ЕАЭО жиынында болған "қазақ-қырғыз дауын" түрліше бағалайды

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (төрде, оң жақта) пен Қырғызстан премьері Сапар Исаков (төрде, сол жақта) екі ел делегациясымен бірге отыр. Армения, Ереван, 24 қазан 2017 жыл.

Қазанның 25-і күні Арменияда өткен ЕАЭО үкіметаралық кеңесі отырысында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды Қытайдан әкелінген тауарларды жасырып, ЕАЭО-ның кедендік және салықтық заңнамасын бұзып отыр деп айыптады. Қырғызстан экономика министрі Артем Новиков «ондай проблема ЕАЭО-ның барлық елдерінде бар» дейді. Қазақстан шекарасынан қырғыз тауарларын тиеген жүк көліктерін өткізу проблемасы ЕАЭО жиыны өткен Ереванда да шешілмеді.

Қырғызстан экономика министрі Артем Новиков "Қазақстанның қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды реттеу туралы жол картасына қол қоюдан бас тартқанын" мәлімдеді. Бұл оқиға екі ел үкіметтері делегациясының қазанның 25-і күні Еревандағы кездесуінде болған.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан тарапы Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) үкіметаралық кеңесі отырысына барған қырғыз үкіметі өкілдеріне «жол картасына қол қойылған күннің өзінде шекара ашыла қалмайтынын" айтқан.

Мұнан соң үкіметаралық кеңес отырысында Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері бір-бірінің үкіметтерін ЕАЭО шарттарын орындамай отыр деп айыптады:

САҒЫНТАЕВТЫҢ СЫНЫ

Қазақстан премьері Бақытжан Сағынтаев "ЕАЭО-ның Қырғызстаннан басқа мемлекеттерінің Қытайдан тауарлар импорты мөлшерін төмендеткенін, ал Қырғызстан Қытайдан әкелетін тауарларының шын көлемін ашық жарияламай отырғанын" айтты.

Сағынтаев «Қырғызстанның Қытайдан әкелінген тауарлар көлемі туралы ақпараттарының Қытай мәліметтерімен сәйкеспейтінін» ескерте келе, «бұдан ЕАЭО бюджетіне үш жыл ішінде кедендік салық бойынша шамамен 828 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келгенін, ал импортқа салынатын қосымша құн салығы бойынша Ресей, Қазақстан, Беларусь 1 миллиард 870 миллион АҚШ долларынан қағылғанын» айтты. Қазақстан премьері мұның себебін "Қырғыз тарапынан кедендік әкімшіліктендірудің жеткіліксіз болып отырғанынан" көреді. Сағынтаев "Осыған байланысты Қазақстан шекарасындағы бақылауды күшейту Қырғызстанға қарсы жасалған шара емес, бұл шара тек қана жүк тасымалдаушылар тарапынан заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған" деп мәлімдеді.

Ал Қырғызстан премьері Сапар Исаков "Шекарадағы кейбір кедергілер алынып тасталды. Ол үшін Қазақстан тарапына рахмет. Бірақ мұндай проблемалардың шыққаны дұрыс па, олар әріптестігіміздің рухына сәйкес келе ме? Келмейді. Қазақстандық достарымыз бұл проблемаларды шешеді деп үміттенеміз. Біздің келісімдердің құқықтық шарттарында тауарларымыз тиелген көліктер тұрып қалмауы тиіс екені, олардың өткізілуі керек екені көрсетілген" деді.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (қазанның 12-сі күні түсірілген)

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Алайда қазақстандық сарапшылардың сөзінен олардың Қазақстанның қазанның 10-ынан бастап Қырғызстан жүк көліктерін шекарадан өткізу кезінде тексеруді күшейтуін "жүк тасымалдаушылар тарапынан заң бұзушылықтарды анықтауға ғана бағытталғанына" сенбейтіндері байқалады. Азаттық тілшілері сөйлескен екі сарапшы да мұның саяси астары бар екенін айтты. Экономист Мағбат Спанов Қазақстанның тәртіп орнатуға тырысып жатқанын қолдағанымен, жағдайдың ушығуын Атамбаевтың мәлімдемесімен байланыстырады.

Мағбат Спанов.

- Қазақстан тәртіп орнатуға тырысып жатыр. Мен кеше біздің премьер келтірген деректерді қарап шықтым, шындығында да мәліметтерді ашық жариялауға, Қырғызстанның Қытаймен шекарасының ашық-шашық жатуына қатысты проблемалар бар. Мен бұл мәселелерді қырғыз тарапы өздері шешеді, кедендік салықтар бойынша түсім көбейеді деп үміттенемін. Бұл қиындықтарды айтысып-тартыспай заң тұрғысынан шешу керек, - деген сарапшы даудың қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзінен басталғанын ескертті.

- Кей лауазымды тұлғалар үшін жазылған-жазылмаған ойын ережелері бар. Биліктен кетіп бара жатқан қырғыз президенті Атамбаев осы ережелерді бұзды. Ол совет заманындағы "қырғиқабақ соғыс" тәсілдерін, "сыртқы жау" образын пайдаланып отыр. Қазақстан сыртқы жау емес екенін бәрі түсінеді. Қырғызстан азық-түлік қауіпсіздігі жағынан, бидай, бензин жағынан Қазақстанға тәуелді. Қазақстан [Қырғызстанға] су жағынан тәуелді. Біздің қарым-қатынасымыздың нашарлауының шегі болмауы мүмкін, адамдар өзінің қателігін мойындап, кешірім сұрамайынша бұл қатынастар нашарлай беруі ықтимал. Сондықтан, екі халықты айтыстырмау керек, - дейді.

Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосановтың сөзінен де оның Сағынтаевтың шекарадағы ахуалды саясаттан тыс деп түсіндіргеніне сенбейтіні аңғарылады.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

- Жалпы Қазақстан, Қырғызстан және Қытай арасындағы әр елдің бір-бірімен дербес қарым-қатынасы көп жағдайда құпия түрде өтіп жатыр. Қазақстанның да ресми деректері толық шындыққа сай деп ойламаймын. Бұл жерде Атамбаевтың сөзінен кейін орын алған субъективизм мен волюнтаризм бар. Әйтпесе, Қырғызстан экономикасының Еуразия экономика одағына осыншалықты қиындық келтіріп жатқаны, мәліметтерінің рас емес екені неге бұрын айтылмады? Атамбаевтың осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы экономикалық жағдайға, саяси жағдайға, жемқорлыққа қатысты айтқан қатты сөздері Қазақстандағы саяси элитаның шымбайына батып, біздің басшылар сол шоктан әлі айыға алмай отырған сияқты, - дейді ол.

Оның ойынша, "Кішкентай бір саяси конъюнктуралық нәрсе ертең үлкен жағдайға душар болып, екі елдің арасы ашылып кетуі мүмкін". Сондықтан, мәселені "ЕАЭО деңгейіне көтеріп талқылаудың қажеті жоқ, екі ел арасында шешу керек".

ВИДЕО: Екі үкімет фермерлерді зар қақсатты (қазан 18-і)

Your browser doesn’t support HTML5

Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты?

Ал қазақстандық сенатор Асқар Бейсенбаев шекарадағы тексерудің күшейтілуін Атамбаев сөзімен байланыстырмайды:

- Тауарларды Қазақстанға кіру кезінде жоспарлы түрде тексеру - бұрыннан болып жатқан дүние. Мысалы үшін осыдан біраз жыл бұрын сүт өнімдерін, кейін жеңіл өнеркәсіп тауарларын тексеру күшейтілді. Сол сияқты бұл да жоспарлы жұмыс. Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысы бар деп ойламаймын, - дейді сенат депутаты.

ҚЫРҒЫЗ САРАПШЫЛАРЫ

Қырғызстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, экономист Жумакадыр Акенеевтің де пікірі екі ел мәселені өздері шешуі керек дегенге саяды.

- ЕАЭО комиссиясы жарты жылда бір жиналады. Мәселенің шешімі сонша уақытқа созылуы мүмкін. Меніңше, проблема онсыз да созылады. Қазақстан біздің кәсіпкерлерге үлкен кедергілер қойып жатыр. Құдай қаласа, жаңа президент бір айдан соң жұмысына кіріседі. Сол кезде ол президент ретінде барып, мәселені тікелей шешуі керек. Проблеманың шешудің ең жылдам жолы осы шығар, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты

Қырғызстанның бұрынғы экономика министрі Эмиль Уметалиев те қырғыз тауарларын Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау проблемасын ЕАЭО деңгейінде көтеруді құптамайды.

- ЕАЭО комиссиясына сенім жоқ. Бұл мекемеде негізінен Ресей мамандары жұмыс істейді. Өздерінің мүдделерін қорғау үшін Беларусь пен Қазақстанның мамандары да отыр. Олар әділетті шешім қабылдай ала ма? - дейді Уметалиев.

ШЕКАРАДАҒЫ АХУАЛ

Қазақ-қырғыз шекарасынан тауар тиеген жүк көліктерді Қазақстанға еркін өткізу мәселесі әлі шешілген жоқ. Қазанның 25-і күні Қырғызстан шекара қызметі "Ақ Тілек" шекара пунктінде Қазақстанға өте алмай тұрған жүк көліктерінің саны 500-ге жеткенін хабарлады. Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Чоң-Қапқа» пунктінде де 70-тей жүк көлігі кептеліп тұр. Алайда басқа өткізу пункттерінде кезек азайған.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасына барған тілшінің көргені

Шекарадағы тексерісті Қазақстан қазанның 10-ы күні "заң бұзушылықты болдырмау мақсатында" күшейткен. Бірақ кей сарапшылар, шекарадан өте алмай шығын шеккен жүргізушілер мен кәсіпкерлер ұзын-сонар кептелістердің пайда болуын Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған мәлімдемелерінен көреді.

ВИДЕО: Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі (қазанның 8-і)

Your browser doesn’t support HTML5

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады

Қазанның 19-ы күні Қазақстан мен Қырғызстан үкімет делегациялары шекарадан өткізу мәселелерін шешудің "жол картасын" жасап, бес күн ішінде келісімге келетіндерін, әзірге жолаушылар (автобустарды - ред.) мен бос көліктерді бөгетсіз өткізуге уағдаласқандарын мәлімдеген еді.

Алайда екі үкімет енді бірін-бірі айыптауды ЕАЭО жиынында жалғастырып, "жол картасына" әлі қол қойылмады. Қырғызстаннан түрлі тауар тиеп келетін жүк көліктерін шекарадан оңай өткізу мәселесі шешілмеген күйі тұр.