Курамшин «алғыс алмадым» деп шағымданады

Вадим Курамшин, қамаудағы құқық қорғаушы.

Қамаудағы белсенді Вадим Курамшин алғыс бойынша жеңілдетілген режимге ауыстыруды сұрайды. Түрме басшылығы оның әзірше алғыс аларлықтай іс-шараға қатыспағанын айтады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түрмесінде отырған азаматтық белсенді Вадим Курамшин бүгін Азаттыққа хабарласып, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті шағымын екінші мәрте кері қайтарғанын айтты.

- Бұл жолы да алғашқы жолдаған шағымдағы сияқты қателер кеткендіктен, БҰҰ комитеті шағымымды кері қайтарды, - дейді 40 жастағы Вадим Курамшин.

Курамшинның Женевадағы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне жолдаған алғашқы шағымы талапқа сәйкес жазылмаған деген уәжбен кері қайтарылған. Курамшиннің жазуынша, бопсалау бабы бойынша шыққан үкімнің заңсыздығы туралы уәждерін Қазақстанның сот жүйесі мен бас прокуратурасы елемей отыр.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин тұтқындармен кездесіп тұр. Шахтинск, 24 маусым 2011 жыл. Көрнекі сурет

Курамшин Азаттық тілшісіне Еуропа парламенті депутаттарына заңсыз әрі негізсіз шығарылған үкімнің салдарынан 12 жылға сотталып, жаза мерзімін ерекше режимдегі колонияда өтеп жатқанын айтып, ашық хат жолдағанын әрі оны өзінің сайтында жариялағанын да хабарлады. Еуропарламент депутаттарына жазған хатында Курамшин «түрме әкімшілігі біржақты қарайды» деп те шағымданған.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Курамшин түрмеде қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысқаны және спорттағы жетістіктері үшін кемі бес алғыс алуы тиіс болғанымен, әкімшілік оған бір рет те алғыс жарияламағанын айтады.

Курамшин «Қазір мойнымда сөгісім жоқ, бірақ алған алғысым да жоқ. Сондықтан көбірек ұзақ мерзімді кездесу алатын жеңілдетілген режимге ауыса алмаймын» дейді.

«ӨЗГЕЛЕР ӘН САЛЫП, БИЛЕП, ТАҚПАҚ ОҚИДЫ»

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының аймақ түрмелеріндегі заңдылықтың орындалуын қадағалайтын прокуроры Андрей Бессонов Азаттық тілшісіне сотталған Вадим Курамшиннен шағым түспегенін айтады.

- Әдетте тұтқындар сөгіске қатысты шағымданып жатады, ал мына тұтқын «алғыс айтып, көтермелемеді» деп шағымданады. Мұндай жағдай бұрын болмаған. Жуырда ол жаққа барып, не болып жатқанын көріп қайтамын, - дейді прокурор Андрей Бессонов.

Түрмедегі туыстарымен кездесе алмай тұрған қазақстандықтар. Көрнекі сурет

Түрме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары капитан Рүстем Рахматовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Вадим Курамшин былтыр наурызда қатал режимнен кәдімгі режимге ауыстырылған. Рахматовтың айтуынша, енді Курамшин жеңілдетілген режимге ауысқысы келеді.

- Бірақ бұл үшін әуелі еңбектену керек. Былтыр мамырда теннистен өткен жарыс кезінде Курамшин жеңіліп қалған. Өзі үшінші орын алдым дегенімен, олай емес. Кейін ол Семейдегі "санитарлық қалашықта" болды. Басқа іс-шараларға қатысқан жоқ. Бірақ өзі "қатыстым" дейді. Көркемөнерпаздар концертіне көрермен болып отырғаны қатысқан болып саналмайды. Өзге тұтқындар ән салып, би билеп, тақпақ оқиды, ойларынан бірдеңе құрастырып жатады. Шараға қатысу деп, міне, осыны айтады. Ал көрермен ретінде қарап отыру - қатысу емес, - дейді капитан Рахматов.

Жаңа қылмыстық-атқару кодексі бойынша тұтқындардың мінез-құлқын бағалайтын жағымды және жағымсыз мінездеме дәрежесі енгізілген. Енді тұтқындар осы мінездеме негізінде жеңілдетілген немесе қатаң режимге ауыстырылып отырады.

- Алған алғыстары жоқ болғандықтан, Курамшинге бірінші дәрежелі жағымды мінездеме берілмейді. Ал онсыз жеңілдетілген режимге ауыстыруға негіз жоқ, - дейді капитан Рахматов.

Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы бопсалау бабы бойынша айыпталып, 12 жылға сотталған. Курамшин мен оның жақтастары үкімнің саяси астары бар деп санайды. 2013 жылы Вадим Курамшинге халықаралық құқық саласының Людовик Трарье атындағы сыйлығы берілген.