Парламент депутаты Ирак Елекеевтің Атбасардағы түрмеге баруы қамаудағылар туыстарының үміттерін ақтамады. Олар тұтқындардың азапталып, кінәлілердің жазаланбауы бұл жүйеде орнығып қалған сыбайлас жемқорлыққа байланысты деп мәлімдеді.
Қазақстан түрмелеріндегі азаптау, тұтқындар туыстарының толып жатқан шағымдары және түрмеде отырғандардың өздерінің азаптауларға қарсы көптеген қарсылық шараларының шарықтау шегіне жеткені соншалық, Қазақстанның ресми билігіне мұндай фактілерді жасыру қиынға айналды.
Атбасардағы түрмеге барған парламент мәжілісінің депутаты Ирак Елекеевтің айтуынша, қамаудағылар туыстарының толып жатқан шағымдары расталмаған. Осыдан кейін барып Қазақстан билігі, парламент депутаттары мен президенттік «Нұр Отан» партиясының өкілдері өздеріне шағымданып келген сотталушылар туыстарының назарын басқа жаққа бұрғысы келеді деген ой пайда болды.
Түрмедегі бассыздықтардан зардап шеккен тұтқындардың аналары мен әйелдері демократиялық оппозиция қолдау көрсетеді деп үміттенбейді. Тұтқындардың құқықтарын қорғау мәселесінде Қазақстан билігінен ешқандай шынайы іс көрмеген олардың аналары мен әйелдері саясатпен айналысуға мәжбүр. Олар Сотталғандар аналарының комитетін құру ісін ұйымдастырды.
Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысатындар: Айгүл Соловьева – парламент депутаты; Вадим Курамшин – құқық қорғаушы, «Озбырлыққа қарсы әрекет» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыру комитетінің төрағасы; Галина Соколова – тұтқын Максим Соколовтың анасы (оның айтуынша, түрмеде ұлының омыртқасын сындырған); Мария Захарова – тұтқын Станислав Захаровтың әйелі (оның айтуынша, Атбасар түрмесінде күйеуін мүгедек қылып тастаған).
Галина Соколова мен Мария Захарова - Сотталғандар аналарының комитетін құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері.
Парламент депутаты Ирак Елекееев дөңгелек үстелге қатысуға уәде берген. Бірақ пікірталас болар кезде оның телефоны жауап бермеді.
Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізеді.
ШАҒЫМДАР РАСТАЛМАДЫ
Жүргізуші:
- Парламент мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев қамаудағы адамдардың аналары мен әйелдерінің бір тобымен бірге Атбасардағы түрмеге барды. Депутатпен кездесу сіздерге қалай әсер етті?
Вадим Курамшин:
- Оқиға менің күткенімдей болды десем, өтірік айтқан болар едім. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Елекеев мырзаның шындығында нені көргенін айта кеткім келеді. Ол колонияның ішінде болып жатқан жайларды емес сыртындағы, яғни орталық қақпа маңын ғана көрді. Ол түрмеде отырған туыстарымен кездесе алмай, бес тәуліктен аса осында сарыла күтіп, әбден
ашу-ызасы келген сотталушылардың аналары мен әйелдерін көрді. Ал енді тұтқындардың туыстарымен кездесуіне қылмыстық-атқару кодексі заңнамасы бойынша кепілдік берілген.
Бұл әйелдер түрмеде отырған туыстарымен кездесуді жоспарлай алмайтынына және колония басшылығының олармен дөрекі қарым-қатынас жасағанына шағымданды. Өзгесін айтпағанда, колония жанында дәретхана да жоқ.
Атбасардағы колония – тұтқындардың туыстарымен кездесуін жоспарлай алмайтын бірден-бір колония. Кездесуге қашан келуге болатынын, олар үшін бөлменің қай уақытта бос болатынын колония әкімшілігінен білу мүмкін емес. Ал өзге кез-келген колонияда мұндай үрдіс көп жылдардан бері бар. Сотталушылардың наразы туыстарының осыншама топтала жиналуын, сотталғандардың өздеріне қатысты мұндай қорлауды өзге бір де бір колониядан кездестірмейсіз.
