Ақтаудағы ОСС компаниясының кәсіподағы өкілдері мен жұмыс беруші тарап қатысқан келісім комиссиясы бұл мекеменің бірнеше қызметкерін жұмыстан шығарғанын заңды деп таныды деп хабарлады мекеменің бұрынғы жұмысшысы Құспан Қосшағұлов.
АШТЫҚТАН СОҢ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАНДАРДЫҢ АРЫЗЫ
ОСС басшылығы қаңтардың 5-інен 22-сіне дейін созылған аштық акциясынан соң – 25 қаңтардан бастап сегіз қызметкерін (Жамбыл Бегешев, Құсайын Жылқышиев, Мейрамбек Қуантаев, Қайрат Ерекешев, Мақсот Таспаев, Құспан Қосшығұлов, ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтарды) жұмыстан шығарған.
Бұл шешімге наразы болып арызданған азаматтардың бірі Құспан Қосшығұлов өзіне қатысты «қаңтардың 14-і мен 24-і аралығында жұмыста еңбек заңдылығын бұзғаны туралы» акт толтырылғанын айтады.
– Ал мен ақпан бойы жұмыста болдым. Еңбек заңы бұзылған жағдайда олар бірден актілеп, мені жұмыстан шығарып, бір ай ішінде жазалауы керек еді. Сонда 23 қаңтарда сот шешімі шыққанша менің тамақ ішкен-ішпегенім бәрібір болған, – дейді ол.
Құспан Қосшығұловтың сөзінше, «келісім комиссиясы өз шешімдеріне 23 қаңтардағы сот қаулысын негіз етіп алған».
– «Сот шешімі сендерді «аштық акциясының ұйымдастырушылары» деп таныды. Сендер аштық ұстап, еңбек қауіпсіздігін сақтамадыңдар, компанияға шығын келтірдіңдер» деді, – дейді осындай шешім ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтар мен Мақсот Таспаевқа да шығарылғанын айтқан Құспан Қосшығұлов.
Ол ОСС кәсіподағын кеше сотталған Әмин Елеусінов басқарған тұста осындай келісім комиссиялары жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын жойған сәттері болғанын айтады.
– Жұмыс беруші оның (жұмысшының – ред.) сыйақысын қиып, кінәлі деп танып, жұмыстан шығаруға шешім қабылдаған жайттар болған. Сол кезде еңбек инспекторы Құшақбаев оған дәлелдер жинап, келісім комиссиясында көрсететін. Акт жасаған учаске бастығы, мастері, басқа басшылық қызметтегілер Елеусіновтің талабымен келісім комиссиясына шақырылып, жауаптары тыңдалатын. Бізге қатысты мұның бірі де болған жоқ, – дейді Құспан Қосшығұлов.
Ол ОСС-ның кәсіподақ төрағасы – «кәсіподақ тарапынан өзі акт толтырып, жұмысшылардың жұмыстан шығаруды талап еткен» Берік Бекбаевтың келісім комиссиясына жұмысшы тарапынан қатысқанын айтып наразы болды.
Жұмыссыз қалған мұнайшы «заң бойынша тиісті инстанциялардың бәріне шағымданып, талап қоюды жалғастыра беретіндерін» айтты.
«ОСС КӨРСЕТІЛМЕГЕН ҚЫЗМЕТ ҮШІН АҚША ТӨЛЕДІ»
Азаттық тілшісі жұмыстан шығарылған қызметкерлердің арызын қараған келісім комиссиясының шешімі жайлы ОСС кәсіподағының төрағасы Берік Бекбаевтан сұраған еді. Бірақ «кейін хабарласатынын» айтқан ол азамат тілшінің бұдан кейінгі телефон қоңырауына жауап бермеді.
