Жезқазған – Орталық Қазақстандағы қазір 91 мыңнан аса тұрғыны бар шағын, көп ұлттың өкілдері тұратын қала. Жезқазған территориясында мыс кенінің бай қоры бар. Бірақ кей тұрғындардың айтуынша, табиғи мол байлыққа қарамастан, шағын қаладағы өмір сүру деңгейі орташа деңгейге әрең жетеді. Наталья Уласик Жезқазғанға студент кезінде Талдықорған облысынан көшіп барып, сол жақта тұрмысқа шыққан әрі 30 жылдай балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген.
Уласик азаматтық некедегі күйеуінен 2009 жылы ажырасқан әрі онымен көп жылдар бойы соттасқанын әлеуметтік желілерде жариялаған. Биыл азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі "жала жапты" және "тіл тигізді" деп сотқа бергеннен кейін Уласикті күзетпен психиатриялық ауруханаға жіберген. Құқық қорғаушылар бұл - советтік «жазалау психиатриясының» белгісі деп алаңдаушылық білдіреді.
ТІКЕНЕК СЫММЕН ҚОРШАЛҒАН АУРУХАНА
А
Алматы облысы Ақтас кентіндегі 1972 жылы тұтқындар салған арнайы типтегі республикалық психиатриялық аурухана кісі өлтірушілер, адам зорлаушылар, каннибалдар (кісі етін жейтін адам) сияқты қоғамнан оқшауланған науқастарды қамауда ұстайтын орын ретінде белгілі. Ашық ақпарат көздерінде мекеме 800-ден көп науқасқа есептеліп салынған деп көрсетілген. Аурухана биік бетон дуал мен тікенек сым темір тартылған қоршаудың ішінде орналасқан. Сыртында да, іште де күзет постары бар. Бұл – сот «ақыл-есі дұрыс емес», сондықтан қылмыс жасаған сәтте өз әрекетіне есеп бере алмаған деп таныған адамдарға арналған мекеме. Қоғамқа қауіпті болғандықтан, медицина сипатындағы мәжбүрлеу шарасы ретінде оларды жабық психиатриялық ауруханаға жіберген. Сот 62 жастағы зейнеткер әрі азаматтық белсенді Наталья Уласикке қатысты да осындай мәжбүрлі емдеу шарасын қолдану туралы шешім шығарған.
Зейнеткер Наталья Уласик кейінгі кезде Жезқазғандағы пәтерінде бала кезінен мүгедек, ДЦП (балалар сал ауруы) дертіне шалдыққан әрі күтімге мұқтаж 34 жастағы ұлымен бірге тұрған. Қызы Юлияның айтуынша, анасы ұзақ жылдар бойы мүгедек ұлын өзі бағып-қағып келген. Наталья Уласикті психиатриялық ауруханаға қамағаннан кейін бұл ауыртпалық Жезқазғанда бөлек пәтерде тұратын қызы Юлияның мойнына түскен. «Бауырымды ұзаққа қараусыз қалдыруға болмайды, сондықтан екі үйдің арасында сабылып жүрмін әрі жұмыс істеймін» дейді Юлия. Бұған қоса, ол анасын тәртібі онша қатал емес әрі барып тұруға мүмкіндігі болуы үшін үйіне жақындау өзге ауруханаға ауыстыруды талап етіп түрлі мекемелерге барып жүргенін айтады. Юлия Алматыдағы Ақтас кентіне әлі бармаған.
Юлияның айтуынша, анасы азаматтық некедегі бұрынғы күйеуімен бірнеше жыл соттасқан. 2010 жылы Наталья Уласик сараптамадан өтіп, мамандар оның ақыл-есі дұрыс деп таныған. Бұл жолы комиссия оны «аса қауіпті әрі есі ауысқан» деген тұжырым жасаған.
