Азаттық вебсайтында 16 маусымнан 31 тамызға дейін оқырмандар арасында өткізілген "Елдегі демалыс" байқауының қорытындысы шығып, үш жүлдегер анықталды.
Азаттықтың кәсіби фотосурет сарапшылары Люция Стейнзова (Чехия), Умида Ахмедова (Өзбекстан) және Балжан Балташева (Қазақстан) қарапайым оқырмандар жіберген ондаған суреттің үшеуін таңдап алды. Үздік суреттерді анықтау кезінде тақырыпты ашу, ракурс пен план таңдау, жарықты сауатты пайдалану, қимыл мен эмоцияны көрсету негізгі критерилер болып саналды.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша бірінші орынға Елдос Абаев түсірген "Қатон-Қарағайдың Ақтомар шатқалы" атты (жоғарыдағы) сурет ие болды. Жюри бұл автордың бірнеше суретін ұнатып, "кәсіби курстан өтсе, жақсы фотограф шығады" деген пікір айтты. Қазылар Елдос Абаевтың жеңімпаз суретінен байқау тақырыбына сәйкестілік, сауатты пландар мен контрасты бояулар тапқан.
Екінші орынға лайық сурет ретінде Әйгерім Бегімбет жіберген "Қостұрада балық аулау" фотосы аталды. Бұл фотодағы композиция сауаттылығы мен іс-қимыл көрінісі ерекше аталды. Әйгерімнің бұдан өзге фотоларынан да қалыптаса бастаған қолтаңба байқалады.
Қазылардың шешіміне сәйкес Аймангүл Қазанғапова жолдаған "Алакөлдегі демалыс" атты фото үшінші орынға шықты. Жюри мүшелері бұл суреттің түсіру техникасы жоғары деңгейде болмаса да, демалушылардың шынайы эмоциясы көрсетілген деп ұйғарды.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі туралы Азаттық алдағы күндері арнайы хабарлайды. Фото-байқауға қатысқан барша оқырмандарымызға Қазақстанның әсем жерлерін көрсетіп, жазғы қуаныштарын бөліскендері үшін зор алғыс айтамыз.