Қазақ ССР президентінен - Қазақстан президентіне

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз инаугурациясында ант беріп тұр. Астана, 20 қаңтар 1999 жыл.

Саясаткерлер мерзімінен бұрын президент сайлауында қайта сайланған президент Назарбаевтың легитимділігі туралы мәселе тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда күн тәртібінен түскен емес дейді.

Қазақстанның жаңа тарихында президент сайлауы Конституцияда белгіленген мерзімде бір-ақ рет өтті.

1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауында Қазақ ССР-інің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент болып сайланып, алдағы бес жылға өкілеттік алды. Бірақ мәселе кімнің сайланғанында емес - арада 15 күн өткеннен кейін (1991 жылы 16 желтоқсанда) Қазақстанның егеменді және тәуелсіз мемлекетке айналғанында еді.

«НАЗАРБАЕВ ДӘСТҮРІ»

Міне, осы жайтқа келгенде кейбір саясаткерлер «жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстанның билігі осыдан кейін қаншалықты заңды бола алады» деген сауалды көлденең тартады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет басшысы да, парламент те қайта сайланған жоқ. Осы реттен келгенде бұрынғы Чехословакияда болған дәл осыған ұқсас жайттар еске түседі. Алайда Чехословакия бөлінер қарсаңда федеративтік республиканың іс жүзіндегі президенті Вацлав Гавел өз өкілеттігін тоқтатып, 1993 жылы мемлекет екіге жарылғаннан кейін Чехия Республикасының президенті болып қайта сайланды.

Қазақ Совет Социалистік Республикасының президентінен Қазақстан президентіне айналып кеткен Назарбаевтың легитимділігі туралы мәселеге
Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдау сәті. 1991 жыл.
жауап іздемес бұрын, жұртшылықтың назарына ілінбей, ұдайы тасада қала беретін маңызды жайттардың біріне аз-кем тоқталған жөн.

Қазақстанда ең алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өткені және президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сайлауда 98,7 пайыз дауыс алғаны мәлім. Қазақстан президентінің ресми сайты akorda.kz осылай дейді.

Ресми шежіре бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстанда президент сайлауы небәрі үш рет қана, яғни 1991, 1999 және 2005 жылы болған. Кезекті президент сайлауы 2012 жылы желтоқсан айында өтуі тиіс еді. Алайда 2011 жылдың 3 сәуіріне мерзімінен бұрын президент сайлауы өтті.

Қазақстанда президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу немесе референдум жасау «дәстүрге» айналды. Бұл дәстүр бір адамның – Нұрсұлтан Назарбаевтың айнымас билігі жүрген кезеңде қалыптасқан «Назарбаев дәстүрі».

1990 жылы Жоғарғы Советте сайланған Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы өткен сайлауда қайта сайланады. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы бесжылдық мерзімінің үш жарым жылдан астамын ғана пайдаланды.

Президент Назарбаевтың келесі мерзімі 1996 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс еді. Бірақ ол өз өкілеттігінің аяқталуына бір жыл сегіз ай қалғанда президенттік жоғары лауазымдағы қызметін тағы бес жылға ұзартады. Сайлау арқылы емес, референдум арқылы. Сөйтіп 2000 жылдың желтоқсанына дейінгі мерзімге қайта сайланады.

Алайда, президент сайлауы 2000 жылдың желтоқсанында емес, 1999 жылдың қаңтарында болғаны мәлім. Тағы да мерзімінен бұрын. Яғни бұл - президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін осымен үшінші рет жүзеге асырмады дегенді білдіретін еді. Соңғысы, тіпті, екі жылға жуық – бір жыл 11 ай.

Ендігі президент сайлауы, яғни мерзімінен бұрын өтетін үшінші президент сайлауы 2011 жылы 3 сәуірде өтті. Ал Конституцияда белгіленген уақыты 2012 жылдың желтоқсан айының алғашқы жексенбісі болатын. Сөйтіп президент сайлау туралы заң мен Конституцияда белгіленген мерзімнен бір жыл сегіз ай бұрын президент сайлауы өтті.

