Атабаев пен Мамайды Ақтауға алып кеткені туралы ақпарат тарады

Қоғамдық белсенділер Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдың тұтқындалуына қарсы акция өткізді. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.


Маусымның 18-і Азаттық тілшісіне Болат Атабаевтың қарындасы Дана ағасын Ақтауға этаппен алып кеткенін хабарлады. Қоғам белсендісі Инга Иманбайдың айтуынша қамаудағы Жанболат Мамай да бірге жөнелтілген.

Дана Атабаеваның айтуынша, маусымның 18-і таңертең ағасына дәрі-дәрмек, киім-кешек беріп жіберу үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Алматыдағы тергеу изоляторына келген екен. Алайда сол жерде Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды этаппен алып кеткені белгілі болған.

«АҚТАУҒА АМАН ЖЕТЕ АЛА МА?»

- Барсақ, «заттарды тек тергеушінің ғана рұқсатымен бересіздер» деді. Адвокатымызға хабарласып едік, оларды кеше этаппен алып кеткенін айтты, - дейді Дана Атабаева.

Режиссер, қоғамдық белсенді Болат Атабаев Азаттықтың Алматы бюросында онлайн-конференция беріп отыр. Алматы. 13 маусым, 2012 жыл.


Оның айтуынша, тергеуші адвокаттарға олардың Ақтауға 10-14 күн аралығында жететінін хабарлаған. Тұтқындардың туыстары «Соған қарағанда автозакпен (түрме көлігі) алып кеткен болуы керек» деген болжам айтты.

- Ағамның денсаулығына алаңдап отырмын. Рухы мықты болғанмен, денсаулығы әлсіздеу. Қант диабеті, гипертониямен ауырады. Төрт операция жасатқан. Екі көзіне де операция жасалған. Демікпемен (астма) де ауырады. Асқазанындағы жарасы (язва) қайтадан қозса, білмеймін не боларын. Жалпы олар ол жаққа жете ала ма? - дейді Дана Атабаева.

«АҚТАУҒА ЖЕТКЕНДЕ ҒАНА ХАБАР БЕРЕМІЗ»

Қоғам белсендісі Инга Иманбайдың айтуынша, жұма күні адвокаттар Атабаев пен Мамайды қамауға алу туралы сот шешімін аппеляцияға берген екен. Оның айтуынша, адвокаттар «сот шешімі шықпай тұрып, оларды Ақтауға алып кетпейді» деп ойлаған.

«Рух пен тіл» жастар ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай. Астана, 9 қыркүйек, 2009 жыл.


- Қазір адвокаттар ештеңе анықтай алмай отыр. Олардың айтуынша, «жолда автозакқа кедергі жасайды, митинг ұйымдастырады» деп маршруттарды құпия ұстап, тек он күннің ішінде, «Ақтауға жеткен кезде ғана хабарын береміз» деп отырған көрінеді. Адвокаттар «Оған дейін оларға не болғанын біле алмаймыз» деп отыр, - дейді Инга Иманбай.

Бұл турасында Жанболат Мамайдың адвокаты Серікқали Мусинге хабарласқанымызда, ол «Біз сот шешімін аппеляцияға бердік. Қазір қалалық сотта жатыр. Жақында сот отырысын белгілеп, бізді шақырады» деп қысқа қайырды.

Азаттық тілшісі ҰҚК-нің Алматы қалалық департаментіне хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген Күнсұлу есімді қызметкер Астанаға хабарласу қажеттігін айтты. Ал Астанадағы ҰҚК телефондарын ешкім көтермейді.

Ақтау қаласындағы тергеу абақтысының кезекшісі изоляторға бұл азаматтардың түспегенін айтты.

"Газель" көлігінің негізінде жасалған автозак. Алматы, ҰҚК тергеу абақтысының жаны, 15 маусым 2012 жыл.


Маусымның 15-і ҰҚК қызметкерлері театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйінен ұстап әкетті.

2012 жылы ақпанның 2-сінде театр режиссері, Жаңаөзен оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссияның мүшесі Болат Атабаев пен "Рух пен тіл" клубының жетекшісі Жанболат Мамайға қылмыстық кодекстің 164-бабының 3-тармағы бойынша "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айып тағылды.