Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекарасындағы түнгі кезекті сан-саққа жүгіртті


Қазақ-қырғыз шекарасынан өте алмай тұрған көліктер. Қырғызстандық "Жалбырак ТВ" видеосынан алынған скриншот.
Қазақ-қырғыз шекарасынан өте алмай тұрған көліктер. Қырғызстандық "Жалбырак ТВ" видеосынан алынған скриншот.

Әлеуметтік желілерде бүгін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қордай шекара бекетінде жолаушылар мен көліктердің кезегі көбейгені туралы ақпарат тарады. Ресми түсіндірме дер кезінде берілмей, жұрт жағдайды Атамбаевтың Қазақстан билігін сынауымен байланыстыратын болжамдар айтты.

«ЖЕТІ САҒАТ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАНДАР»

Шекара бекетіне Қырғызстан жағынан келіп, ақпарат таратқан қырғыз журналистерінің айтуынша кеше, қазанның 10-ы кешке қарай шекараның Қазақстан жағында бақылау, тексеру процесі күшейтілген.

Қырғызстан жағынан Қазақстанға өте алмай тұрған жолаушылар мен жүк көліктері жүргізушілерінің айтуынша, «кезекте тұрғандарына төрт сағаттан жеті сағатқа дейін жеткен».

Журналист Марат Толомуш уулуның Азаттыққа хабарлауынша, кеше кешке кезекте тұрған жолаушылар саны 300-400-ге жақындаған.

- Қазақ жағы шекарадан өтуді қиындатты. Тексеріс күшейтілді. Шекарашылар мән-жайды түсіндірген жоқ, шекарадан өту тәртібі аздап қана өзгерді дегенді айтты, - дейді ол.

САН-САҚҚА ЖҮГІРТУ

Әлеуметтік желіде осы түнде жарияланған, Қордай бекетіндегі жағдай деп «Жалбырак ТВ» арнасы түсірген видеода қырғыз журналистерімен сөйлескен жолаушылар мен жүк көліктерінің айтуынша, шекарадағы тексерістің күрт күшейіп кетуіне «Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата айтқан сын сөздері себеп болған».

Жолаушылардың кейбірі шекарадағы қазіргі жағдайдың Қазақстанда жұмыс істеп жүрген Қырғызстан азаматтарына ықпалы болады деп алаңдайтынын білдіріп: «Қырғызстанда тұратын қырғыздарға аса білінбеуі мүмкін, бірақ Қазақстанда жұмыс істейтін қырғыздарға қиын болады. Мен бұрын өзім де Қазақстанда жұмыс істегем. Сол кездері де осыған ұқсас жайттар болған. Қазақстанда бізді жоқ жерден тексеріп, айыппұл салып тастайтын» деген болжамын айтады.

Өзін Қырғызстан мен Қазақстан арасында қатынап жұмыс істейтін адам ретінде таныстырған тағы бір адам «бұл жағдай екі мемлекет арасында барыс-келіспен жүрген қарапайым адамдарға ауыр тиетінін» айтқан.

Әлеуметтік желіде түн ішінде жарияланған бұл видеоны қазірге дейін 30 мыңнан аса адам көріп, 1461 адам бөліскен.

Видео астындағы екі жүзден астам пікір жазылған. Бұл пікірлерде «екі дәу күрессе ортасында шыбын өледі, қарапайым халыққа қиын тиетін болды», «қазақ билігі қырғыз елімен емес, қырғыз билігімен тартыспай ма» деген пікірлер бар.

Пікір жазғандардың кейбір «Қазақстан үкіметі Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың сөзі қырғыз-қазақ келісімдеріне кедергі келтірмейді дегені қайда?» деп сұрақ қояды. «Атамбаев кетерінде қазақ билігін сынамай-ақ үндемей кетпеді ме» деген наразылар да бар, «Назарбаевтың шамасы шекара жабуға жетті» дейтін пікірлер де жазылған.

РЕСМИ АҚПАРАТ

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі баспасөз бөлімінің Азаттыққа хабарлауынша, «шекарадағы бақылау, тексеруді Қазақстан жағы күшейткен, Қырғызстан жағынан шекарадан өту процесінде өзгеріс болмаған».

