Мұнайлы елдегі әлеумет неге жүдеу тартады?

Ескі кемелерден секіріп суға түсіп жүрген ауыл балалары. Баутино кенті, Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2013 жыл.

Сарапшылар Қазақстанның әлеуметтік жобаларға бөлетін қаржысы соңғы жылдары көбейгенімен, СССР күйреген уақыттағы көрсеткішке енді 10 жылда ғана жететінін айтады.
Каспийдегі Қашаған кенішін игеріп жатқан мұнай компанияларының Маңғыстау облысы Баутино ауылында орналасқан қалдықтарды жинайтын базасының маңы ескі кемелердің қорымына айналыпты. Оны ел арасында «корабльдер мазары» деп атайды екен. Теңіз жағасында тұратын баутинолықтар шомылатын жағажай жоқ. Ауыл балалары ескі кемелерді суға секіретін трамплинге айналдырған.

Ақтілек есімді кәсіпкер әйел ауылда ауыз су мен жарықтың жоқтығын айтып шағымданды.

- Көшеде жарықсыз отырғанымызға жылдан асты. Түн қараңғысында сыртқа шығудан қорқатын болдық. Ауыз суы құбырларын осыдан үш жыл бұрын жер астына көміп кеткенімен сусыз отырмыз. Ал теледидардан Маңғыстау сумен қамтылған деп хабарлайды, - дейді ол.

Ақтілектің айтуынша, әр үй ішетін суды аулаларындағы цистернаға құйдырып алады.

- Бір цистерна су менің отбасыма тек бір аптаға жетеді, - дейді ол.

Баутино әкімі Ерлан Ермұханбетов Азаттық тілшісіне көшедегі жарық желісінің жуырда қосылатынын, ал ауыз су құбырының биылғы қыркүйек-қазан айларында тартылатынын айтты. Мұнай қорына бай аймақтың халқы бұл инфрақұрылымдар іске қосылса, сапалы ауыз су мен тұрақты жарыққа қол жетеді деп үміттенеді.

НОРВЕГИЯНЫҢ ДЕҢГЕЙІНЕ ЖЕТУ

Халықты ауызсумен, баспанамен қамтамасыз ету сияқты проблемаларды шешуге арналған әлеуметтік бағдарламаларды Қазақстан үкіметі жыл сайын қабылдайды деуге болады. Кейбір сарапшылар «Егер Қазақстан үкіметі пайдалы қазбаларды экспорттаудан түсетін қаржыны тиімді пайдаланса, бұл бағдарламалардан нақты нәтиже шығатын еді» дейді. Сыртқа мұнай-газ сататын түрлі елдердің әлеуметтік даму деңгейі де әртүрлі.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтің Азаттық тілшісіне айтуынша, СССР күйреген соң Қазақстанда әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржы 4-5 есе қысқарып, соңғы 2-3 жылда ғана өсе бастады.

— Егер бұл қарқын сақталса, бұрынғы деңгейге 10 жылдан кейін ғана жетеміз. Ал Норвегияның қазіргі деңгейіне Қазақстан 15 жылдан соң жетуі мүмкін, - деп болжайды ол.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Астанадағы бас кеңсесі. Көрнекі сурет.

Парламент депутаты, коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косаревтің Азаттыққа айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі азайып, үкімет әлеуметтік бағдарламаларды қалдық принципімен қаржыландырады. Депутаттың пікірінше, "тұрмысы ауыр көп балалы отбасылар, мүгедектер, балалар мен зейнеткерлер әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған”.

ҚАЗАҚСТАН ЭКСПОРТЫНЫҢ 59 ПАЙЫЗЫ - ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР

Қазақстан - Әзірбайжан, Венесуэла, Кувейт, Норвегия, Ресей, Сауд Арабиясы және Түркіменстан сияқты табиғи ресурстарға бай ел. Мұнай мен газ экспорты бұл елдерге қыруар кіріс әкеледі.

2012 жылдың экспорты, импорты, сальдосы:

(ЦРУ-дың World Factbook деректері негізінде Азаттық сарапшысы құрастырған кестелер мен есептер)

Елдер Экспорт Экспорт, миллиард АҚШ доллары Импорт, миллиард АҚШ доллары Сальдо, миллиард АҚШ доллары
Мұнай, миллион тонна Газ,
миллиард м3.
Әзербайжан 40,9 6,8 30,6 10,8 + 19,6
Венесуэла 81,9 - 96,9 56,7 + 40,2
Қазақстан 53,7 8,1 88,6 42,8 + 45,8
Кувейт 67,8 - 109,4 24,1 + 85,3
Норвегия 87,6 98,3 162,7 86,8 + 75,9
Ресей 233,5 200,1 530,7 335,4 + 185,3
Сауд Арабиясы 342,5 - 381,5 136,8 + 244,7
Түркіменстан 3,3 34,5 16,1 10,4 + 5,7

Статистикалық деректерге қарағанда, Кувейт экспортының 95 пайызын қуат көздері құрайды. Әзербайжан, Венесуэла мен Сауд Арабиясында бұл көрсеткіш – 90 пайыз, Түркіменстанда – 83,5 Норвегияда – 67,9, Ресейде – 65, Қазақстанда – 59 пайыз.