Арызданушы азаматтардың жұмыстан шығарылғандарына үш айға жуық уақыт өткеніне және олардың бірден келісім комиссиясында қарау туралы шағымданғандарына қарамастан бұл мәселенің енді ғана талқылануының себебін Азаттық тілшісіне ОСС директоры Серік Әбденов айтты. Оның сөзінше, «жұмысшылар келісім комиссиясына қатысудан бас тартқандықтан кворум болмағандықтан ұзаққа созылып кеткен».
Серік Әбденов ОСС-ның екі апта тамақ ішпеген жұмысшылары кесірінен қандай зиян шеккенін:
– Қаңтар айында болған жағдайдың нәтижесінде жиырма шақты күн кен орнында тамақ ішілмеді. Соның салдарынан біз көрсетілмеген қызмет үшін айтқан соманы төледік. Жұмысшылар ішпеді, ол тамақ төгілді, – деп түсіндірді.
Азаттық тілшісі одан «Тамаққа жұмсалған ақша оған дейін қарастырылған қаражат бойынша бәрібір бөлінген сома емес пе?» деп сұраған еді.
– Сіздің айтып тұрғаныңыз, «бәрібір» деген – жалпылама қарапайым деңгейде айтылатын әңгіме. Заңнама бойынша, бухгалтерлік есепте «бәрібір» деген болуы мүмкін емес, – деп жауап берді ОСС басшысы.
Серік Әбденов ОСС-дағы аштық акциясы кезінде тамақ ішпегендер көп болса да, компания шығынын бірнеше адамнан ғана өндіртудің себебін де айтты.
– Аштықты қозғаған сол азаматтар болды. Ол туралы актілер толтырылды. Инженер-техниктер «осы жігіттер ұйымдастырды, осы жігіттер үгіттеді» деген актілер толтырылды. Біз сотқа бердік, сот шешімі шықты. Бүгінгі таңда ол акцияға қатысты шаралармызды қабылдап болдық, – дейді ол.
Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен ОСС мұнайшыларыныңаштық акциясы қаңтардың 5-і күні Ақтау қаласындағы кәсіподақ ұйымы кеңсесінде басталған. Жұмыс берушінің мәліметінше, аштық акциясы үш жерде (Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде – 292 адам, Қаламқас кенішінде – 270 адам, Жетібай кенішінде – 100-ге тарта адам аштық жариялаған) өткен.
ОСС-ның аштық жариялаған жұмысшыларына қарсы арызын қараған Ақтау қалалық 2-соты қаңтардың 19-ында бұл акцияны заңсыз деп тауып, оны тоқтатуға үкім еткен.
Бұдан кейін Ақтау қаласының прокуроры мұнайшылардан сот шешімін орындауды талап етіп, олардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған.Ақыры жұмысшылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан.
Қаңтардың 19-ы мен 24-і аралығында Маңғыстау облысының Ақтау қаласы, Шетпе ауылы мен Қарақия және Мұнайлы ауданындарында сот отырыстары өтіп, аштық акциясына қатысқан 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік сотқа тартылған, олардың жиырма шақтысы ОСС пайдасына 3 854 870 теңге өтеуі тиіс болған.
КӨРІҢІЗ: Соңы сотқа ұласқан аштық
Мұнайшылар аштығы кезінде ОСС кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев та ұсталған.
Кейін Нұрбек Құшақбаев «заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты» деген айыппен екі жарым жылға сотталып, Techno Trading компаниясына 25 миллион 199 мың 717 теңге, мемлекет пайдасына 755 мың 991 теңге төлеуі тиіс болды.
КӨРІҢІЗ: Нұрбек Құшақбаевты екі жарым жылға соттады
Ал Әмин Елеусінов «кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды» және «полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды» деген айыптарымен екі жылға сотталып, ОСС компаниясына 8 миллион 212 мың теңге төлейтін болған, оның Ақтаудағы пәтері мен банк есепшоттарындағы қаржысы да тәркіленбек.
КӨРІҢІЗ: Сотталған Елеусінов "Басқа амалым бар ма?" деді