Қырғызстанның Уақытша үкіметінде қазақ азаматы жұмыс істейді

Қырғызстан мемлекеттік қаржы полициясы қызметі төрағасының міндетін атқарушы Еркін Бөлекбаев

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанды емес, Құрманбек Бакиевті азаматтық соғыстан құтқарып қалды дейді Азаттық радиосына берген сұхбатында Еркін Бөлекбаев. Оның өзі Бакиев режимі түрмесінен босатылып отыр.

Шу облысы Соқұлұқ ауданында дүниеге келген, Қырғызстан мемлекеттік қаржы полициясы қызметі төрағасының міндетін атқарушы Еркіннің ұлты – қазақ. Оның ата-бабалары Қырғызстанға 1930 жылдары өтіп кеткен екен. Еркін Бөлекбаев экономика және заң шығару салалары бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын «Қызыл октябрь» колхозы егіншілер бригадасының есепшілігінен, ал саяси қызметін комсомолдан бастаған. 1998-2005 жылдары Қырғызстан жоғарғы кеңесінің екі шақырылымының депутаты болған Еркін Бөлекбаев Жасылдар партиясын басқарады.

Сонымен бірге, Қырғызстан қазақтарының «Алаш» қоғамдық қозғалысының төрағасы қызметін атқаратын Еркін Бөлекбаев 2009 жылдың 27 сәуірінен 2010 жылдың 8 сәуіріне дейін саяси тұтқын болды. Бішкекте ҰҚК-нің тергеу абақтысында отырды. Оны түрмеден Құрманбек Бакиевтің режиміне қарсы көтерілгендер босатты.

БАКИЕВТІҢ БАС САУҒАЛАУЫ

- Әңгімені президенттік биліктен аласталған Құрманбек Бакиев жайынан бастасақ. Минскідегілер Қырғызстанның жаңа билігінен оны экстрадициялау туралы құжаттарды алғанын мойындай салысымен Бакиев ұшты-күйлі жоғалды. Енді ол Түркияда бас сауғалап жүр деседі. Ал сіз өзіңіз президент Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді түрде араласуымен болған Бакиевтің бас сауғалау оқиғасын қалай бағалайсыз?

- Уақытша үкімет төрайымы Роза Отынбаева келісім берген соң ғана Назарбаевқа Бакиевті алып кету мүмкін болды. Бірақ Бакиевтің жексұрындығы соншалық - енді ол жазықсыз жапа шеккен адам бола қалыпты. Назарбаевтың да одан көңілі қалып, осындай қарақшыны құтқарғанына өкініп жүрген болар. Ал егер Бакиев елде қалған болса, онда оның өзіне де, әулетіне де қиын болар еді.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев. Минск, 23 сәуір 2010 жыл.


Сондықтан да, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық соғыстан Қырғызстанды емес, Бакиевті құтқарып қалды деп айтқан дұрыстау болар. Бұл екі мәселені шатастырмау керек. Қырғызстандағы азаматтық соғыс пен бауырлас елдің президентінің арасын байланыстырудың қажеті жоқ.

Соғыстың болмаған себебі - халық Бакиевті құлатқан соң аздап болса да сабасына түсті. Бұл жердегі еңбек - оппозицияныкі емес, қырғыз халқының өзінікі. Бакиев пен оның отбасының диктаторлық режиміне шыдай алмаған соң халық көшеге өздері шықты. Бұл жерде алып бара жатқан түсініксіз ешнәрсе жоқ.

- Еркін мырза, көптеген жас жігіттердің өмірін қиған Қырғызстандағы сәуір оқиғаларын біреулер - кезекті түрлі-түсті төңкеріс, екіншілері - бүлік, енді біреулер нағыз қарақшылық дейді. Болған оқиғаны сіз өзіңіз қалай деп бағалайсыз?

- 90-нан астам адам опат болды, 400-дей адам жарақат алды. Бакиев өз халқына қарсы оқ атты. Сондықтан оған ешқандай кешірім жоқ. Сонымен бірге, оның бұған дейінгі толып жатқан заңсыз істеріне де кешірім жоқ. Осылардың барлығын өз көзімен көріп отырған халық шыдай алмай, көтеріліс бұрқ ете қалды. Оның салдарын сәуір оқиғасы кезінде бүкіл әлем көрді.

Халық та қолын қусырып қарап отырған жоқ. Гранатометтерді, көзден жас ағызар газ қарулары мен мылтықтарын алып шықты. Бакиев - өз халқына қарсы оқ атқан адам. Демек, Назарбаев мемлекеттік қылмыскерді құтқарған болып отыр.

7 сәуір құрбандарын еске алу шарасы. Бішкек, 17 мамыр 2010 жыл.
Құрманбек Бакиев пен Асқар Ақаев президенттік билікте отырған жиырма жылдың ішінде Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі ешнәрсе болған жоқ. Ақаевтың кезінде әулеттік билік салтанат құрды, ал Бакиевтің кезінде билік әулеттік-қылмыстық сипат алды. Яғни, ширек ғасыр бойы біздің еліміздегі саясат алдап-арбау, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық пен қауымдық баю бағытында құрылды.