- Анамның құқығы жаппай бұзылды. Мұндаймен күресу өте қиын екен. Бәрін алдын ала ойластырып қойғандай көрінеді. Бұған дейін анам әлеуметтік желілерде билікті қатты сынап жазған болатын. Оны сол үшін қамады деп ойлаймын, өйткені оның үстінен түскен жеке шағым бойынша оны бұлай сандалтпай, психиатриялық ауруханаға қамамай, заң бойынша екі жылға дейінгі мерзімге шартты түрде соттауы немесе айыппұл салуы тиіс еді. Анам Алматыға барудан бас тартқан соң оны күзетпен күштеп әкетті, ол жақта ақыл-есі дұрыс емес, қоғамға аса қауіпті деп таныпты, - дейді Натальяя Уласиктің қызы әрі заңды өкілі Юлия Азаттыққа.
Наталья Уласиктің қамауда отырғанына бірнеше ай болды: әуелі біраз уақыт тергеу абақтысында ұстап, 2016 жылғы қазанда зейнеткерді Ақтас кентіндегі психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызған.
- Анамның бейімделу мерзімі аяқталмай әрі апелляциялық сот басталмай жатып оған түрлі таблеткаларды күштеп ішкізіпті. Әлгі таблеткалардың әсерінен көзі бұлдырап, басы айналып, қатты ауырған. Халі нашарлап кеткенін айтқаннан кейін ғана әлгі дәрілердің мөлшерін азайтыпты. Бұған қоса, анам гипертоник – қан қысымы жоғары. Телефонмен сөйлескенімде анам «күн сайын әлдебір тестерден өтуге, қилы сұрақтарға жауап беруге мәжбүрлейді» деп айтты. Ал психолог анама «ақыл-есің орнында» депті, - дейді Юлия.
Юлияның сөзінше, қазір ол анасына телефон арқылы ғана хабарласа алады, Наталья Уласикке белгіленген күндері туыстарына қоңырау соғуға рұқсат еткен. Ал жуырдан бері 15 минуттық сирек кездесулерге де рұқсат ете бастаған. Бірақ Наталья Уласиктің қызы мен ұлы әзірше аналарымен кездесуге бара алмай жүр. Юлия мұның себебін: «бауырым екеуміз Жезқазғанда тұрамыз, аурухана болса өзге облыста орналасқан» деп түсіндіреді. Бұған қоса, Юлия жұмыс істейді әрі күтім мен қамқорлыққа зәру мүгедек бауырына қарауы тиіс. Юлия анасын қазанда - Жезқазғанда өткен сот кезінде ғана көрген.
Юлия анасына үнемі сәлем-сауқат жіберіп тұрады. Қарашада Қазақстандағы адам құқығы бюросы өкілі ауруханаға барып, Наталья Уласикпен жолыққан. Бірде Наталья Уласик қызына аса қауіпті қылмыскерлермен бір палатада жатуға қорқатынын айтқан, олардың кейбірі психиатриялық ауруханаға кісі өлтіргені үшін жабылған.
лияның сөзінше, қазір ол анасына телефон арқылы ғана хабарласа алады, Наталья Уласикке белгіленген күндері туыстарына қоңырау соғуға рұқсат еткен. Ал жуырдан бері 15 минуттық сирек кездесулерге де рұқсат ете бастаған. Бірақ Наталья Уласиктің қызы мен ұлы әзірше анасымен кездесуге бара алмай жүр. Юлия мұның себебін «өйткені бауырым екеуміз Жезқазғанда тұрамыз, ал аурухана өзге облыста орналасқан» деп түсіндіреді. Бұған қоса, Юлия жұмыс істейді әрі күтім мен қамқорлыққа зәру мүгедек бауырына қарауы тиіс. Юлия анасын қазанда - Жезқазғанда өткен сот кезінде ғана көрген.
Юлия анасына үнемі сәлем-сауқат жіберіп тұрады. Қарашада ауруханаға Қазақстандағы адам құқығы бюросы өкілі барып, Наталья Уласикпен жолыққан. Бірде Наталья Уласик қызына аса қауіпті қылмыскерлермен бір палатада жатуға қорқатынын айтқан, олардың кейбірі кісі өлтіргені үшін психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емдеуге жабылған.
