Мәслихат та тізіммен сайланса, не болмақ?

Сайлау учаскесiнде алғаш рет дауыс берiп жатқан жас сайлаушы. Алматы, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі "мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлауды" ұсынатын заң жобасы парламентке түскен күні мұндай өзгерістің болжамды салдары туралы саяси партия өкілдерінің және белсенділердің пікірін білді. Бұл ұсынысты құптайтындар да, "азаматтардың сайлау құқығын шектеу" деп санайтындар да бар.

Мамырдың 2-сінде парламент Мәжілісіне "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қарауға түсті.

"ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН ЕСКЕРУ"

Бұл заң жобасында "Сайлау туралы" заңға бірнеше өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген, соның ішінде "Мәслихаттардың депутаттары аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынған партиялық тізім бойынша сайланады" деп көрсетілген.

Қазақстанда осыған дейін партиялық тізім бойынша парламент мәжілісінің депутаттары сайланып келген еді. Ал мәслихат сайлауы мажоритарлы сайлау жүйесі бойынша өткізілетін. Яғни мәслихат сайлауына кандидаттарын қосатын партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен қатар жеке азаматтар да өздерін ұсына алатын еді.

Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау бюллетеньдерін санап жатыр Астана, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі Әділет министрлігіне хабарласып, "мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау не үшін қажет болды" деген сұрақ қойып көрді. Министрліктің уәжіне қарағанда "заң жобасы сайлау принциптерін, азаматтардың ерік-жігерін білдіру бостандығын, ашық және демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге бағытталған".

Әділет министрлігінің жауабына қарағанда "пропорционалды жүйе барлық саяси партиялардың толыққанды өкілдігін қамтамасыз етеді, партиялық құрылысты дамытуға, елдегі қоғамдық-саяси өмірде партиялардың рөлін арттыруға, халықтың мүдделерін толығымен ескеруге мүмкіндік береді. Мұнан кейін азаматтар өзін-өзі мәслихат депутаттығына кандидаттыққа ұсына алмайды".

"ПАРТИЯ ҚОЛДАЙДЫ"

Азаттық тілшісі "мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау" мәселесі бойынша бірқатар саяси партия өкілдері мен белсенділердің пікірін білді.

"Бірлік" партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев бұл өзгеріс саяси партиялардың "рөлін күшейтеді" деп есептейді. Оның пікірінше, "депутат болғысы келетін азаматтар белсенділігін партия ұйымдарында көрсеткені дұрыс. Өйткені белсенді азаматтың артында партия күші тұрса, ісі өнімді, сөзі өтімдірек болады".

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Қайрат Балабиев те осыған ұқсас пікір айтады. Бірақ ол бұл мәселеге басқа қырынан қарайды. Оның сөзінше, мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлау жергілікті жерлерде рушылдық факторының алдын-алуы мүмкін.

- Оңтүстікте "өз руластарым қолдайды" деп ашық айтатындар да кездеседі. Ауыл адамдарын бір-біріне қарсы қоймас үшін партиялық тізіммен сайланғаны жөн. Партия беделді азаматтарды ұсынады. Өзін-өзі ұсынғандар өзін мықтымын десе де, сайлау басталғанда-ақ құжатын әзірлей алмай бәсекеден шығып қалады, - дейді Қайрат Балабиев.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттардың сайлауалды материалдары. Шымкент, 26 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Қайрат Балабиевтің сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына депутат болу үшін өзін-өзі ұсынғандар да болған, бірақ өте алмаған. Қазір облыстық мәслихаттағы 50 депутаттың біреуі "Ақжол" партиясынан, қалғаны "Нұр Отан" партиясынан сайланған.

"Партияға мүше болмай-ақ мәслихат депутаты болғысы келетіндердің құқығы шектелмей ме?" деген сұраққа Қайрат Балабиев:

- Белсенді азаматтар депутат бола алмаса да, партиялар арқылы бастамаларын өткізуіне болады, - деп жауап берді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Орталық сайлау комиссиясы қызметкерінің айтуынша, республика бойынша "өзін-өзі ұсынып, мәслихат депутаты болып сайланғандардың нақты саны белгісіз".

