Тәуелсіз кәсіподақ лидері Лариса Харькованың соты басталды

Қазақстан билігінің пәменімен жабылған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі Лариса Харькова сот ғимараты алдында сұхбат беріп тұр. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.

Шымкентте билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі, "бөтеннің мүлкін алаяқтық жасап тартып алған" деп айыпталған Лариса Харькованың ісі бойынша сот басталды. Тағылған айыптарды теріске шығарған сотталушы өзіне қарсы істі "тапсырыспен қозғалған" деп санайды.

"БҰЛ ТАПСЫРЫСПЕН ҚОЗҒАЛҒАН ІС"

Шілденің 12-і күні таңертеңгі сағат 10:30-да Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында басталған іске судья Светлана Шынәлиева төрағалық етіп отыр. Процеске сот шешімімен қызметі тоқтатылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының төрайымы Лариса Харькова мен оның қорғаушысы Дана Волкова, сотталушының жақтастары, адам құқықтарын қорғайтын бірнеше қоғамдық ұйымның өкілдері, жәбірленуші тараптан – аталған кәсіподақ конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Сағира Нұрбекова, Шымкенттегі жедел жәрдем станциясындағы кәсіподақ комитетінің жетекшісі Сәуле Әбдібаева мен екеуінің қорғаушысы Дәулет Байсейітов және прокуратура өкілі Нұрлан Ешімқұлов қатысты.

Лариса Харьковаға қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 190-баптың 2-бөлімінің 2-тармағы ("Алаяқтық") бойынша айып тағылған. Бұған дейін сот Харьковаға тергеу кезінде тұрғылықты жерінен ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен бостандықта жүруіне рұқсат еткен.

Еңбекші аудандық сотының ғимараты алдында тұрған адамдар. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.

Сот отырысы басталғанға дейін Азаттық тілшісінің сұрағына берген жауабында сотталушы Лариса Харькова өзіне тағылып отырған айыптарды мойындамайтыны туралы және өзіне қарсы қылмыстық іс "тапсырыспен қозғалған" деп білетінін айтты.

– Бұл өте ауыр процесс болып тұр. Алты айға жалғасқан тергеу кезінде біз бұл іс сотқа жетпейді деп ойладық. Бұл қатардағы іс емес, арнайы тапсырыспен маған және конфедерацияға қарсы жасалған қылмыс деп санаймын. Біз – жұмысшылардың құқығын қорғаймыз. Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақты жауып, одан кейін белсенділерін соттап жатыр. [Тағылған айыптардың] бәрі ойдан шығарылған деректерге негізделген, - дейді ол.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР ХАРЬКОВАНЫ АЙЫПТАЙДЫ

Сәрсенбі күні сот тыңдауын ашқан судья Светлана Шынәлиева іс жүргізу тәртібімен бірге сот процесіне қатысушыларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндірген соң әуелі жәбірленуші мұғалім Сағира Нұрбековадан жауап алды.

Прокурор Нұрлан Ешімқұлов, адвокаттар Дәулет Байсейітов пен Дана Волкованың сұрақтарына берген жауабында жәбірленуші Сағира Нұрбекова бұрын Шымкенттегі білім мекемлерінің кәсіподақ комитетін басқарғанын, кейін Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі болып сайланғанын айтып берді. Оның айтуынша, 2012 жылы жол-көлік апатына түсіп ауруханада жатқан кезде оны "кәсіподақ жарнасын өткізбегені үшін" тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшілігінен босатқан. Нұрбекова білім мекемелерінен жиналған және жеке өзінің жарнасын кәсіподаққа уақыты төлей алмағанын растады.

Сағира Нұрбекова. Шымкент, 25 мамыр 2016 жыл.

Сағира Нұрбекованың сөзінше, ол кәсіподақ конфедерация жетекшісі болып тұрған кезде кеңсеге демеушілерден жиналған жихаздарды төрағалықтан түскен соң қайтарып алмақшы болған. Бірақ, конфедерация басшылығына жаңадан сайланған Лариса Харькова Нұрбековаға кеңсе жихаздарын беруден бас тартқан.