Сотталғандардың туыстары өздерінің шағымдарын айту үшін Елекеевке қарай лап қойғанда Ирак Қасымұлы әкімшілік ғимаратқа кіріп кетті.
Жүргізуші:
- Соколова ханым, сіз балаңыз түрмеге түскен кезде оның омыртқасын сындырған дедіңіз. Парламент депутаты түрмеге келеді дегенде неден үміт еткен едіңіз?
Галина Соколова:
- Иә, менің ұлымның омыртқасын сындырған. Бірақ мен қайда шағымдансам да ешқандай нәтиже болмады, ешкім ешқандай шара қолданған жоқ. Елекеев барлық мәселені шешіп, жауабын беремін деп уәде берген. Бірақ колониядан шыққан соң ол мен сияқты шағымданған сотталушылардың туыстарына менің ұлым – Максим Соколовтан өзге оқиғалар дәлелденген жоқ деп жауап берді.
Жүргізуші:
- Захарова ханым, сіз де күйеуіңіздің дәл осы Атбасар түрмесінде зардап шеккенін айтып отырсыз.
Мария Захарова:
- Мен барлық мәселенің ақ-қарасын айырып, біздің күйеулерімізге, ұлдарымызға қатысты оқиғаға кінәлілер жазаланар деп үміттенгенмін. Біз барынша қимылдап, оқиғаға ықпал етеді-ау деген барлық сатыларға хат жазып жатырмыз. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Сондықтан бар мәселенің егжей-тегжейіне жетіп, кінәлі адамдардың жазалануы үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдайды деген команданың құрылғанын қалаймыз.
ТҮРМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ТҮЗЕУ КЕРЕК
Жүргізуші:
- Айгүл ханым, бұл жағдайға байланысты сіз не айтасыз?
Айгүл Соловьева:
- Елекеев те, Соловьева да «билік» деп аталатын ауқымды ұғымға толық сай келмейді. Біз оларды кінәлі деп, жазалау керек деп отырмыз. Бірақ бұның үлкен шаруа екенін түсінерсіздер. Елекеев бұл жерге келе салып барлығын айыптап, жазалай алмайтын еді.
Билік қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендірудің қажеттілігін толығымен түсінеді. Бұл жүйелі мәселе және осы бағытта алғашқы қадам жасалды. Біз, біріншіден, мұнда қолданылып келе жатқан милитаристік және барлығын күшпен шешу тәсілін өзгерту бағытында жүріп келеміз. Бірақ бұл үшін орасан еңбек ету керек. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің өздерінің ділін, құқықтық мәдениетін өзгерту қажет. Бір
арыз бойынша адамды кінәлі қылып шығарып, бірден жазаға кесіп және бұл жайында әйелдердің тобына хабарлаудың дұрыс еместігін ұғындыру керек.
Тіпті олар жапа шегіп жатса да, мәселенің анық-қанығына жетіп, екі жақты да тыңдау қажет.
Баламалы тәсілдерді енгізіп, колонияларда конвергенция енгізу керек пе, әлде Еуропа елдеріндегі сияқты тұтқындарды түрмеде ұстау керек пе, осыны байқап көру керек. Мен прокуратурада болып, осы мәселеге байланысты әңгімелестім және жағдайды түзеу үшін көптеген қадамдардың жасалып жатқандығына көзім жетті.
Сотталғандар туыстарының өтініштеріне байланысты айтарым, менің өзім бірнеше хат жаздым. Олардың біразы шешілгендей, бірақ осы жүйенің қызметкерлері шағымданып отырған мәселелер де қалды. Олардың айтуларынша, тұтқындардың өздерінің тарапынан да үнемі құқық бұзушылықтар болып тұрады. Өйткені, олар бірнеше мәрте сотталғандар және түрме режимін үнемі бұзатын көрінеді. Бірақ, ең қорқыныштысы, бұлардың барлығы жасырын сипат алған. Аталған жағдайда жай ғана келіп, көріп жеңе салу мүмкін емес. Осы мәселеге қатысты мен лауазымды тұлғалармен сөйлестім. Олардың қарастырған шаралары бойынша біз осы үдеріске араласамыз. Бірақ бұлардың талап етіп отырғанындай оны бір сәтте шешіп тастау мүмкін болмас, сірә.
