Айыпталушы тараптың БАҚ өкілдерін қатыстыруға рұқсат сұрауына байланысты судья Светлана Шыналиева ашық сот отырысы екенін ескеріп, журналистерге видео жазуға рұқсат етті.
Судья айыпталушы - Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың бас бостандығын төрт жылға шектеліп, мүлкі тәркіленіп, бес жыл қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салынатыны туралы үкімді тез оқып, шығып кетті. Судьяның прокурорлар сұраған жазаны сол қалпы тағайындағаны белгілі болды.
Лариса Харькова бүгінгі сот үкіміне қатысты комментарий бермеді, ал оның адвокаты Дана Волкова үкімге қарсы апелляциялық шағым жазатындарын айтты.
Сот үкімін тыңдауға жәбірленушілер мен олардың адвокаттары келмеді.
ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР МЕН АЙЫПТАУШЫЛАР АЙТҚАН УӘЖДЕР
Лариса Харьковаға қылмыстық кодекстің қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса iрi мөлшерде жымқыру") және 190-баптың 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену") бойынша айып тағылған. Харькованың сотында ол жымқырды деген соманың көлемі 30 миллион теңге екені айтылған. Тергеу жарты жылдай жүріп, соттың өзі 2017 жылдың шілденің 12-сі басталған еді.
Сот күні Азаттыққа пікірін айтқан тәуелсіз кәсіподақтар лидері Лариса Харькова «Бұл қатардағы іс емес, арнайы тапсырыспен маған және конфедерацияға қарсы жасалған қылмыс деп санаймын. Біз жұмысшылардың құқығын қорғаймыз. Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақты жауып, одан кейін белсенділерін соттап жатыр. [Тағылған айыптардың] бәрі ойдан шығарылған деректерге негізделген» деген пікірін айтқан болатын.
ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТАР КОНФЕДЕРАЦИЯСЫ ДЕГЕН КІМДЕР?
Лариса Харькованың соты жәбірленуші болып оның үстінен шағым түсірген үш адамның арызынан басталған.
Жәбірленушінің бірі кейіннен куәгер болып ауыстырылған. Ал 2012 жылға дейін тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын басқарған жәбірленуші Сағира Нұрбекова Лариса Харьковадан кәсіподақ конфедерациясы кеңсесіне демеушілерден жиналған жиһаздарды даулап отыр. Ол 2012 жылы төрағалықтан түскен соң осы жиһаздарды қайтарып алмақшы болған. Бірақ конфедерация басшылығына жаңадан сайланған Лариса Харькова Нұрбековаға кеңсе жиһаздарын беруден бас тартқан.
Ал екінші жәбірленуші ретінде сотқа арыз берген Сәуле Әбдібаева Лариса Харькованы "қаладағы жедел жәрдем станциясының кәсіподақ комитетінен 2 миллион теңгеден аса қаражатты иемденіп алды" деп айыптайды. Ол - сол комитеттің басшысы.
Оқи отырыңыз: Тәуелсіз кәсіподақ лидері Лариса Харькованың соты басталды
Ал жалпы «жымқырылған» қаражаттың «30 миллион теңгеден асқанын» сотта прокурор Нұрлан Ешімқұлов мәлімдеді. Ол шілденің 24-і өткен жарыссөзде соттан «30 миллион теңгеден артық ақшаны алаяқтық жолмен сенімге кіріп жымқырған» Лариса Харькова тергеу кезінде де, сот процесінде де тағылған айыпты мойындамағанымен, оның бас бостандығын төрт жылға шектеп, мүлкін тәркілеп, бес жыл қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салуды сұраған.
Прокурор сол жарыссөзде «Сот процесінде жәбірленушілер мен куәгерлерден алған жауаптар мен мамандардың пікірі және сараптамалардың қорытындысы Харькованың айыпты екенін дәлелдеді» деген еді. Ол азаматтық іс бойынша материалдық шығынды жәбірленушілерге «өндіріп беру» керек екенін де ескерткен.
Прокурордың айыптауына толық қосылған жәбірленушілердің адвокаты Дәулет Байсейітов тағылатын айыпты соттың қарауына қалдыратынын мәлімдеген. Ал жәбірленушілер Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы басшысы Сағира Нұрбекова мен Шымкенттегі жедел жәрдем станциясындағы кәсіподак комитетінің басшысы Сәуле Әбдібаева адвокаттың осы сөзін қуаттаған.