СОТТАР МАРАФОНЫ
Іске қатысты материалдарда Наталья Уласик «созылмалы сандырақ дертіне шалдыққан» деп жазылған. Кейін ол «ақыл-есі дұрыс емес» күйде құқық бұзушылық жасаған әрі «қоғамға аса қауіпті» деп танылған. 2016 жылғы қазанда Жезқазған қалалық соты Наталья Уласикті азаматтық некедегі бұрынғы күйеуінен түскен жеке шағым бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Бірақ оған медициналық сипаттағы шара қолданылып, Уласикті Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас кентіндегі арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеуге жіберген.
Наталья Уласиктің қызы соттың әлгі қаулысын – заңсыз, ал медициналық сипатта шаралар қолданып, оны арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу қажет деген ұйғарымын қателік деп санайды, сондықтан қорғаушы тарап жолдаған жеке шағымда ол әлгі қаулының күшін жоюды өтінген. Уласиктің қорғаушысы оны өзге медициналық мекемелерде емдеу мүмкіндігі неге қарастырылмайды деген мәселені де көтерген. Белгілі қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис әлеуметтік желілерде Уласик "жазалау психиатриясына" тап болған деп тұжырым жасауға негіз бар деп мәлімдеген.
Сарапшы, жоғары санатты дәрігер-психиатр әрі «Дәрігерлер есірткіге қарсы» қоғамдық қоры директоры Сергей Молчанов Азаттыққа Наталья Уласикке қатысты жайттарда бейтарап позиция ұстанатынын айтады. Ол Уласиктің өзімен сөйлеспеген, бірақ әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларын оқыған әрі оны танитын адамдармен сөйлескен.
- Меніңше, мұның бәрі бұл адамның жеке өмірінің дұрыс болмауынан басталып, кейін тағдыр тауқыметтері бір-біріне жамыла берген сияқты. Мен бұл адам ішінара әлеуметтік қолдауға да, медициналық көмекке де зәру деп санаймын, бірақ стационарға қамау – ең ақырғы әрі дәл қазір қажетсіз шаралардың бірі. Негізі, бәрі дәрігерлердің қолында ғой. Олар дұрыстап тексеріп, оның психикасы эндогенді дертке шалдыққан немесе дені сау адам деген ұйғарым беруі тиіс. Біздің дәрігерлер кейде науқастың диагнозын алып тастап жатады. Каннибал Жұмағалиевтен диагнозын алып тастағанын білесіз ғой. Сондықтан бәрі дәрігерлерге байланысты, әрине, егер оларға жоғарғы жақтан қысым жасап жатпаса. Біреулер қысым жасап жатыр деп болжам жасаудан аулақпын, бірақ мынау қай жағынан болсын тіпті түсініп болмайтын өте қызық жағдай және оның түбі не болары белгісіз, - дейді Сергей Молчанов.
Ол қазақстандық психиатрияны «көбінесе жазалау» сипатында қолданылатын, сауықтыру шаралары жетілмеген сала деп атайды. Психиатр дәрігер Сергей Молчановтың айтуынша, стационарға түскен кезде өзіңді сыпайы ұстап, мінез-құлқыңа абай болып, ашу-ызаға ерік бермеуге тырысу керек, өйткені өзге науқастарды келемеждеп немесе олармен ұрсысып қалу сияқты кез-келген теріс қылығы науқастың тарихына жазылады.
Желтоқсан айының ортасында апелляциялық сот Жезқазған сотының Наталья Уласикке қатысты шығарған қаулысын заңды әрі негізді деп тауып, оны өзгеріссіз қалдырып, Наталья Уласиктің өкілінің шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот қаулы «кассациялық сотта қайта қаралмайды және заңды күшіне енеді» деп мәлімдеген. Қазақстандағы адам құқығы бюросы көмегіне жүгінген Юлия Уласик қазір Жоғарғы сотқа шағым әзірлеп жатыр.