Жүргізуші:
- Қазақстан 2009 жылдың 21 қазанына дейін азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетіктерін іске қосуға өзіне міндеттеме алды. Алайда, Қазақстандық омбудсмен бұл тетікті іске қосу үш жылға кейін шегерілді деп мәлімдеді. Бұған не себеп болды?
Вадим Курамшин:
- Мемлекеттің өз мойнына алған міндеттемелерін орындау мерзімін кейінге ысырудың себебі, менің ойымша, әділет министрлігі алаулатып-жалаулатып ұсынған бұл тетік адам құқықтары саласындағы халықаралық сарапшылардың сын тезінен өтпеген секілді. Арнайы баяндамашы Манфред Новак оған қатысты сыни пікірін өзгелермен салыстырғанда қаттырақ айтты.
Мәселе мынада. Ұлттық алдын алу тетігін қаржыландыру әу баста тендерлік негізде жүргізіледі деп жоспарланған. Яғни, түзеу орындарына мониторинг жасауға қажетті қаржыны мемлекет өзінің ойынша ең үздік жобаны ұсынғандарға береді. Бірақ мұндай әдіс тендерге қатысуға өтінім берген тараптың мемлекетке тәуелді болуына алып келеді. Нәтижесінде, біз мониторинг әділ, кәсіби тұрғыда емес, биліктің өзі үшін ыңғайлы түрде жүргізілетін жағдайға келіп тірелеміз.
Екіншісі, ұлттық алдын-алу тетігінің мазмұнына байланысты. Әу баста оны омбудсмен институтын үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) 16 өңірлік комиссиялары және қоғамдық бақылау комиссиясымен біріктіре отырып құру жоспарланған. Новак мырза оның құрамына байланысты өткір сын айтты. Өйткені оның құрамында ҮЕҰ да, омбудсмен институты да, қоғамдық бақылау комиссиясы да болмауы керек. Ол ешкімге тәуелсіз, балама түрде жұмыс істеуі қажет. Оның үстіне, дәл сол арнайы баяндамашының пікірінше, ұлттық алдын алу тетігінің құрамына, сонымен бірге, сотталғандардың туыстары мен сотталғандардың өздері де енулері керек. Ал Қазақстан жағы арнайы баяндамашының ұсыныстарын орындауға міндеттеме алды. Манфред Новак мұнда тұрған қорқынышты ешнәрсе жоқ деп есептейді. Азаптаулардың жай формальді түрде емес, шынымен де жойылуына мүдделі адамдардың бұл тетікке енуінің қорқынышты ешнәрсесі жоқ деп есептейді ол.
Әділет министрлігі ұсынған бастапқы жоспар бойынша ұлттық алдын алу тетігі қолданыстағы заңнамаға қосымшалар енгізу арқылы жүргізілмек болған. Жоғарыда айтылған сарапшының пікірінше, ұлттық алдын алу тетіктері жеке заңмен бекітілуі керек.
Жақсылап ой елегінен өткізуді қажет ететін тағы бір басты мәселе, Новак мырзаның пікірінше, азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетіктері үкіметтік емес секторға берілмеуі керек. Ол тек мемлекет атқаратын міндет болуы қажет. Егер ол үкіметтік емес ұйымдарға берілер болса, онда бұл Азаптауларға қарсы конвенцияның факультативтік хаттамасын тікелей бұзу болып табылады. Ұлттық алдын алу тетіктерін енгізу жоспарына қатысты жоғарыда аталып кеткен ескертпелер қатаң сынға ұшырады, сондықтан оның іске қосылу мерзімі кешеуілдеуде деп ойлаймын.