«ӨЗІН-ӨЗІ ТАРАТТЫ»

Бұл жылдары Қазақстан парламентінің тағдыры да жеңіл бола қойған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жоғарғы Совет деп аталған парламент пен кейінгі қос палаталы парламент екі рет – 1995 жылы және 2007 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен таратылды, сондай-ақ екі рет мерзімінен бұрын парламент сайлауы өткізілді. Оған 1993 жылы «өзін-өзі таратқанын» қосыңыз.

Біріншіден, Қазақстан бір жылға жуық, 1995 жылдың наурыз айынан 1996 жылдың қаңтарына дейін жоғары заң шығарушы билік тармағы – парламентсіз өмір сүрді. Парламенттің орнын президент Назарбаевтың жалғыз өзі басты, осы аралықта ол заң күші, тіпті, конституциялық күші бар ондаған заң шығарып тастады.

Екіншіден, 2007 жылы маусымда парламент «өз өтініші бойынша» таратылды. Мәжілістің бір топ депутаты «президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған демократиялық реформаларға тежеу болмас үшін» мәжілісті тарату жөнінде үндеу жасады.

Қазақстан парламенті өзінің алдындағы 12-шақырылымдағы Жоғарғы Советтің «тәжірибесімен» «өзін-өзі саяси өлімге» қия алмады, өйткені Конституциялық кеңестің қаулысы бойынша мәжіліс қызметін конституциялық жолмен тоқтатудың жалғыз тәсілі - президент жарлығы болатын.

Енді Қазақстандағы биліктің легитимділігі, яғни заңдылығы мәселесіне оралайық. Бұл тұрғыдан келгенде оппозиция ардагері Серікболсын Әбділдин президент Нұрсұлтан Назарбаев билігінің легитимділігі туралы мәселе тәуелсіздік жылдары күн тәртібінен түскен емес деп санайды.

– Бұл күдік, – дейді ол, – сайлау өткен соң небәрі екі аптадан кейін-ақ пайда болды.

Серікболсын Әбділдин 1991 жылдың 11 желтоқсанына дейін 12-шақырылымдағы Қазақстан Жоғарғы Советі төрағасының міндетін атқарушы, ал 11 желтоқсаннан кейін оның төрағасы болған еді.

ТАҢДАУСЫЗ ӨТКЕН САЙЛАУ

Алайда, бұған қарсы пікірлер де бар. Қабдұлсамих Айтқожин Азаттық радиосына берген сұқбатында Қазақстанда билік 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Советі «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдағаннан бастап легитимді деп есептейтінін айтты.

Қабдұлсамих Айтқожин – заң ғылымының докторы, Дінмұхамед Қонаев атындағы Университеттің конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі.

– Қазақстан билігінің легитимділігі 1990 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Советі қабылдаған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік органдарын
Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РСФСР төрағасы Борис Ельцин шартқа қол қою кезінде. 1990 жыл.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ретінде өзгерту туралы» заңмен қамтамасыз етілген. Осы заңда көрсетілген ережеге сәйкес Қазақ ССР-індегі мемлекеттік органдардың барлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары болып жарияланды.

Бұл заңда, тіпті Қазақ ССР-і кезінде қабылданған құқықтық актілердің барлығы Қазақстан Республикасының құқықтық актілері болып қайта аталатыны туралы арнайы ереже де көрсетілген. «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация да» осы ережеге бойынша қабылданады, – дейді Қабдұлсамих Айтқожин.

Дегенмен профессор Айтқожин президент «Нұрсұлтан Назарбаевтың легитимділігін бекіту үшін Қазақ ССР-інің тіршілігі тоқтаған соң қайта сайлау өткізуге болар еді, бұл орайда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң Жоғарғы Совет президент сайлауы туралы жаңа заң қабылдауы керек болатын» деген ойдан да аулақ емес:

– Әрине, Назарбаев та, Жоғары Совет те сондай қадам жасауына болар еді... Бірақ тіпті Жоғарғы Совет те, мәселен, мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылдағаннан кейін президент сайлауы туралы заң қабылдаған жоқ қой.

Профессор Қабдұлсамих Айтқожин Қазақстан басшылығы да әрқайсысы өз жолымен кеткен Чехия мен Словакия билігін заңдастыру жолынан үлгі алуына болар еді деп мойындайды. Олардың мемлекеттік ірге ажыратуы заңдық тұрғыдан өте мұқият және анық жүргізілді дейді профессор. Бірақ ол «мұның барлығы да «демократиялық тәжірибенің» жетіспеушілігінен болды, ал Қазақстан сол кезде жүзеге асырған заңи процестер советтік басқару қағидаттары бойынша жүргізілді» деген пікірде.

Алайда профессор Қабдұлсамих Айтқожиннің бұл дәлелдерін 1991 жылғы желтоқсандағы уақиғаларға өзі де тікелей қатысқан Серікболсын Әбділдин жоққа шығарып отыр:

– Биліктің заң шығарушы тармағына келер болсақ, онда былай: 11 желтоқсанда [1991 жылы] Жоғары Совет мені өзінің төрағасы етіп сайлады. Президент сияқты емес, мен бұл ретте тәуелсіз Қазақстан Республикасы Жоғарғы Советінің төрағасы болып сайландым. Сондықтан менің қызметім сол кезде де легитимді болды, қазір де легитимді. Ал «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң арада бес күн өткен соң, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданды. Қабылдаған – легитимді Жоғары Совет, – дейді Серікболсын Әбділдин.

Серікболсын Әбділдиннің ойынша, «Назарбаев билігінің легитимділігін заңдық көзқарас тұрғысынан алып қарайтын болсақ, онда ол – легитимді емес, яғни заңсыз деген сөз».

– Өйткені, – дейді ол, – 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Советте өткен президент сайлауында да, 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен президент сайлауы кезінде де СССР және Қазақ ССР заңдарына бірқатар нұқсан келтірілді.

Атап айтқанда, президент туралы СССР және Қазақ ССР заңдары бойынша, президент сайлауы міндетті түрде балама кандидаттардың қатысуымен өту тиіс. Бірақ Жоғарғы Советтегі сайлау да, жалпыхалықтық сайлау да ешқандай балама кандидатсыз өткізілді.

Алғашқысында Жоғарғы Советтің депутаты Олжас Сүлейменов өз кандидатурасын қайтып алды. Екіншісінде Орталық сайлау комиссиясы «қажетті қол жинап үлгермеді» деген желеумен диссидент Хасен Қожахметті тіркеуден бас тартты. Бірақ, Қожахметтің айтуына қарағанда, Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырар қарсаңда оның Алматыдағы сайлауалды штабына шабуыл жасалып, қол қойылған парақтардың барлығы ұрланған.

Жоғарғы Совет «халық атынан президент болғысы келген Назарбаев үшін» арнайы қабылдаған «Қазақ ССР-нің президенті туралы» заңның негізінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-інің президенті болып сайланды» дейді Серікболсын Әбділдин.

Бірақ ол сайлау мен жалпыхалықтық президент сайлауының легитимділігі заңдық тұрғыдан өткен күнмен рәсімделді деген пікірді алға тартады. «Президенттің инаугурациясы 10 желтоқсанға белгіленген болатын. Біз оған Қазақ Советтік Социалистік Республикасы президентінің куәлігін беруге тиіс болдық. Алайда 10 желтоқсан күні үш славян республикасы - Ресей, Украина және Белоруссия президенттері 8 желтоқсанда үшжақты Беловеж келісіміне қол қойғаны белгілі болды. Соның нәтижесінде Совет Одағы тарады.

10 желтоқсанда түске дейін менің төрағалық етуіммен Жоғарғы Совет Қазақ ССР-інің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады. Ал түстен кейін, сағат 15-те Жоғарғы Совет менің басшылығыммен жалпыхалықтық жолмен сайланған президенттің инаугурациясын өткізді.

Алайда, заңның әрбір әрпі мен жалпы рухына бағынатын болсақ, онда 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен сайлау заңсыз болып шығар еді, өйткені одан кейін ел тәуелсіздігін алды».

