Accessibility links

Сайлау комиссиясындағы ЖСДП


Кезектен тыс президент сайлауы кандидаттары суреттері ілінген тақтаның қасында отырған адамдар. Aлматы, 8 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет).
Кезектен тыс президент сайлауы кандидаттары суреттері ілінген тақтаның қасында отырған адамдар. Aлматы, 8 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет).

Мәслихаттар сайлаған жергілікті сайлау комиссиялары құрамындағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі санаулы ғана. Оны билік партияның дауыс жинай алмағандығымен немесе өкіл ұсынбағандығымен байланыстырса, партияның уәжі басқа.

1995 жылы қабылданған Қазақстанның «Сайлау туралы» заңында «сайлау комиссияларын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде мәслихаттар сайлайды».

БИЛІКТІҢ АЙТАРЫ

Азаттық тілшісі осы мәселемен бірнеше облыстағы сайлау комиссиялары, саяси партиялар және мәслихатқа хабарласты. Сайлау комиссиялары берген тізімге қарағанда сайлау комиссиясының көпшілігінің құрамы барынша ұқсас, яғни «Нұр Отан», «Ақжол», Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, «Бірлік», Патриоттар және «Ауыл» партиясының өкілдері мүше болған.

Алматы қалалық мәслихаты ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлнұр Әшірбаеваның айтуынша депутаттар сайлау комиссияларының құрамын жабық дауыс беру арқылы анықтайды. Сондықтан қай партия көбірек дауыс алса, сол партияның өкілі сайлау комиссиясының мүшесі болады.Оның сөзінше «былтыр өткен сайлауға Жалпыұлттық социал демкократиялық партия (ЖСДП) өз өкілдерін ұсынбаған. Ал Алматы қаласына жаңадан қосылған Наурызбай ауданы мен басқа да бірқатар аудандар бойынша биыл наурыздың 31-інде өткен сайлауда ЖСДП өкілдері дауыс ала алмаған».

Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Нұрғожин де жоғарыда аталған партияларды тізе келе, ЖСДП былтыр өз мүшесін сайлау комиссиясының мүшелігіне ұсынбағанын айтты.
Қызылорда қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Аралбаевтың сөзінше қаладағы 679 мүшеден тұратын 97 сайлау комиссиясында ЖСДП өкілі мүлде жоқ.

Алайда Марат Аралбаевтың айтуынша, бұл партияның «жеті адамнан тұратын сай комиссияларына сегізінші, яғни дауыс беру құқығы жоқ мүше» ретінде кіруге мүмкіндіктері бар».

- 2014 жылы сәуір айының басында өткен сайлау комиссияларын сайлауға ЖСДП ешкімді ұсынбаған, - дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев.

Тиісті комиссия құрамы жайлы сұрағанда Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев Азаттыққа телефон арқылы жауап беруден бас тартты

ЖСДП ДӘЛЕЛІ

Азаттық тілшісі ЖСДП өкілдерімен хабарласқанда, олар сайлау комиссиясына мүшелікке былтыр да, биыл да өкілдер ұсынғанымен ешқайсысы сайлана алмағанын айтты.

ЖСДП-ның Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Қадиша Мұқанованың сөзінше былтыр сайлау комисссиясына 156 адам ұсынылғанымен ешбірі өтпеген.

- Мәслихат депутаттарының барлығы «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғандықтан біз секілді билікті сынайтын және тұрақты жұмыс істеп тұрған партияға қайдан дауыс берсін. Биыл өкіл ұсынған жоқпыз. Өйткені «сайлау комиссиясының құрамынан шығып қалғандар жоқ» екен,-дейді ол.

ЖСДП-ның Қызылорда облыстық бөлімшесінің төрағасы Абдулла Шаханов та Қызылорда қаласындағы барлық сайлау комиссиясына өкіл ұсынғанымен ешқайсысы сайланбағанын айтады.

- Аудандарда ғана кейбір өкілдеріміз сайлау комиссиясына өтті,-дейді ол.

ЖСДП-ның Алматы қалалық партия бөлімшесінің төрағасыТазабек Сәмбетбай.
ЖСДП-ның Алматы қалалық партия бөлімшесінің төрағасыТазабек Сәмбетбай.

ЖСДП-ның Алматы қалалық партия бөлімшесінің төрағасы Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша былтыр 2014 жылы өткен сайлау комиссияларын сайлауға ЖСДП-ның Алматы қаласы бойынша бұрынғы жетекшісі түрлі себептермен өкілдерін ұсынбаған.

- Қазір Алматы облысының біраз аумағы Алматы қаласына қосылуына байланысты 43 жаңа участок ашылды. Сол жерге мәслихат депуттары жаңа мүшелерін сайлады. Өкініштісі, біз ұсынған өкілдеріміздің ешбірі сайланбады. Жеті адамнан тұратын сайлау комиссиясына жетінші етіп әлдебір қоғамдық бірлестікті қосты. Басымдық саяси партияларға берілуі тиіс еді. Осы негізде біз партия атынан мәслихатты сотқа беріп жатырмыз,-дейді ол.

ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Кәденұлының мәліметі өзгеше шықты. Айтуынша, Төле би ауданында билікшіл партиялардан өзге ЖСДП-ның 13 бірдей өкілі сайлау комиссиясының құрамына сайланған.

ЖСДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Нұртай Қожахановтың айтуынша Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан бойынша сайлау комиссияларына ЖСДП өкілдері ұсынылғанымен, «түрлі себептермен» өтпеген.

Cайлау кандидаттары суреттері ілінген тақта.
Cайлау кандидаттары суреттері ілінген тақта.

- Тек Төле би ауданында ғана 13 адамның өткені таңғаларлық жағдай болды,-дейді ол.

Бірақ Төле би ауданындағы ЖСДП-ның үйлестірушісі Адамбай Мұсырманов осы 13 адамның өзіне қысым көрсетіліп жатқанын айтады.

- Биыл аяқ астынан президент сайлауы шыққанда Леңгір қаласының әкімі Болысбек Ешімбетов мені шақырып ЖСДП өкілдерін сайлау комиссиясынан шығаруды ұсынды. Мен көнбедім, бірақ түрлі қысым жасап жеті өкілімізге комиссиядан шығатыны туралы арыз жаздырып алыпты. Бұл мәселе бойынша біз шағым түсірдік. Қазір онымен прокуратура айналысып жатыр,-дейді ол.

Азаттық тілшісі Леңгір әкіміне хабарласқанда, әкімдік жауап беруден бас тартты.

ЖСДП сәуірдің 26-сында кезектен тыс өтетін Қазақстан президенті сайлауына партия атынан кандидатура ұсынбайтынын мәлімдеген. Партия төрағасы Жармахан Тұяқбай нәтижесі алдын-ала белгілі сайлауға қатысудың мәні жоқ деп санайды.

«Сайлау туралы» заңға сәйкес саяси партиялар ұсынған кандидаттар бойынша мәслихаттар сайлау комиссияларын құрып, олар бес жылға сайланады. Қазақстанда былтыр, 2014 жылы сәуір айында анықталған сайлау комиссиясы 2019 жылға дейін жұмыс істейді. Жаңадан жасақталған аудандарда мұндай сайлау биыл өткізілген.

XS
SM
MD
LG