Ал Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Салкын Абдыкариева Қазақстан жағында шекарадан өту қиындағанын растағанымен, әзірге оның себептері белгісіз екенін айтады.

- Мен сағат 18:30-да (10 қазан күні) байланысқа шықтым. Біздің шекарашылар өзіміз жақтан кезек мүлдем жоғын хабарлады. Қазақстаннан бері өтіп жатқандарды қазақстандықтардың ұзақ тексеріп жатқанын, тіпті көліктеріне дейін қарап жатқанын айтты. Қазақ жағының біздің азаматтарымызға айтуына қарағанда, оларда тексеріс күшейтілген. Бірақ Қазақстан жағы бізді тәртіп күшейтілгені жөнінде ресми түрде ескерткен жоқ. Олардың бұлай істеуге құқығы бар. Олар бізге ескертіп, я ескертпей тәртіпті күшейтуге хақы бар. |Егер олар бізді ресми түрде ескертпесе, біз басқа ел шекарашыларының іс-қимылына түсінік бере алмаймын. Қырғыздар жағынан шектеу де, кедергі де жоқ, - деді Абдыкариева.

Азаттық тілшісі Қазақстанның шекара қызметіне хабарласты. Бірақ шекара қызметінің баспасөзбен байланысқа жауап беретін өкілдері телефон арқылы ақпарат беруден бас тартып, арнайы хат жолдауды талап етті. Азаттық тілшісі қазақстандық кей ақпарат құралдарының Шекара қызметінің қазақ-қырғыз шекарасында тексерісті күшейткенін хабарлап жатқанын жазып, тексерістің не себепті күшейтілгенін сұрап Шекара қызметіне ресми хат жолдады.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайлы депутаттар пікірі

Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайлы депутаттар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Ал қазақстандық саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, қырғыз шекарасындағы тексерісті күшейтер алдында «тиісті мекемелер алдын ала хабар таратулары керек еді». «Өйткені, Атамбаевтың Қазақстан билігін сынағанын жұрт біліп отыр».

- Сайлау алдында, 5-6 күн қалғанда осындай сақтық шаралары қолданылуы мүмкін. Шекара қызметі қырғыз шекарасына байланысты мәселелер сайлаудан кейін бұрынғы қалпына келеді деп керек десеңіз алдын ала хабарлауы керек еді. Халық басқаша қабылдамас үшін шекара қызметі мұны ресми түрде түсіндіруі тиіс. Ондай кездерде шетелде брифинг жасалады. Өйткені, шындығында да халық оны басқаша қабылдайды, екі халық арасында от салынғандай болып қалады. Ол Атамбаевтың сөзіне қатысы жоқ, шекара қызметінің ішкі ережелері бойынша жасалып жатуы мүмкін. Сайлаудың аяқ жағы неге ұласып кететініне де сенім жоқ қой, - дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы Дос Көшімнің Азаттық радиосына келген кезінде түсірілген суреті. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.
Саясаттанушы Дос Көшімнің Азаттық радиосына келген кезінде түсірілген суреті. Алматы, 12 ақпан 2015 жыл.

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазанның 7-сі күні Бішкек маңындағы Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында ел азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Қырғызстан президенті сайлауына қатысып жатқан жекелеген кандидаттармен бірге Қазақстан билігін де сынаған болатын.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан экономикасының дамуына қатысты айтқандарын «жауапсыздық» деп атаған. Ол қырғыз президентінің «сайлау қарсаңында жасаған» мәлімдемелері «екі елдің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығына сызат түсірмеуі керек» деп мәлімдеген.

Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөзі (8 қазан 2017 жыл):

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:23 0:00

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай тексеру-өткізу бекетінен күн сайын 25 мыңға жуық адам, екі мыңдай көлік өтеді. Еуразия экономика одағы талабы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кеден бақылауы алынып тасталған.

Қазақ-қырғыз шекарасында бақылаудың күрт күшейген сәттері бұрын да болған. Оның кейбірі «екі ел арасындағы су мәселесіне байланысты болса, кейбірі саяси жағдайларға байланысты» деген болжамдар айтылған. 2010 жылы қырғыз билігінен Құрманбек Бакиев кетірілгеннен кейін Қазақстан Қырғызстанмен арадағы кеден бекеттеріне күшейтілген бақылау орнатқан.

XS
SM
MD
LG