Енді екі жыл отырса, Бакиев өзінің командасымен бірге елді біржолата қиратып бітетін еді. Бакиев режимінің елді экономикалық дағдарыстан шығара алмауына, тіпті оған әрекеттенбеуіне біз қатты алаңдаушылықпен қарадық.

ТҮНГІ БІРДЕ ТҮРМЕДЕН ШЫҚТЫ

- Еркін мырза, сіз - көтеріліске шыққандар азат еткен алғашқы адамдардың бірісіз, мүмкін тіпті біріншісі боларсыз. Сонда кім көбірек танымал, сіз бе, әлде сіз басқаратын Жасылдар партиясы ма?

- Ел ҰҚК департаменті №1 тергеу абақтысында отырған мені азат етуге келді. Менің қамалуым саяси тапсырыспен болған оқиға екендігін, ал соттар, ҰҚҚД, прокуратура Бакиевтің, оның балалары мен туыстарының тапсырысын орындағанын адамдар түсінді.
Енді екі жыл отырса, Бәкиев өзінің командасымен бірге елді біржолата қиратып бітетін еді.


Маған қатысты тергеу жүріп, сот ісі басталған кезде қоғам бұл оқиғаны қатты айыптады. Әрине, Бакиев билігі ешқашан халықтың пікіріне құлақ асқан емес, олар тек өз мүддесі үшін ғана жұмыс істейтін. Қырғызстандағы саяси тұтқындар жөніндегі комитет мені саяси тұтқын деп танып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығымды дәлелдеді. Мәселе мынада, мен - Біріккен халықтық қозғалыс саяси бюросының мүшесімін, оны ұйымдастырушылардың бірімін. Ал менің партиям осы қозғалыстың құрамына кіреді.

- Еркін мырза, сіз темір торға қалай түсіп жүрсіз?

- Әңгіменің бәрі 2008 жылдың қазан айында басталды. Маған Қырғыз Республикасының президенті Құрманбек Бакиевке тіл тигізді-міс деген айып тағылды. Сөйтіп мені сотқа тартты. Ақтау үкімі арада екі жыл өтіп, Бакиевтің режимі құлатылған соң, 2010 жылдың 13
Милиция үкіметке қарсы шыққан жұртшылықты тоқтатпақ болып тұр. Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл.
сәуірінде шықты.

Бірақ осы оқиғалардың арасында, 2009 жылдың 27 сәуірінде, Қырғыз Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша маған айып тақты. Атап айтқанда, «Жаппай тәртіпсіздіктер» және «Ұлттық, нәсілдік, діни және аймақаралық жаулықты тұтатқаны» үшін деген баптармен айыптады. Мені ҰҚК-нің тергеу абақтысына қамады. Ақтау үкімін Шу облысы Мәскеу аудандық соты 2010 жылдың сәуір айында шығарды.

Мен бірінші күннен бастап маған тағылған айыптарды мойындаған жоқпын. Тіпті, Бакиев егер мен өзіме тағылған айыптарды мойындайтын болсам, рақымшылық жасайтындығын айтқан соң да мен өз дегенімнен қайтпадым. Сөйтіп, 7 сәуірде өздеріңізге белгілі оқиға болды. Сәуірдің 7-нен 8-не қараған түні түнгі сағат бірде мен бостандыққа шықтым. Сол күні таңертеңнен бастап Қырғыз Республикасы мемлекеттік қаржы полициясы қызметінің төрағасының міндетін атқара бастадым.

- Сіз - Орталық Азиядағы ең бір кедей және тұрақсыз елде тұрып жатқан қазақ азаматысыз. Қырғызстанға көрші жатқан сіздің тарихи отаныңыз Қазақстанды соңғы жиырма жылда үздіксіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша «осы жылдарда бұл елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болыпты. Атамекенге қайтып оралу ойыңызға ешқашан келген жоқ па? Сіздің әулетіңіз, туыстарыңыз немесе достарыңыз елге көшейік демейді ме?

- Менің аталарым Қырғызстанға 1930 жылдары келіпті. Қазақстанға барып жақсы шенеуніктік қызмет атқаруға, пәтер алуға мүмкіндігім болды. Бірақ мен өз халқымды, өзім туып-өсіп, тәрбие, білім алған елді жақсы көремін. Кезінде менің қарсыластарым болды, бірақ содан соң дәл осы мемлекет маған жауапты мемлекеттік қызметтерді сеніп тапсырды. Өздеріңіз байқап отырғаныңыздай, бүгінде мен елдің экономикалық қауіпсіздігіне жауап беремін.

Қырғызстан – рухани жағынан бай ел. Мұндағы халықтың рухы мықты. Орталық Азия елдерінің Қырғыз мемлекетінен үйренер тұстары бар деп ойлаймын. Әзірге бір нәрсе дей қоюға ертерек. Бірақ, енді бір он жылдан кейін әлемдік қоғамдастық бізге жоғары баға береді деп ойлаймын.

- Еркін мырза, сұхбатыңыз үшін рахмет.