Алматы заң корпорациясының президенті Виталий Воронов «1991 жылы 1 желтоқсанда сайлау болды» деген пікірмен келіспейді.

– Өйткені сайлау болатындай таңдау болған жоқ, іс басындағы президент ешқандай балама кандидатсыз жалғыз өзі дауысқа түсті. Сондықтан оны сайлау демей, президент өкілеттігін ұзарту үшін дауыс беру» деп атаған дұрыс, – дейді Виталий Воронов.

«ӨМІР БОЙЫ ТҮРМЕГЕ ОТЫРҒЫЗАР ЕДІ»

Таяуда Азаттық радиосының орыс реакциясына берген сұқбатында бұрынғы СССР президенті Михаил Горбачев СССР-ді сақтап қалу үшін одақтас республикалар президентерінің ішінде тек Нұрсұлтан Назарбаев қана соңына
СССР Мемлекеттік кеңесі мәжілісі жаңа одақтық келісім жобасын талқылап отыр. СССР президенті М.Горбачев төрағалық еткен жиынға Б.Ельцин (РСФСР), С.Шушкевич (Беларусь), Н.Назарбаев (Қазақстан), А.Муталибов (Әзербайжан), А.Акаев (Қырғызстан), А.Искандеров (Тәжікстан), С.Муратов (Түркіменстан) қатысты.
дейін жанталаса күресті деп мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан Совет Одағы тарап, оның аты да, заты да қалмаған кезде ғана тәуелсіздігін жариялап, СССР құрамынан шықты.

Дегенмен 13-шақырылымдағы Қазақстан Жоғарғы Советінің депутаты Виталий Воронов Нұрсұлтан Назарбаев билігінің легитимділігі мәселесін оппозиция 2005 жылғы президент сайлауына қатысу арқылы шешіп берді деген пікір айтады. Серікболсын Әбділдин бұл оймен ішанара ғана келіседі.

Бірақ Әбділдин де, Воронов та тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ пайда болған Қазақстанның қазірге дейінгі президентінің легитимділігі туралы мәселе, қалай болғанда да оның барлық кейінгі әрекеттеріне көлеңкесін түсіріп келеді деген ортақ пікірге ойысып отыр.

Атап айтқанда, Серікболсын Әбділдин он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Советтің Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымдастыруымен 1995 жылы наурызда «өзін-өзі таратуы», сол жылы сәуір айында президент өкілеттігін ұзартуға арналған бірінші референдум өткізілуі және жоғары заң шығарушы билік органы жоқ кезде референдум өткізіп, екінші Конституцияны қабылдауы, сондай-ақ Қазақстан президентінің тағы да басқа әрекеттері - шын мәніне келгенде - саяси билікті басып алу, төңкеріс жасау болып табылады деп санайды.

Сонымен қатар Серікболсын Әбділдин, 1995 жылы, яғни бір жылдың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте төңкеріс жасап, елдегі билікті озбырлықпен тартып алды деген пікірде.

– Демократиялық мемлекеттер мұндай әрекеттер жасаған адамды өмір бойы түрмеге отырғызар еді, – дейді бұрынғы Жоғары Советтің төрағасы.

ПРЕЗИДЕНТПЕН ТЕКЕТІРЕС

Алайда профессор Қабдұлсамих Айтқожин президент Назарбаевтың бұл әрекеттерінің барлығы да заңды және легитимді деген сенімде. Ол Жоғарғы Советтің таратылуына Конституциялық соттың қаулысы емес, Жоғары Совет пен президенттің арасындағы текетірес басты себеп болды деп санайды.

– 1993 жылғы Конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика болып саналды. Өкілеттігі аса мол Жоғарғы Совет президентке мемлекет басшысы ретінде толыққанды және тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді.

Мұндай жағдайда елде демократиялық реформалар жүргізіп, нарықтық экономика құру мүмкін емес еді. Жоғарғы Совет президент Назарбаевтың саясатына қарсы тұрды. Осы саяси дағдарыс нәтижесінде 1995 жылы парламентсіз қалдық.

