Accessibility links

Ұжымдық шарт жайлы талап сотқа жеткізді


НСС компаниясы жұмысшылары сот ғимараты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 8 қыркүйек 2016 жыл.
НСС компаниясы жұмысшылары сот ғимараты алдында тұр. Маңғыстау облысы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

Маңғыстаудағы НСС компаниясы жұмысшылар кәсіподағының ісін заңсыз деп тануды соттан сұрайды. Бұның алдында жұмысшыларды қысқартпақ болғанда дауға ілінген компания енді ұжымдық шарт жасауға шақырған кәсіподақты мойындамай отыр.

Каспийдің қазақстандық секторын игеріп жатқан NCOC NV (North Caspian Operating Company N.V.) компаниясының мердігері НСС («Нефтестройсервис Лтд») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшылар кәсіподағы – «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің іс-әрекетіне шағым айтып сотқа жүгінген. Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолдаған арызында компания қоғамдық бірлестіктің «жұмыс берушіге ұжымдық шарт жасау жайлы қойған талабын заңсыз деп тануды» және «қоғамдық бірлестіктің әділет органдарынан қайта тіркеуден өтуіне тыйым салуды» сұраған.

КӘСІПОДАҚ ТАЛАБЫНАН ШЫҚҚАН ДАУ

НСС ЖШС әкімшілігінің сотқа жазған уәжі бойынша, компания Маңғыстау облысындағы Баутино теңіз базасындағы Қашаған кенішіне қажетті теңіз операцияларын жүзеге асыру жөніндегі кезекті тендерді ұтып алған соң 2016 жылғы маусымның 1-і күні жұмысын бастаған. Ал бұрынғы мердігер – «COSMIҚазақстан» ЖШС өз жұмысшыларын 2015 жылы мамырдың 31-і күні түгелдей қысқартқан, сондықтан «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің біздің компанияға еш қатысы жоқ» деп жазған НСС серіктестігі сотқа шағымында.

«Нефтестройсервис Лтд» компаниясының сотқа жазған арызының фотокөшірмесі. 8 қыркүйек 2016 жыл.
«Нефтестройсервис Лтд» компаниясының сотқа жазған арызының фотокөшірмесі. 8 қыркүйек 2016 жыл.

Қыркүйектің 8-і күні мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Рақымжан Бейсенов іс материалдарымен танысқан. Мұнан соң тараптарға келесі отырысы қыркүйектің 14-іне тағайындалғаны хабарланған.

«Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Сайлау Бастаев кәсіподақ ұйымы мен компания әкімшілігі арасындағы бұл даулы мәселе ұжымдық еңбек шартын жасау туралы талаптан кейін пайда болғанын айтып берді.

Бастаевтың Азаттықа айтуынша, ұжымдық шарт жасау туралы жұмысшылар атынан шілденің 25-і күні жолданған ұсынысқа жұмыс беруші НСС компаниясы басшылығы жауап бермеген соң тамыз айының 12-інде жұмысшылар кәсіподағы бұл туралы Маңғыстау облыстық еңбек басқармасына шағымданған. 19 тамызда облыстық еңбек басқармасы еңбек заңдылығының сақталуына қатысты тексеру жүргізілетіні жайлы НСС компаниясын алдын ала ескерткен. Бірақ компания қоғамдық бірлестікті сотқа беріп жатқанын айтқан соң оған тексеру жүргізу ниетінен бас тартқаны туралы еңбек басқармасы «Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне тамыздың 31-і күні хабарлаған.

– Біз НСС компаниясында еңбек заңдылығы қалай орындалып жатқанына тексеру жүргізуін талап етіп қыркүйектің 2-і күні облыстық еңбек басқармасына тағы бір хат жолдадық, - дейді Сайлау Бастаев.

Азаттық тілшісі НСС компаниясы заңгері Сапарбек Отаровпен де сөйлескен еді. Ол телефонмен сұхбат бермейтінін, бірақ компания талабын заңды деп санайтынын ғана айтты.

Азаттық Баутино базасындағы жұмысшылар мен NCOC NV компаниясының мердігері НСС арасындағы жұмысшылар қысқартуына байланысты туған дау-дамай туралы бұған дейін жазған.

Оқи отырыңыз: Мұнай жұмысшылары қысқартуға наразы

Мамыр айында жаңа мердігер НСС ЖШС-нің 53 адамды қысқартатыны әрі еңбекақыны азайтатыны туралы мәлімдемесі жұмысшылардың наразылығын тудырған еді. Кейін бұрынғы мердігер – «COSMIҚазақстан» кәсіпорнынан қысқартылған барлық жұмысшыларды НСС компаниясына жұмысқа алу туралы шешім қабылданған.

ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛІНІҢ ПІКІРІ

«Түпқараған жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі биыл қаңтардың 8-і күні Маңғыстау облыстық әділет департаментінде ресми тіркеуден өткен соң Шымкенттегі Тәуелсіз кәсіподақтар ұйымы конфедерациясының салалық кәсіподағы құрамына енген. Ақтауға арнайы келген конфедерация төрайымы Лариса Харькова Азаттыққа қоғамдық бірлестік жарғысында жұмысшылардың «COSMIҚазақстан» және Маңғыстау облысы аумағындағы басқа да кәсіпорын, мекемелермен заңды әрекет жасай алатыны туралы атап көрсетілгенін алға тартты.

Тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары конфедерациясының жетекшісі Лариса Харькова. Баутино кенті, 8 қыркүйек 2016 жыл.
Тәуелсіз кәсіподақ ұйымдары конфедерациясының жетекшісі Лариса Харькова. Баутино кенті, 8 қыркүйек 2016 жыл.

– Қоғамдық ұйымның қалай аталуы маңызды емес. Ең бастысы ол ресми тіркеуден өткен, жұмысшылар ол ұйымнан мүшеліктен шықпаған, - дейді Лариса Харькова.

Оның сөзінше, ұжымдық шарт жасасу туралы ұсыныс жасауға жұмысшының да, жұмыс берушінің де құқығы бар.

– Жаңа еңбек заңы көп мәселені ұжымдық шарттың төңірегіне топтағанымен, қазіргі кезде ұжымдық шартты жасаған мекемелер үлесі 30 пайыздан аспайды, - дейді тәуелсіз кәсіподақ ұйымы жетекшісі.

Қазақстанның Атыраудағы «Теңізшевройл» компаниясының газ өндіру зауыты өндірісінің мердігері НСС компаниясында 4000 адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG