Қызылағаштағы су тасқынынан аман қалған тұрғындар көмек пен өтемақыға зәру

Төтенше жағдайлар министрлігінің офицері су алып кеткен үйдің табалдырығында отыр. Қызылағаш, 15 наурыз, 2010 жыл.

Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылағаш аулындағы су тасқыны кезінде опат болған адамдардың саны 37- ге жетті деп хабарлайды. Алайда, ауыл тұрғындары қаза тапқандардың саны одан әлдеқайда көп екенін айтуда. Ал, үкімет қорынан бөлінген ақша су тасқынынан зардап шеккендерге әлі жеткен жоқ.
ОППОЗИЦИЯ КӨМЕКТІҢ АШЫҚ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Қызылағаш аулындағы су тасқыны салдарынан опат болған адамдардың саны 37- ге жеткен және іздестіру, құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Оқиға орнында 741 адам және 112 арнайы техника жұмыс істеуде.

- Қызылағаш аулынан 920 адам Талдықорған қаласына қауіпсіз жерге көшірілді. Арнайы телефон желісі іске қосылды. Осы желі арқылы зардап шеккен адамдар мен олардың туыстары бір-бірімен хабарласа алады. Және үкіметтен су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу және ауылды қалпына келтіру мен жаңа құрылыс салу жұмыстарына қаражат бөлінді. Бұл арнайы қаулыға прьемер министр қол қойды. Және ел азаматтарының Қызылағаш ауылының адамдарына қаржылай көмектесуі үшін «Халық банкінен» арнайы есеп-шот ашылды, - деді Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Элдор Райымбеков.
Табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындар. Қызылағаш, 15 наурыз, 2010 жыл.


Сондай-ақ, Алматы облысының әкімшілігі Қызылағаш ауылында су тасқынынан зардап шеккендердің әрқайсысына 500 мың теңге бөлетінін мәлім етті. Сонымен бірге, апаттан зардап шеккен отбасының әрбір мүшесіне үкімет 121 мың теңге бөлді.

Су тасқынының салдарын жою жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша, Қызылағаш ауылында жаңа үйлер тұрғызылып, зақымданған үйлер жөнделеді деп хабарлануда.

Азық-түлік пен дәрі-дәрмектен, күнделікті тұтынатын тауардан тарыққан Қызалағаш аулының тұрғындары 15 наурыз күні Алматы облыстық әкімшілігінің алдында жиналып, өтемақы берілуін талап еткен.

Тұрғындармен жүздесуге келген ЖСДП «Азат» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов тарыққан жандарға тез арада өтемақы беріп, оларды жылы, ыңғайлы жерге орналастыру керектігін облыс әкіміне жеткізді.

ЖСПД «Азат» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінетін қаржыға құрамына Қызылағаш аулы тұрғындарынан, қоғам қайраткерлерінен, саяси партиялардан өкілдер енгізілген қоғамдық бақылау орнату керектігін атап көрсетті.

"БІРЕУІ ҚИМЫЛДАП, ЖИЫРМАСЫ ҚАРАП ТҰР"

Дегенмен Қызылағаш аулының тұрғыны Сәуле Ашитова арнайы құтқару және іздестіру жұмыстарының өте баяу жүріп жатқанын ашына айтып отыр.
Шатырлы қалашықта баспанасыз қалғандарға ыстық тамақ әзірленуде. Қызылағаш, 15 наурыз, 2010 жыл.


- Бір ғана бульдозер жұмыс істеп жатыр. Жиырма кісі соған мықынын таянып алып, қарап тұрады. Одан да азғана ақша беріп, тұрғындардың өздерін шақыру керек еді. Олар бір айдың ішінде үйлерін тұрғызып алар еді. Ал мұнда өлексеге жиналған қарға, құзғын құсап, арамтамақтар мен бастықсымақтар жиналып алған, ал, жұмыс істейтін бір адам жоқ, - деді Сәуле Ашитова Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Қызылағаш аулының тұрғындары мұнымен қатар келіп жатқан көмектің тым мардымсыз екенін айтып шағынуда. Ауыл тұрғыны Хамитбек Ахметбекұлы келген көмектің аздығынан жұрттың халі мүшкіл күйде қалып отырғанын айтады.

Оның айтуынша, жекеменшігінде жүздеген ұсақ мал, ондаған ірі қарасы болған. Су тасқыны кезінде дүине-мүлкі мен бар малынан айрылған.

- Енді мына опат болған адамдардың мүрдесін мәйітханаға алып кетеміз деп жатыр. Мәйітханаға апарғаннан кейін мүрдені сояды. Бұл қай мұсылманның заңында бар. Адам тал бесіктен жер бесікке он екі мүшесімен кетуі керек. Мүрделерді бермейміз деп, қарсыласып жатырмыз. Мынау сұмдық болып тұр.
Су апатынан қырылып қалған мал да аз емес. Қызылағаш, 15 наурыз, 2010 жыл.

Жұртқа су тасқыны болады деген қауіпті ауыл әкімі де, министрі де ескертпеді ғой. Ескерткенде мал-жанымызды басқа жаққа алып кетер едік. Қазір тасқыннан қаза болғандардың саны отыздың үстінде, қырыққа тақау дейді. Біз бұған сенбейміз. Опат болғандардың саны кемінде жүздің үстінде, - деді Хамитбек Ахметбекұлы.

Осы күні Қызылағаш аулында құрылған шатырлы қалашықтың маңынан он төрт және бес жасар екі баланың мүрдесі табылған Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Болат Абаған телефон арқылы Азаттық радиосына хабралады.

КІНӘЛІ ДЕП КҮДІКТЕЛГЕНДЕР ҰСТАЛДЫ

Алматы облыстық прокурорының орынбасары Қыдырәлі Оспанов Азаттық радиосына берген сұхбатында сезікті ретінде бес адамның ұсталғанын жеткізді.

Оның айтуынша, бес адам қазір тергеу изоляторында уақытша қамауда және олардан су тасқыны оқиғасына байланысты жауап алынуда.

- Су тасқынына байланысты наурыздың 12 сі мен 13 і күні екі қылмыстық іс қозғалды. Қозғалған істер бойынша, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Есет Жүнісов, «Қызылағаш» СКПБ ның басқарма төрағасы Қуаныш Бекеев пен директоры Мұхит Жүнісов, Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Евгений Енин, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесінің бастығы Құныбек Байзақов күдікті ретінде ұсталды,- деді Қыдырәлі Оспанов.

"Қазақпарат" агенттігінің ақпаратына қарағанда, Алматы облыстық маслихаты Қызылағаш ауылында су тасқыны кезінде құрбан болғандарды есте тұту мақстатында 15 наурызды аза тұту күні деп жариялаған.

15 наурызған дейін 8 ер адам, 11 бала және 18 әйел су тасқынынан қаза болған. Іздестіру, құтқару жұмыстары әлі жалғасуда.