіштің алғашқы сызбаларының ауторларының бірі, мүсінші Тоқтар Ермеков Азаттық радиосына былай деп түсініктеме берді:
- Мысал үшін қазақтардың өзін алатын болсақ, олардың біреулері орысқа келсе, енді біреулері моңғолдарға ұқсайды. Қазақтар өзге де ұлттарға ұқсас болып келе береді. Сондықтан, менің ойымша, ол ескерткіштердегі адамдар қытайларға ұқсап кеткен деп кесіп айтуға болмайды.
ПРЕЗИДЕНТ ЕСКЕРТКІШІ ЖАЙЫНДАҒЫ СӨЗ
2009 жылдың желтоқсан айында жарияланған жаңа бәйгенің қорытындысы бойынша күтпеген жерден астаналық жас мүсінші Ринат Әбенов жеңіп шықты. «Мүсінші белгісіз жас жігіт екен. Мен оны ешқашан көрген емеспін. Мен жастары келген мүсіншілерді құрметтеймін. Бірақ қазір жастар суырылып алға шығып келеді», - деді Астананың бас дизайнері Сағындық Жанболатов Азаттық радиосына бәйге қорытындысы біткен соң берген сұқбатында.
Ал Ринат Әбенов ескерткіш жайлы алып-қашты сөзге тоқтау салуға, БАҚ өкілдерімен кездесуге құлықты болмай шықты.
Даяр болған ескерткіштерді көріп танысқан соң Жәнібек пен Керейдің бет-бейнелерінің өзгергенін байқадық. Енді бұған қатысты талас тумауы керек. Есесіне, елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш тұрғызу туралы ұсыныстар айтыла бастағаны қызық болды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Абдулла Гүл Астанада. 25 мамыр, 2010 жыл.
Бәрінен қызығы - Назарбаевқа ескерткіш орнату идеясын Түрік Республикасының президенті Абдулла Гүл айтты. Ол Қазақстанға жасаған үш күндік ресми сапары барысында, мамырдың 26-сында Түркия астанасында Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылатынын мәлімдеді.
Бұдан бұрын ол қазақ әріптесіне түркі әлемінің жетекшісі ретінде биліктің аса таяғын табыс еткен болатын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы ретте «ұлт көшбасшысы» мәртебесін беретін заң мәселесін де шешіп алуы керек. Мұндай әдеттен тыс заң жобасына Қазақстан парламенті ұйытқы болған еді.
Ал парламент мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов мамырдың 27-сінде, Анкарадан қалып қоймас үшін, Астанада тез арада Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою мәселесін көтерді.