Дүйсенбі, сәуірдің 27-сі күні Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жексенбі күні Қазақстанда өткен президент сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялады. Қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыс алып, президенттік мерзімге кезекті мәрте сайланған. ОСК-ның дерегінше, билікшіл коммунистік халықтық партиясынан сайлауға түскен Тұрғын Сыздықов сайлаушылардың 1,6 пайыз, ал өз-өзін ұсынған кәсіподақтар федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайынов 0,7 пайыз дауысын алған.
Азаттық тілшісі бірнеше саясаткер мен зиялы қауым өкілдерінен сайлаудың нәтижесі туралы пікір сұрастырып көрген еді.
«БҰЛ - СПЕКТАКЛЬ»
Президент сайлауы науқаны басталар тұста қызметі сот шешімімен үш айға тоқтатылған оппозициялық коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин Азаттық тілшісінің «Сайлауда кімге дауыс бердіңіз?» деген сұрағына «Бұл спектакль болғандықтан, сайлауға бармадым» деп қысқа жауап берді.
Серікболсын Әбділдин «кезектен тыс сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі Қазақстан халқына ешқандай жақсылық әкелмейді» деп санайды. Өйткені оның айтуынша, «елді Назарбаев басқарған ширек ғасырда Қазақстан экономикада да, өзге салаларда да тұшымды табыстарға жеткен жоқ».
- Ал оның жеке өзін алсақ, ол өз амбицияларына қол жеткізу ісінде «көреген». Сондықтан ол конституциялық мерзімі аяқталар тұста жағдай өзгеріп кетер деп қауіппен ғана мына сайлауды ерте өткізгісі келді, - дейді Серікболсын Әбділдин.
Оның айтуынша, халықаралық саясаттағы жағдайды ескергенде де, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды ерте өткізіп, «дұрыс» істеген.
- Жұрттың билікке наразылығы күшейсе, халықаралық қауымдастық әдетте заңды сайланған билікті қорғайтынын әлемдік практика көрсетіп отыр. Кезектен тыс сайлау Назарбаевқа заңды сайланған президент статусын береді. Бұл жағынан алғанда, ол енді өзіміздің халықтың алдында да, әлем елдері басшылары алдында да сайлауда алған пайыздарымен мақтана алады, - дейді Серікболсын Әбділдин.
«ХАЛЫҚ ОНЫМЕН БІРГЕ»
Ал билікшіл коммунистік халықтық партияның бұрынғы жетекшісі Владислав Косарев Әбділдиннің бұл пікірімен келіспейді. Коммунистік партиядан ұсынылған Тұрғын Сыздықов сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтан жеңіліп қалғанына қарамастан, Косарев сайлауда жеңген Назарбаевты мақтайды. Косаревтің айтуынша, халық Нұрсұлтан Назарбаевқа сенеді, оның жұмысын жоғары бағалайды әрі бұдан да жарқын келешектен үміттенеді.
- Халықтың оны қолдайтынына шүбәсі болмасын, егер ол халықтың жағдайын жақсартқысы келсе, бұл іске батыл кірісе беруіне болады, өйткені халық онымен бірге, - дейді Владислав Косарев.
Владислав Косарев халық арасында девальвация болады деген қауіптің барын мойындайды, бірақ ол «ұлттық валюта девальвациясы болған күннің өзінде сайлаудан кейін бірден емес, күзге қарай, теңге бағамы күрт құбылмайтындай, біртіндеп жүргізеді әрі халық көп тұтынатын тауарлардың бағасының шарықтап қымбаттауына жол берілмейді» деп болжайды.
Владислав Косаревтің пікірінше, «Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі Ресей мен Қытай сияқты ұлы державалардың көңілін жайландырады» деп санайды. Косаревтің айтуынша, «кезектен тыс президент сайлауы тұсында елде тұрақсыздық орнату АҚШ-тың қолынан келмеді».
«ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА»
Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, сайлаушылар дауысының көп пайызын қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа беруі сайлаушылардың оның кандидатурасын нақты қолдайтынын көрсетеді. Бірақ ол сайлау кезінде билік жиі қолданатын «карусель» сияқты дәстүрлі тәсілдер мен әкімшілік ресурстарды пайдаланудың маңызы болмашы болғанын айтады.
- Сайлау процесі нағыз демократия элементтерінің біріне айналу үшін оппозициялық саяси партиялар, тәуелсіз БАҚ еркін жұмыс істеуі тиіс. Сайлауаралық кезеңде саясаткерлер, оның ішінде оппозициялық және тәуелсіз саясаткерлердің саяси капитал жинауға мүмкіндігі болуы тиіс. Сондықтан мына сайлаудың демократиялық процедураларға ешқандай қатысы жоқ. Бұл жұрттың әлдебір қолдауын көрсететін әлдебір квазиреферендум сияқты «қағаз жүзіндегі сайлау», - дейді Евгений Жовтис.
Евгений Жовтистің пайымдауынша, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу негізігі себептерінің бірі Ресей-Украина қақтығысы болуы мүмкін.