Алматы қалалық мәслихатының хатшылығы мұндай депутаттардың тіпті қалмағанын растады. Мәслихаттың ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Гүлнұр Әшірбаеваның айтуынша, Алматы қалалық мәслихатында 37 депутат бар. Біреуі – "Ауыл" партиясынан, біреуі – "Ақжол" партиясынан, қалған депутаттар "Нұр Отан" партиясынан сайланған. Өзін-өзі ұсынып, депутаттыққа өткендер жоқ.

Мәжіліс депутаттары мәслихатты партиялық тізіммен сайлау туралы:

Your browser doesn’t support HTML5

Партиялық тізіммен мәслихат сайлаған дұрыс па?

"БИЛІКПЕН КЕЛІСПЕЙТІНДЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ"

2000 жылдардың бас кезінде парламент сенаты депутаттығына өзін-өзі ұсынып сайланған, оппозициялық көзқарастағы саясаткер ретінде танылған Уәлихан Қайсар "бұл заң жобасы қазіргі жағдайды заңдастырудың жолы" деп санайды.

Уәлихан Қайсар

- Қазірге дейін азаматтарға өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік бар. Бірақ өзін-өзі ұсынып депутат болатындар сирек кездеседі. Қай мәслихатты алсаңыз да, дені "Нұр Отан" партиясының депутаттары. Билікке жақын өзге партияларға да бірер орын беріп, алдаусыратқаны болмаса, іс жүзінде мәслихаттардың барлығы "Нұр Отан" партиясының депутаттарынан құралады, - дейді ол.

Оның ойынша, сайлау комиссиялары билікке тәуелді болғандықтан қоғамда өзгеше ойлайтын немесе билік партиясына сын көзбен қарайтын азаматтар депутат бола алмайды.

Уәлихан Қайсар 1999 жылы облыстық мәслихат депуттары өзін сенат депутаттығына сайлағанын еске алады.

- Ол кездегі мәслихаттардың еркіндігін қазіргімен салыстыруға болмайды. Менің кандидатурама әкім қарсы болғанымен мәслихат депутаттары қолдады. Ал қазір олай болуы мүмкін емес, - дейді ол.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің жетекшісі Тазабек Сәмбетбай "мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлауды енгізу – партияда жоқ азаматтарды сайлану құқығынан айыру" деп есептейді.

Тазабек Сәмбетбай

- Қазіргі кезде партия мүшесі болмаса парламент мәжілісіне депутаттыққа да, Қазақстан президентіне кандидаттыққа да тіркеле алмайсың. Енді мәслихатты да солай жасаса, партияда жоқ азаматтардың құқығын толық шектеу болып шығады, - дейді ол.

Тазабек Сәмбетбай аталған заң жобасын мәжіліс талқылайтын кезде саяси партияларды шақырар деп үміттенеді.

- Ондай талқылауларға ЖСДП өкілдері қатысып жүр. Сол кезде ұсыныстарымызды айтамыз, - дейді ол.

Сәмбетбайдың сөзінше, Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мәслихаттарда да, жергілікті сайлау комиссияларында да өкілдері жоқ.

Мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну мүмкіндігінің осы уақытқа дейін сақталып келуін қоғамдағы белсенділікті аздап болса да, реттеуге ыңғайлы тетікке балап, ол тетік жойылса, "қоғам тұншығады" деп санайтындар бар. "Ұлы дала" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Жәкей:

Ғабиден Жәкей

- Совет өкіметінің өзінде он пайызға дейін ешқандай партияға жатпайтын адамдар депутат бола алатын. Кез-келген азаматтың таңдау құқығы, партияға кірмеу құқығы бар. Ал мына заң жобасы билікпен келіспейтіндердің бәріне біржола тосқауыл қойғысы келеді. Қазірдің өзінде өзін-өзі ұсынатындар азайды. Өйткені бәрібір депутаттыққа өтпейтінін біледі, - дейді.

Ғабиден Жәкей заңға енгізілетін бұл өзгеріс "билік транзиті қарсаңында кикілжің шықпас үшін жасалып отыр" деп санайды.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң 1995 жылы қабылданып, одан бері бірнеше рет өзгертілген. 2007 жылдан бастап парламенттің төменгі палатасы Мәжілістің де депутаттары партиялық тізіммен сайланып келеді.

Қазақстан конституциясының 33-бабында "Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар" деп көрсетілген.