ХАРЬКОВА МЕН ҚОРҒАУШЫЛАР ДӘЙЕГІ
Лариса Харькованың адвокаты Дана Волкова істе Харькованы айыптайтын ешқандай құжат жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, айыпталушының қолында іске қатысты құжаттың бәрі бар. Сот процесіне қатысқан жәбірленушілер де, куәгерлер мен мамандар да Харьковаға тағылған айыпты дәлелдейтін ешбір құжат не айғақ «көрсете алмаған». Адвокат бұған дейінгі берген сұхбаттарында «Әділет департаменті мен салық комитетіндегі кәсіподаққа қатысты құжаттардың өзі де Харькованың жазықсыз екенін көрсетеді» деген.
- Сағира Нұрбекова мен Сәуле Әбдібаеваның жәбірленуші деп танылуға негіз жоқ. Бұл - прокурордың немқұрайлығынан, тергеушілердің қателіктерінен сотқа жеткен іс. Бұл іс қылмыстық іске жатпайды, жәбірленушілер өздеріне шығын келді деп есептесе, азаматтық не экономикалық арызбен шығу керек. Мемлекеттік органдардың тәуелсіз кәсіподақтың ісіне бұлай араласуы заңға қайшы, - деген еді адвокат Волкова.
Ал Лариса Харькова соңғы сөзінде тергеу кезінде құқығының шектелгенін айтқан. Ол: «Құқығым шектелді. Күн-түн демей, демалыс, мереке күндері де тергеуге шақырды. Ізіме түсті. Бақылауда ұстады. Тергеу кезінде құжаттармен толық танысуға мүмкіндік бермеді. Кім қандай арыз түсіргенін тергеу аяқталуға жақын қалғанда білдім. Арыз қазақша жазылған болатын. Мен қазақ тілін білмегендіктен, аударма сұрадым. Оны да бермеді. Іске қатысы бар кез келген азаматпен тілдесуге мүмкіндік бермеді. Жәбірленушілермен көзбе-көз сөйлесуге рұқсат сұрадым. Оған рұқсат етпеді» деген.
Харькованың пікірінше «қылмыстық іс қозғау әлдекімге керек болған». Ол Азаттыққа айтқан бір пікірінде: «Алғаш айып тағылғанда үш миллион теңге шығын келтірді деді. Сот процесінде 12 миллионға көтерді. Жарыссөзде прокурор 30 миллионға шығарды. Бұл не сонда?» деп те кейіген.
«Неге мені сотталушыға дейін алып келгенін түсінбеймін. Осы уақытқа дейін құқығы бұзылған, тапталған жұмысшылардың құқығын қорғау үшін жұмыс істедім. Бұл – маған қарсы арнайы ойдан құралған іс. Құқығымның тапталып, мазақ еткеніне ашынғаным соншалық Қазақстан азаматы ретінде басқа елден саяси босқын мәртебесін сұрауға дайын болдым. Тағылған айыппен толық келіспеймін. Соттан мені ақтауын сұраймын» деген еді Лариса Харькова.
Сот процесін бастан аяқ бақылаған Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының заңгері Әділ Сейітқазиев «сот процесінде Лариса Харькова тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар анықталмағанын» бұған дейін де айтқан.
Ал Лариса Харькованың кәсіподақтағы Ерлан Балтабай сияқты жақтаушылары бұған дейін «Кәсіподақтың ісіне араласқаны, істі сотқа жеткізгені үшін тергеушілердің үстінен іс қозғалуы керек» деген пікірлерін білдірген.
Харькова үкім шыққанша "ешқайда кетпейтіні" туралы қолхатпен бостандықта жүрді. Ол өзіне қарсы істің "тапсырыспен жасалғанын" айтады.
2014 жылғы шілдеде Қазақстанда кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін жаңа ережеге сәйкес Лариса Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы қызметін доғарып, осы атаумен 2016 жылы ақпанда қайта құрылған. Кәсіподақ белсенділері конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. Бірақ Қазақстан билігі тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан. 2017 жылғы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.
Конфедерация құрамына енетін Маңғыстау облысындағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен қаңтардың 5-інде Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын бастаған. Екі аптадан астам уақыт жалғасқан жаппай аштық акциясы ОСС кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев қамауға алынып, Ақтау соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарғаннан кейін тоқтатылды. Кейін Астана соты Нұрбек Құшақбаевқа "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандату" айыбымен үшін екі жарым жыл, Әмин Елеусіновке - "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру" және "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жыл түрме жазасын кескен.
ВИДЕО: Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен жарияланған аштық (25 қаңтар, 2017 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5