Бұл елдердің біразы әлеуметтік проблемаларды шешу мен кедейлікпен күресу үшін табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдаланады. Ал көптеген елдер, әсіресе ТМД елдері жергілікті халықтың басым бөлігінің кедейлігін жоя алмай отыр. Олар Норвегияны былай қойғанда, тұрғылықты халқының табысы дамыған елдердегі халықтың кірісімен бірдей Кувейт пен Сауд Арабиясын да көптеген көрсеткіштер бойынша қуып жете алмай келеді.

Ауылға тартылып, аяқсыз қалған су құбырының үстімен мектепке бара жатқан балалар. Шұбарши кенті, Ақтөбе облысы. 14 мамыр 2012 жыл.

Қанша жоғары болғанымен, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштері әлеуметтік проблемалардың қаншалықты ушығып тұрғанын, әсіресе кедейлік деңгейін толық көрсете алмайды. Қазақстан үкіметі ауызсумен қамту жүйесін жаңарту жөніндегі «Таза су» сияқты бірнеше әлеуметтік бағдарлама жариялады. Қазір жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың бірі – «Қол жетімді баспана-2020». Мұндай жобалардың қатарында «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы да бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің осы бағдарламалары негізінде өткен жылды «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту жылы» деп жариялады.

ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ ДА КРИТЕРИЙ

Халықаралық ұйымдар мұнайдан түскен долларды әлеуметтік жобаларға тиімді пайдалануды бағалаған кезде Адам дамуы индексін (АДИ) жиі қолданады. БҰҰ-ның Даму бағдарламасының (ПРООН) «Адам дамуы - 2013» баяндамасында АДИ-дің жоғарғы деңгейі білім беру, денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы және халықтың кіріс деңгейі сияқты көрсеткіштер арқылы жасалатыны айтылған. АДИ көрсеткіші жөнінен Норвегия 1-орында тұр. Ал Кувейт – 54, Ресей – 55, Сауд Арабиясы – 57, Қазақстан – 69, Венесуэла – 71, Әзірбайжан – 82, Түркіменстан – 102-орында тұр.

Мемлекеттің әлеуметтік саясаты халықтың кедей бөлігінің саны, елдің ІЖӨ-нен денсаулық сақтау мен білім беру салаларына бөлінетін үлес, халықтың өмір сүру ұзақтығының деңгейі бойынша бағаланады.

Әлеуметтік жобаларға жұмсалатын шығын мен өмір сүру ұзақтығы:

Елдер Денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын
Білім саласына жұмсалатын шығын Өмір
ұзақтығы, жыл
млрд. АҚШ долл. ІЖӨ-дегі пайызы Жан басына шаққандағы ІЖӨ, доллар
миллирд доллар ІЖӨ-дегі пайызы
Жан басына шаққандағы ІЖӨ, доллар
Әзірбайжан 5,8 5,9 604 2,7 2,8 286 71,32
Венесуэла 19,7 4,9 2 329 14,5 3,6 508 74,08
Қазақстан 9,9 4,3 560 7,2 3,1 403 69,63
Кувейт 4,3 2,6 1 600 6,3 3,8 2 338 77,28
Норвегия 26,4 9,5 5 594 20,3 7,3 4 298 80,32
Ресей 127,7 5,1 896 102,7 4,1 720 66,46
Сауд Арабиясы 31,2 4,3 1 181 41,5 5,6 1 539 74,35
Түркіменстан 1,2 2,5 232 - - - 68,84

Азаттық сарапшысы құрастырған кестеден көрінгендей, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы төменнен санағанда үшінші орында тұр. Денсаулық сақтау мен білім саласына қаржы бөлу жағынан Норвегия - көш басында. Кувейт пен Сауд Арабиясы да бұл салаларға қомақты қаржы бөлетін елдер қатарында. Азаматтары тегін емделіп, білім берудің барлық сатысында тегін білім алатын бұл елдерде кедейлік деген құбылыс мүлде жоқ деуге болады.

Ауруханада орын жетіспей, дәлізде қойылған төсектерде жатқан сырқаттар. Көрнекі сурет.

Норвегия денсаулық сақтау саласында бір адамға жылына 5,5 мың АҚШ доллары, яғни Қазақстанға қарағанда 10 еседей көп жұмсайды. Кувейт пен Сауд Арабиясы әр азаматтың денсаулығын сақтауға, Қазақстанға қарағанда ақшаны 2 есе көп бөледі. Норвегияның білім беру саласындағы бір адамға жылына бөлетін қаржысы 4 мың доллардан асады, яғни Қазақстанмен салыстырғанда 10,6 есе көп. Кувейт пен Сауд Арабиясында білім саласына бөлінетін ақша Қазақстанға қарағанда 5,8 және 3,8 есе жоғары.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.