Осыған байланысты Назарбаевтың саясатын жүзеге асыру жолында арқа сүйейтін қандай да бір құқықтық негіз қажет болды. Сөйтіп 1 наурызда президент жарлығымен Қазақстан халықтарының ассамблеясы (қазіргі Қазақстан халқының ассамблеясы – ред.) құрылып, ол президент Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде 1995 жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл тұрғыда Назарбаев Қазақстан халықтарының ассамблеясы туралы өз жарлығына сүйенді, – дейді профессор Қабдұлсамих Айтқожин.

Сонымен қатар, Қабдұлсамих Айтқожин парламент жоқ кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев шығарған заңдардың да, 1995 жылы тамыз айында референдум арқылы қабылданған Конституцияның да заңдық күшіне күмән келтіруге болмайды, өйткені Жоғарғы Совет президентке заң шығару өкілеттігін табыстаған болатын деп есептейді. «Бұл өкілеттілікті мемлекет басшысына 12-шақырылымдағы Жоғарғы Совет және 13- шақырылымдағы таратылған Жоғарғы Совет берді» дейді Қабдұлсамих Айтқожин.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАНЬКАСЫ — ЕЛЬЦИННІҢ ТАНКІСІ

Алайда 12-шақырылымдағы Жоғарғы Советтің төрағасы және 13-шақырылымдағы Жоғарғы Советтің депутаты Серікболсын Әбділдин бұл фактілерді тізіп шығып, оның барлығын президент Нұрсұлтан Назарбаев саналы түрде алдын-ала ойластырып жасаған өрескел заң бұзушылықтар екенін қадап айтты.

– Біріншіден, – дейді Серікболсын Әбділдин, – президент Нұрсұлтан Назарбаевқа заң шығару өкілеттігін тек 12-шақырылымдағы Жоғарғы Совет қана берді, онда да 13-шақырылатын Жоғарғы Советтің бірінші сессиясы басталғанға дейінге ғана. Және заң шығарушылық өкілеттілігі президент Назарбаевқа уақытша және мемлекеттік бюджетті бекітуге байланысты шешім қабылдау үшін ғана берілді. 13-шақырылымдағы Жоғарғы Совет өз жұмысын 1994 жылы 19 сәуірде бастады, сондықтан президентке заң шығарушылық өкілеттігін уақытша табыстау туралы заңның күші өзінен-өзі жойылды.

– Екіншіден, – дейді Серікболсын Әбділдин, – 1995 жылы наурызда президент өз жарлығымен «сайлау барысында заң бұзушылықтарға орын
Бұрынғы парламент депутаты Татьяна Квятковская тұтқындалған топ-бизнесмен Мұхтар Жәкішевке айып тағып отыр. Алматы, 12 маусым 2009 жыл.
берілді» деген желеумен 13-шақырылымдағы Жоғарғы Советті таратып жіберді. Конституциялық сот осы заң «бұзушылықтарға» дәлел ретінде азамат Татьяна Квятковскаяның арызына сілтеме жасады.

Бірақ, Әбділдиннің ойынша, мәселе онда да емес; мәселе - Татьяна Квятковскаяның жеке тұлға ретінде сайлау барысындағы заң бұзушылықтар туралы Конституциялық сотқа шағым жасай алмайтындығында. Ол республика Сайлау комиссиясына бір жыл бұрын, 1994 жылы, яғни сайлаудан кейін шағым түсірген.

Татьяна Квятковскаяның шағымын арада бір жыл өткеннен кейін демократияшыл ауандағы саясаткерлерден құралған Жоғарғы Советті тарату үшін пайдалана отырып, президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық сотқа үндеу жасады. «Ал ол сот 13-шақырылымдағы Жоғары Советті «заңсыз» деп таныды» дейді Серікболсын Әбділдин.

Сонда таратылған парламент депутаттарының жалпы реакциясын сол парламенттің депутаты, ақын Олжас Сүлейменов бір ауыз сөзбен жеткізіп: «Жоғарғы Советті тарату үшін Ельцинге үш танкі қажет болса, Назарбаевқа бір Танька жеткілікті болды» деген еді. Кейін бұл тіркес ел ішінде қанатты сөзге айналып кетті.