Айгүл Соловьева:
- Өкінішке қарай, мен омбудсменнің не айтқанын білмеймін. Бірақ заң шығарушы ретінеде анық білетінім, бізде сот-құқықтық және қылмыстық-атқару жүйесін реформалау толық қарқынмен жүріп жатыр. Біз жақында ғана бір заңды қарадық. Оған сәйкес 12 мыңнан астам тұтқын түрмеден тыс жерде ұсталады. Әңгіме қылмыстық құқықты ізгілендіру жайында болып отыр. Жүз тұтқын – бұлар шартты түрде сотталғандар.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу да жүргізіледі. Бұл, шамасы,
Мария Захарова - түрмеде жазасын өтеп жатқан Станислав Захаровтың әйелі. Атбасар, Ақмола облысы, 10 қаңтар 2011 ж.
сотталғандарды әлеуметсіздендіруге қатысты болар. Бұған еңбекпен бейімдеу де енеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) қызметкерлері милитаристік және күштік тәсілдерінің орнына әлеуметтік және психологиялық міндеттерді атқаруы керек. Бұл аз десеңіз, екінші кезеңдегі заңдар да кезегін күтіп тұр. Бұл заңдар аталған жүйені одан әрі ізгілендіруге бағытталған.
Халықаралық стандарттарды Қазақстанға бейімдеу керек. Бірақ советтік кезеңнен бері бізде сотталғандардың көпшілігін колонияларда ұстаудың қалыптасқанын да ұмытпау керек. Еуропалық стандарттар БҰҰ нормаларына сәйкес қандай ұсыныс жасайды? Бұл түрмеге жабу әдісі болу керек дейді. Бізде кәнігі қылмыскерлер түрмеде отыруы керек деген пікір қалыптасып қалған. Түрмеге қамауға қатысты балама да болуы қажет.
Бұдан бөлек қоғамдық бақылау да қажет. Мен мұндай қоғамдық ұйымның құрылуын қолдаймын. Өйткені, бұл мәселелердің барлығын кешенді түрде қарастыру қажет. Біз әлдебір мәселелерді кейінге ысырып қойдық деп айта алмаймын. Қаупсіздік кеңесінде бұл мәселе үнемі бақылауда тұр.
Жүргізуші:
- Сотталғандардың аналары мен әйелдерінің тарапынан сізге жасалған шағымдар бойынша сіз, парламент депутаты ретінде, қандай шараларды қолға алмақсыз?
Айгүл Соловьева:
- Біздің түрмелерімізде адам құқының бұзылмауы үшін, әсіресе азаптаулардың болмауы үшін не істеу керектігіне байланысты мәселелерді даярладық. Олар маған фотосуреттерді көрсетті, мен бұл фотосуреттерді прокуратураға көрсеттім, осылайша біз бірлесе отырып жүйелік шараларды жасадық. Бірақ бұл "Соловьева айтты, бітті, басқалар оны орындауға жүгіріп бара жатыр" деген сөз емес. Бұл хат жазу, талап ету, сұрау салу сияқты шаралар. Мәселе оңай емес, бірақ біз оны шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Маған парламент депутаты ретінде берілген мәртебем мен өкілеттіктер аясында өзіме рұқсат етілген барлық құралдарды пайдаланамын. Мен бұл мәселемен айналысамын. Әзірге айтарым осы.
«ОЛ ЖАҚТЫ ЖАППАЙ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАДЫ»
Жүргізуші:
- Колониядағы бассыздықтардан зардап шеккен тұтқындардың туыстары қандай әрекет жасамақ?
Галина Соколова:
- Егер менің ұлымды осы жағдайға жеткізгендер жазаланбаса, мен бұдан ары барамын. Азаптаулардың болуын немесе болмауын шешетіндер әбден байып алды. Өйткені, онда жаппай сыбайлас жемқорлық жайлаған және
Жазасын өтеп жатқан Максим Соколовтың анасы Галина Соколова ұлы отырған мекеме жанында тұр. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл.