Сотта жауап берген тағы бір жәбірленуші Сәуле Әбдібаева "қаладағы жедел жәрдем станциясының кәсіподақ комитетінен 2 миллион теңгеден аса қаражатты иемденіп алды" деп Лариса Харькованы айыптады. Оның сөзінше, жедел жәрдем станциясының кәсіподақ мүшелері 2007 жылы конфедерация құрамына ерікті түрде кіріп, келісім-шартқа отырып, 2013 жылға дейін жарна төлеп, құқықтық, әдістемелік көмектер алып отырған.

СОТТАЛУШЫНЫҢ КУӘГЕРІ

Айыпталушы тараптың куәгері Ерлан Балтабай 2012 жылы Шымкенттегі бірнеше ұжымның кәсіподақ комитеттері өкілдері конфедерация төрайымы етіп Лариса Харькованы сайлағандарын айтып берді. Конфедерация заң негізінде тіркеліп, жарна төлеп, жұмыс істеген.

- Конфедерацияның төрағасын бірнеше кәсіподақ басшылары дауыс беріп сайлады. Харьковадан бұрын төрайым болған Сағира Нұрбекова мұғалімдерден жиналған жарнаны конфедерацияға өткізбеді. Конфедерация жұмысын дұрыс жүргізе алмағандықтан біз оны төрағалықтан босаттық, - деді ол.

Сонымен бірге Балтабай "кәсіподақтың ішкі ісіне араласты" деп тергеу орындарын айыптады.

- Кәсіподақтың ісіне араласқаны, істі сотқа жеткізгені үшін тергеушілердің үстінен іс қозғалуы керек, - дейді Ерлан Балтабай.

Ерлан Балтабай "Лариса Харькова конфедерацияның есебіндегі 5 миллион теңгеге жуық қаражатты өз есепшотына аударын алды" дегенмен де келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, биыл қаңтардың 4-і күні сот кәсіподақтар конфедерациясының қызметін тоқтату туралы шешім шығармас бұрын Лариса Харькова конфедерацияның бірнеше құрылтайшысымен жиын өткізген. Онда конфедерацияның есепшотындағы 5 миллион теңгеге жуық ақшаны Лариса Харькованың есепшотына аудару туралы шешім шығарылып, тиісті хаттама толтырылған.

– Ол Лариса Харькованың дербес шешімі емес, конфедерация құрамындағы кәсіподақ басшыларының шешімі болатын, - дейді Ерлан Балтабай.

Бұдан кейін сот процесінде үзіліс жарияланып, түстен кейін куәгерлерден жауап алу жалғасты.

2014 жылғы шілдеде Қазақстанда кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енгеннен кейін, жаңа ережеге сәйкес, Лариса Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы қызметін доғарып, осы атауымен 2016 жылы ақпанда қайта құрылған. Кәсіподақ белсенділері конфедерацияны тіркеу процесі 10 айға созылғанын айтады. Бірақ Қазақстан билігі тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына заңды жұмыс істейтін ұйым мәртебесін беруден бас тартқан. 2017 жылғы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық соты тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарған.

ОСС жұмысшылары жариялаған аштық акциясының заңсыз екені жөнінде сот орындаушылардың сөзін тыңдап отыр. Ақтау, 19 қаңтар 2017 жыл.

Конфедерация құрамына енетін Маңғыстау облысындағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясының бірнеше жүз жұмысшысы Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен қаңтардың 5-інде Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде ас ішуден бас тартып, наразылық акциясын бастаған. Екі аптадан астам уақыт жалғасқан жаппай аштық акциясы ОСС кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев қамауға алынып, Ақтау соты ереуілді заңсыз деп тану туралы шешім шығарғаннан кейін тоқтатылды. Кейін Астана соты Нұрбек Құшақбаевқа "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандату" айыбымен үшін екі жарым жыл, Әмин Елеусіновке - "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру" және "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жыл түрме жазасын кескен.