Серікболсын Әбділдин сондай-ақ «13-шақырылымдағы Жоғарғы Совет таратылар алдында өз өкілеттігін президентке уақытша табыстау туралы заң қабылдаған жоқ, ал 12-шақырылымдағы Жоғарғы Совет «өзін-өзі таратқанда» мұндай заң қабылдаған еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бұл өкілеттікті ешкімнен алған жоқ, өзіне өзі жасап алды, өйткені ол астыртын ойындардың асқан шебері» дейді.

Үшіншіден, оның сөзіне қарағанда, 1995 жылы референдум арқылы президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігінің ұзартылуы 1995 жылдың 30 тамызына дейін қолданыста болған Конституцияға мынадай екі себеппен көпе-көрінеу қайшы келді: Қазақстан Конституциясы бойынша референдумды Қазақстан президенті тек Жоғарғы Советтің келісімімен ғана жариялай алады; ал Қазақстан халықтарының ассамблеясы Назарбаевтың 1995 жылғы 1 наурыздағы жарлығы бойынша «президент жанындағы кеңесші орган» болып саналады, яғни ол конституциялық орган болып, яғни мемлекеттің заң шығарушы жоғары билігі болып есептелмейді.

– Төртіншіден, – дейді Серікболсын Әбділдин, – Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін ұзартқанға дейін де, ұзартқаннан кейін де заң шығарып келді. Оның ішінде конституциялық күші бар заңдар да кездеседі; оның бастамасымен және жетекшілігімен жаңа Конституция жасалып, 1995 жылы 30 тамызда тағы да референдуммен қабылданды.

«ЖЕКЕ БАСЫНА ТАБЫНДЫРДЫ»

«Жоғары заң шығарушы билік тармағы – парламент жоқ кезде, 1995 жылдың наурызы мен 1995 жылдың қаңтары аралығында қабылданып, әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан Конституция мен заңдар, дұрысы президенттің жарлықтарының барлығы да заңсыз болып саналады» дейді Серікболсын Әбділдин.

Оның сөзіне қарағанда, біріншіден, заң күші, кейбірінің конституциялық күші бар бұл жарлықтарға президент іс жүзіндегі Конституцияға қайшы келетін жолдармен қолға түсірген өкілеттіктері бойынша қол қойды.

Екіншіден, осы заңдарға қол қойған президенттің мемлекет басшысы және атқарушы биліктің жетекшісі ретіндегі өкілеттігі легитимді емес, өйткені оның өкілеттігі Жоғарғы Советтің келісімінсіз өткізілген референдум бойынша ұзартылды. Ал референдум өткізу жөнінде шешім қабылдаған Қазақстан халықтары ассамблеясы конституциялық органға жатпайды.

Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы Қазақстан Конституциясы мен оған кейінгі жылдары енгізілген түзетулер, сондай-ақ соның негізінде қабылданған Қазақстанның заңдық-нормативтік актілерінің барлығы да заңсыз, өйткені «назарбаев» Конституциясы да парламенттің келісімінсіз ұйымдастырылған референдумда қабылданған дегенді айтады Серікболсын Әбділдин.

Осы пікірлерінің соңын Серікболсын Әбділдин былайша аяқтады:

– Яғни бүгін қандай да бір себептермен Назарбаев биліктен кете қалса, ертең-ақ оны жаппай айыптау басталады. Ал оның ертеңінде «Назарбаев конституцияға қайшы әрекеттермен билікті озбырлықпен тартып алды», «жеке басына табындырды», «Назарбаев өз билігінің басынан аяғына дейін Қазақстанның экономикалық және демокартиялық дамуына кедергі жасап келді» деген шешім қабылданады.

Серікболсын Әбділдин бұл ой-пікірін: «Сталин биліктен кеткенде қандай жағдай болғаны белгілі, Назарбаев биліктен кеткенде де дәл сондай жағдай болады», – деп қорытындылады.