өте көп ақша бар. Демек, егер мен жай қарапайым әйел болмай, бай біреу болсам, онда менің ұлым түрмеде отырмас еді, оның омыртқасын ешкім сындырмас еді. Отырған күннің өзінде оның жағдайы жақсы болар еді.
Мария Захарова:
- Біз тоқтамаймыз, соңына дейін барамыз. Сотталғандардың аналары мен әйелдерінің комитетін құру керек. Бірақ билікте отырғандар біздің сөзімізге құлақ асуы үшін, жай ғана көшеде тұрып қана күреспеу үшін, бұл мәселені мықтап қолға алу керек. Бізге әлдебір уәделер берілді, шара қолданатын болар деп үміттенеміз. Біз барлық жаққа жазып жатырмыз, бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Біз тек заң арқылы ғана әрекет ете аламыз және бірігіп қимылдауымыз керек.
Вадим Курамшин:
- Өкінішке қарай, түрмеде отырғандардың санын азайту арқылы қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру ешқандай нәтиже бермейді деп ойлаймын. Қамауда жүз адам қалуы мүмкін, бірақ оның біреуі бәрібір жүйелі түрде азаптауға ұшырайды. Әрі Қазақстанның имиджі халықаралық қоғамдастықта бұрынғы нашар күйінде қалады. Құрметті Айгүл Сағадибекқызының айтқанындай, түрме қызметкерлерінің өзерінің ділін өзгерту қажет-ақ. Ал енді аталған мамандық бойынша арнайы оқу орнын бітірген жаңа қызметкерлер колонияға жұмыс істеуге келген соң үш-төрт аптаның ішінде дәл сондай жауыздар болып шығатын болса, бұны заңды түрде қалай жасауға болады? Егер мұндай шектен шығар құбылыстардан құтыламыз десек, әңгімені азаптаулармен айналысқаны белгілі болған қызметкерлердің өздерін ауыстырудан бастау керек.
Мен азаптауларды басынан өткерген құқық қорғаушы ретінде бұл мәселеге қатысты пікірімді өткір айтуыма болады. Менің ойымша, императивтілік қажет сияқты. Соловьева ол жақта әлдене дұрыс емес деп айтқан жоқ. Соловьева болуы мүмкін қылмыс жайында айтты. Олар тек Соловьева ханым айтқанда ғана емес, қарапайым азаматтар өтініш білдірген кезде де жүгіріп жұмыс істеулері қажет. Ал қазіргі жағдайда, мен болайын немесе Галина Соколова болсын, әлдебір проблемаға кезіксек, басымызды иіп, сұрауға, өтінуге мәжбүрміз. Бірақ, бұл жағдайда Соловьева ханымның қимыл көрсеткені қуанышты.
Сотталғандардың мәселесіне осынша жіті назар аударып отырған бір де бір мемлекеттік қызметкерді немесе депутатты өзім көрген емеспін. Құрметті Соловьева ханымның бірқатар сотталғандарға көмектескенін растаймын. Бірақ қазір ең бастысы - біздің қарсыластарымыздың оны тоқтатып қоймауы, басын қатырмауы. Өйткені біздің жұмысымызға қатысты толып жатқан қитұрқы әрекеттер бар. Соловьева ханымның бастамасы ең жоғары деңгейде қолдау табуы керек. Әйтпесе біз қазіргі жағдайда қалып қоямыз.
Оның үстіне, Атбасардағы мысал сияқты, жағдайдың бұдан да қиын болары сөзсіз. Атбасарға бірнеше сәтсіз сапар жасаған соң ол жақта жағдай жақсарды деп ойлайсыздар ма? Мен режимнің бұрынғыдан да қатаң бола түскеніне сенімдімін. Мені азаптаған адамдар енді өзгелерді де азаптауда. Дәл осындай елеулі делегация азаптауларды жою үшін лайықты шаралар қабылдамаған соң олар бұны азаптауларды одан әрі жүргізе беруге болады деп сезінуде.
Жүргізуші:
- Осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін редакция сіздерге алғыс білдіреді.