Жовтистің пікірінше, Украинаның шығысындағы орыс халқының көптігін Ресейдің жағдайды ушықтыруға пайдалануы қазақстандық элитаны қатты сескендірген. Өйткені, Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарындағы халықтың этникалық құрамы сондай. Мұндай жағдайда саяси салмағы бар «ескі де жаңа» президент, әрі халықаралық аренадағы өзге ірі саяси ойыншылармен жақсы қарым-қатынас орната білетін Назарбаевты қазақстандық элита елдегі тұрақтылықтың кепілі санайды.
- Путин аймақтық деңгейде геосаяси мүддесін барған сайын ашық көрсетіп отырған тұста бұл тіпті маңызды, - дейді Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушының айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы Ресей президенті Владимир Путиннің де көңілін жайландырады.
Евгений Жовтистің пікірінше, осы сияқты саяси факторлар және мұнай бағасының арзандауына байланысты жұртқа ұнамайтын экономикалық шаралар қабылдау қажеттігі әрі елдің алдында тұрған күрделі саяси және экономикалық міндеттер мемлекетте тұрақтылықты сақтау үшін Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік өкілеттігін ұзарту шешімін қабылдауға итермелеген.
"БӘСЕКЕСІЗ ЕРЕКШЕЛІК"
Жазушы Ғаббас Қабышұлы «бұл сайлауда ешбір бәсеке болған жоқ» деп санайды. Оның ойынша, «Бұрынғы сайлауларда да бәсекелестік шамалы болған, бірақ бұл жолғысы тіпті ерекше болды».
- Екі қуыршақ кандидатты халық танымайды. Дегенмен соның өзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт-насихаты күшті болды. «Үгіт-насихат жасамаймын» деп сайлау сайын мәлімдесе де ол осы жолы да тура сайлау қарсаңында елді аралап шықты. Билік Нұрсұлтан Назарбаевтың өтетініне титімдей де күмән қалдырған жоқ, оны бәрі біледі.Сайлау тартысты болуы үшін оппозиция керек. Ал оппозицияны билік әртүрлі тәсілдермен жойды. Оны көзі ашық адамдар көріп, біліп отыр. Біз, әрине, тәуелсіздік алған жылдары Нұрсұлтан Назарбаев елді 30 жыл басқарады деп ойлаған жоқпыз. Елді ондаған жылдар бойы билейтін советтік кезеңге қайта келгендей болдық, - дейді ол.
Жазушы Дүкен Мәсімханұлының пікірінше, «сайлау учаскелерінде жұрттың кезекке тұруы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халықтың жоғары сенімін көрсеткен». Алайда ол да бәсекенің болмағанын айтады.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекелестерін бәсекелес деуге ауыз бармайды. Бірі бағдарламаларында марксизм мен ленинизмді айтып, екіншісі экологияны айтпақ болды, әйтеуір елдің күлкісін келтіретін үгіт-насихат қана жасады. Сондықтан да халық президент сайлауында бір адам ғана кандидат болған сияқты сезімде болды, - дейді жазушы.
Дүкен Мәсімханұлының пікірінше, Қазақстанды ширек ғасып басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір мерзімге сайлануы - тарихи тұрғыдан алғанда әділдеттілік.
- Алғашқы ел құрушы елбасыларға осындай тарихи миссия беріледі халық тарапынан. Яғни қай ел тарихына қарасаң да алғашқы кезеңдегі елбасы өзінің хал-қадері жеткенше ел басарып, мемлекет қалыптастырады. Ол мүмкін ширек ғасыр, не 30 жыл болар. Бұл барлық елдердің практикасында бар. Нұрсұлтан Әбішұлы денсаулығы мұрша бермесе, не болмаса басқа да себептер болса, өзінің сенімді адамдарына орнын беруі мүмкін. Бірақ біріншіден, қазірше ол кісінің денсаулығы жарап тұр, екіншіден халық сенім артып отыр, - дейді ол.
"ӨТЕ ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУ"
енат депутаты Қуаныш Айтаханов сайлау "өте әділетті өтті" деп есептейді.
- Мен өзім 91-ші сайлау бөлімшесіне дауыс беру үшін сағат ондарда барып, бір сағат кезекте тұрдым. Шетелдік бақылаушылар жүрді. Қызығып, пікір сұрадым. Олар дәл осындай халық көп қатысқан, айғай-шусыз сайлауды көрмегендерін айтты. Сайлаудың әділ өткеніне еш дау жоқ, - дейді Қуаныш Айтаханов.
Депутат қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісін заңдылық деп санайды.
Саясаткер Уәлихан Қайсаров "сайлау әділ өтті" деп айтуға мүлде келмейді деген пікірде.
- Өйткені қаншама үміткерлер болды. Олардың бәрін әр түрлі себептермен алып тастап, өздерінің жасанды «сайқымазақ» үміткерлерін қалдырып, шын мәнінде қарсы шыға алтын үміткерлерді қатыстырмады. Шынайы бәсекелесі жоқ, жасанды сайлау өтті, - дейді Уәлихан Қайсаров.
2011 жылы сәуірдің 3-і күнгі президент сайлауы да кезектен тыс өткен. Ол кезде Назарбаев 95,55 пайыз дауыс алған. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді.