Наталья Уласикті мәжбүрлі түрде емдеу мерзімі ұзартылды

Азаматтық белсенді Наталья Уласиктің қарсылық акциясын өткізіп тұрған суреті.

Сот 62 жастағы азаматтық белсенді Наталья Уласикті психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеу мерзімін ұзартты. Қоғамнан оқшауланған зейнеткердің қызы мен Қазақстандағы адам құқығы бюросы бұл шешімді негізсіз деп санайды.

«ОНЫ НЕГЕ ҚАМАУДА ҰСТАП ОТЫР?»

62 жастағы Наталья Уласиктің Алматы облысындағы науқастар жіті бақылауда болатын арнайы типтегі республикалық психиатриялық ауруханада жатқанына алты айдан асты. Жұрт әлгі мекемені тәртібі «ең қатал аурухана» деп атайды. 2016 жылғы қазанда бұрынғы балабақша тәрбиешісі Наталья Уласикті бұрын бірге тұрған ер адамның "жала жапты" және "тіл тигізді" деген жеке шағымы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатып, сот шешімімен «ақыл-есі дұрыс емес» деп танып, «созылмалы сандырақ дертіне шалдыққан» деген диагнозбен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберген болатын.

Зейнеткер Уласик билік пен бұрын өзі бірге тұрған әлгі ер адамды әлеуметтік желілерде сынап жазған постарымен танылған. Қызы Юлия анасын ауруханаға қамауға оның әлеуметтік желілерде билікке қарсы жариялаған ызалы жазбалары түрткі болды деп санайды. Анасын арнайы типтегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеу мерзімі ұзартылғанын қызы жуырда естіген.

Анамның айтуынша, кісі өлтіргендермен, шынымен қауіпті адамдармен бір палатада жатыр. Бірақ ол ештеңе бүлдірген жоқ қой, қоғамға қауіпті емес.

- Бұған ызам келеді, оны әлгі жерде неге қамауда ұстап отыр? Анамның айтуынша, кісі өлтіргендермен, шынымен қауіпті адамдармен бір палатада жатыр. Бірақ ол ештеңе бүлдірген жоқ қой, қоғамға қауіпті емес. Таблеткаларды әлі беріп жатыр екен. Анам бізден көмек сұрайды, бірақ біз ештеңе істей алмаймыз. Ешқандай құқығымыз жоқ сияқты, бізді адам ғұрлы көрмейді. Қоғамдық қорғаушысы болғаныммен, маған соттың болып кеткенін кеш хабарлады! - дейді азаматтық белсендінің қызы Юлия.

Мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылған Наталья Уласикке туыстарына Юлия жіберген таксофон карточкасымен телефон соғуға айына екі мәрте рұқсат етеді. Белсендінің қызы ол жаққа «сәлемдеме» жіберу тәртібі де өте қатал дейді.

- Ол кісі көбінесе тәттілер жібер деп өтінеді. Кездесу ұзақтығы - небәрі 15 минут. Онымен жолығуға сол күйі бара алмадым. Ол жаққа екі поезбен жетуім керек, бұған қоса, бауырымды ұзаққа жалғыз қалдыруға болмайды - ол мүгедек қой. Бұрын ол анамның қамқорлығында болатын. Анамның өзі де келмей-ақ қой дейді, өйткені ол жақта тіпті дұрыстап сөйлестірмейді де ғой. Ол жақ түрме тәрізді, бәрі темірмен қоршалған. Кездесуге барып тұру үшін оны Қарағандыға ауыстыруды сұрағанмын, бірақ өтінішімізді әлі орындамай отыр. Сондықтан онымен телефон арқылы ғана хабарласып тұрамыз. Анамды қатты уайымдап жүрмін, - дейді Наталья Уласиктің қызы Юлия.

Енді Юлия мәжбүрлі емдеу мерзімін ұзартқан сот шешіміне қатысты шағымданғысы келеді. Ол емдеу шараларын өзге медициналық мекемелерде қолдану мүмкіндігі неге қарастырылмайтынын түсінбейді. Наталья Уласиктің қызы Азаттық тілшісіне анасының құқығын жалғыз қорғауға шамасы келмейтінін айтты. Сондықтан ол Қазақстандағы адам құқығы бюросы көмегіне жүгінген.

СОТ МӘЖБҮРЛІ ЕМДЕУ МЕРЗІМІН ҰЗАРТТЫ

Азаттық тілшісі сот азаматтық белсенді Наталья Уласикке қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрін өзгертуден маусым айында бас тартып, мәжбүрлі емдеу мерзімін ұзартқаны туралы Қазақстандағы адам құқығы бюросы мен Уласиктің қызынан жуырда ғана естіді. Мәжбүрлі шара түрін өзгертуді Алматы облысы Ақтас кентіндегі қазір Наталья Уласик жатқан науқастар жіті бақылауда болатын арнайы типтегі республикалық психиатриялық аурухана дәрігерлері өтінгені белгілі болды.

Саяжайда отырған Наталья Уласик. Қарағанды облысы Жезқазған қаласы, 2016 жылдың жазы. Сурет отбасылық архивтен алынған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис үзінді келтірген сот қаулысында «психиатр дәрігерлердің ұсынысы мен ұйғарымын сот дәлелсіз деп тапты» деп жазылған.

Азаттық тілшісі соттың әлгі шешіміне қатысты шағым мен науқас Наталья Уласикке қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлі шара түрін өзгерту ұсынысы қайта жолданған-жолданбағанын білу үшін «Науқастар жіті бақылауда болатын арнайы типтегі республикалық психиатриялық аурухана» мемлекеттік мекемесіне хабарласқан еді. Аурухана қызметкерлері сауалдың мәнісін білгеннен кейін мекеме басшысы Дулатбек Дауылбековтің атына ресми сауал жолдауды өтінді. Сауал тамыздың 10-ы күні факспен жолданды. Ал тамыздың 14-і күні Азаттық ресми хат алды. Әлгі хатта Наталья Уласик 2016 жылғы қазанның 26-сынан бері мәжбүрлі емдеуде екені айтылған. Бірақ мекеме «дәрігерлік құпияға» сілтеп әрі Қазақстан конституциясына сәйкес, «әр азаматтың жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауы тиіс» деген уәжбен Азаттық сұраған мәліметтерді беруден бас тартты.

Алматы облысы Ақтас кентіндегі науқастар жіті бақылауда болатын арнайы типтегі республикалық психиатриялық аурухана - кісі өлтірушілер, адам зорлаушылар, каннибалдар (кісі етін жейтін адам) сияқты қоғамнан оқшауланған науқастарды қамауда ұстайтын орын ретінде танылған мекеме. Ашық ақпарат көздерінде бұл мекеме сот «ақыл-есі дұрыс емес», сондықтан қылмыс жасаған сәтте өз әрекетіне есеп бере алмаған деп таныған адамдарға арналған мекеме.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ КОММЕНТАРИІ

Белгілі қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис «Уласикке қолданылған мәжбүрлі шараларда "жазалау психиатриясы" белгілері бар деген болжамын талай мәрте мәлімдеген болатын. Жовтистің айтуынша, Наталья Уласик өзіне де, айналасындағы адамдарға да ешқандай қатер төндірмеген. Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне:

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.

- Бюро көмектесіп жатыр, оған адвокат жолығып қайтты, енді ол соттың Уласикке қатысты, мысалы, дәрігерлердің өтінішін орындаудан бас тарту шешіміне қарсы шағымдануға тырысып жүр. Адам (Уласик. — Азаттық) жеке айыптау шағымымен жауапқа тартылған, ал оны психитариялық сараптамадан өткізіп, қоғамға қауіпті деп көрсеткен. Шындығында, бұған ешқандай негіз жоқ, ол қоғамға қауіпті емес, ешқандай зиян келтірмейді. Мұның бәрі әу бастан қисынсыз әрі заңсыз болған. Уласиктің ісінде жауаптан гөрі сұрақ көп, - деді.

Жовтистің айтуынша, бюро Наталья Уласикке қатысты қиын жағдайды бақылауда ұстап, тиісті көмек көрсететін болады.