"Оппозиция сотында" айыпталушылар соңғы сөзін айтты

Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Қазанның 1-і күні Ақтау сотында айыптаушы және қорғаушы жақ соңғы уәждерін келтіріп, әділ жаза талап етісті.

"Республика" нигі арқылы Twitter-де тараған хабарламаларға сәйкес, негізгі жарыссөз Владимир Козловтың адвокаты Венера Сәрсембина мен прокурордың арасында өрбіді.

Әуелі Сәрсембина өзі қорғап отырған азаматтың айыбы дәлелденбегенін айтып, процесс кезінде кеткен кейбір норма бұзушылықтарды тізіп шықты.

"МҰНАЙШЫЛАР АЛДЫНДА ӘБІЛЕВ ТЕ СӨЙЛЕДІ ҒОЙ"

Ол «Козловтың бұйрығын орындадым» деп айтқан куәгерлер сөзі туралы:

- Дәлелдерге қатысты айтарым, әрбір айғақ сот тергеуі кезінде жан-жақты зерттелуі тиіс. Бұл іс бойынша 42 адам куәлік беріп, шамамен 10 адам «объективті себептермен» сотқа келе алмаған. Алайда сот кезінде олардың не себепті келе алмағаны туралы мардымды жауап естімедік, - деді Сәрсембина.

Жарыссөз кезінде Сәрсембина кейбір куәгерлер "Жаңаөзендегі мұнайшылар алдында» «Азат» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев те сөйледі" дегенмен, сотта одан тіпті куәгер ретінде жауап алынбауы түсініксіз күйде қалғанын атап өтті.

- Қорғау тарабына Әбілевтің не себепті сұралмағаны түсініксіз күйде қалды. Әбіловке тіпті сотта куәгер ретінде де сөйлеуге мүмкіндік берген жоқ. Менің ойымша, оны куәгер ретінде сөйлеу құқығынан негізсіз айырған. 343-ші бап, 4-ші бөлімге сәйкес, белгілі бір тарап қандай да бір куәгерді шақыру жөнінде өтініш айтса, соттың рұқсат етпеуіне құқысы жоқ. Әбілевтің мұнайшыларға қандай мақсатпен келіп, оларға не айтқаны белгісіз болып қалды, - деді Сәрсембина.

Болат Әбілев мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Ақтау, 21 желтоқсан 2011 жыл


Ол дүйсенбі күні «тергеу тарабында Козловты айыптау жөнінде жоспар» болғанын, «37 жаңаөзендікке қатысты сот үкімі шыққаннан кейін Козлов ісі бойынша куәгерлерді белсенді түрде іздеу басталғанын» айтып өтті. Ол "65-бап бойынша босатылған 18 куәгердің қысыммен жауап бергенін", олардың жауаптарын дәлелдер қатарына енгізбеу қажеттігін айтты.

- Мысалы, Айжангүл Әмірова 2012 жылы қаңтардың 6-ы мен 31-і аралығында 9 рет сұралып, 23-і күні оған ресми түрде айып тағылды. Ол кезде тек партияның әрекетіне ғана қатысты жауап берген. Козловқа қарсы ештеңе айтпаған. Бұдан соң ол ұзақ уақыт сұралмады. Тек 18 маусым күні ғана өзінің "кінәсін мойындап", Козловты айыптап, 65-ші бап бойынша босап шыққан, - деп Сәрсембина осы сияқты көптеген мысал келтірді.

ПРОКУРОРДЫҢ УӘЖІ

Болат Әбілевке қатысты прокурор «қорғау тарабында бұл мәселені сот кезінде қозғауға мүмкіндік болғанын» айтты.

Мемлекеттік айыптаушы «куәгерлерге 65-бапты қолданудың заңды-заңсыз еместігін сот кезінде ешкім қозғамағанын, енді оны жарыссөз кезінде айту орынсыз екенін» жеткізді.

- 65-бап қолданылған азаматтар адвокаттарына бұл жайында өтініш беру туралы айтпаған. Жарыссөз кезінде мұны қозғау орынсыз деп есептеймін, - деді прокурор.

Бұдан кейін сөйлеген Владимир Козлов "мәселені саясиландырды" деп айыптаған «прокурордың іске саяси бояу жаққанын өзі аңғармай қалғанын» жеткізді.

- Мен заңды айыптарды теріске шығарған жоқпын. Себебі ондай заңды айып іс жүзінде болған да жоқ. Ал егер оқиғаға әйтеуір қатысы бар айыптаулар туралы айтсам, бізді былғаныш саясат жүргізді деп айыптаған ондаған парақты жарыссөз кезінде теріске шығардым. Бұл қылмыстық іс тіпті айыпты да құрай алмайтын еді. Бұл көпке біздің соншалықты "жаман адамдар" екенімізді, істемеген қылмысымыз үшін жазаланғанымызды көрсету үшін керек болды. Бұған көптеген факторлар арқылы көз жеткізуге болады. Оның ішінде интернеттегі лас кампаниялар мен тергеу изоляторына жеткен хаттар да бар, - деді Козлов.

Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.


Ол сөзінің аяғында өзін осы уақыт бойы қолдап келген жақындарына, таныстарына, достарына, тілекші болған қарапайым азаматтарға алғыс айтты.

- Соттан тек әділдікті ғана көргім келеді. Әділ қарым-қатынас, әділ үкім және әділ сот. Рақмет, - деді Козлов.

Соңғы сөзін айту кезегі берілген кезде Ақжанат Әминов:

- Құрметті сот, жасаған ісіме шын өкінем. Бостандығымды шектемеуіңізді сұраймын. Бітті, - деді.

Ал Серік Сапарғали өзін бүгін туған күнімен құттықтауға келген адамдарға алғыс айтып, іс жақсы аяқталады деп үміт қылатынын жеткізді.

Айыпталушылар соңғы сөзін айтқаннан кейін судья үкімнің шамамен 8 қарашада оқылатынын айтып, талқылау бөлмесіне кетті.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовке «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.

Қыркүйектің 24-і күні жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Козловтың "кінәсі толық дәлелденгенін" айтып, оған 9 жыл сұраған болатын. Ол Әминовке - 5 жыл, Сапарғалиға - 4 жыл жаза тағайындауды өтінген еді.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.