«Тамыз бүлігіне» қарсы шыққан бас редактормен радио-сұқбат

Your browser doesn’t support HTML5

Нұрмұхан Оразбеков, ГКЧП-ны төңкеріс деп бағалаған "Орталық Қазақстан" газетінің бұрынғы бас редакторы.

1991 жылғы «тамыз бүлігі» күндері Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарынан алғашқы болып, оқиғаны «төңкеріс» деп атап, оған тәуелсіз баға берген Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрмахан Оразбеков еді.

Азаттық радиосының тілшілері тәжірибелі журналист, бүгінде жекеменшік "Қазақстан" баспасының директоры Нұрмахан Оразбековке жолығып сұқбаттасқан болатын.

«ИЯ, БҰЛ - ТӨҢКЕРІС!»

Газеттің 20 тамыз күнгі санында «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы өз атынан жариялаған мақаласында «Иә, бұл –төңкеріс!» деген тақырып қойып, осы ойды мақаланың өзінде әрі қарай тарқатып жазады.

«...Көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-кызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде күндіз қолыңа шам алып іздесең де табыла қоймас.
Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған Кеңес басшылығы атынан жарияланған мәлімдемеге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз-ақ көзіңіз жетеді...» деп жазылған мақала былайша жалғасын тапқан:
"Орталық Қазақстан" газетінің 1991 жылғы тамыздың 20-ы шыққан нөмірі.

«Иә, бұл – төңкеріс. Және ол ең алдымен «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған. Дәлел? Біріншіден, төңкеріс Шартқа қол қойыла бастайтын күннің карсаңында жасалып отыр. Екіншіден, Шарт егеменді республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік, билік береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бүрынғыдай билеп-төстей алмайды. Бұл, басқасын былай қойғанда, күні ертең Семей полигонында жарылыс қайта басталады деген сөз.

Екіншіден, төңкеріс калыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған. Олардың ойынша: республикалар өз бетімен бір-бірімен неге шарт жасасады. Қазақстан мен Орта Азия республикалары неге біріге бастайды. Россия мен Қазақстан арасында шартқа неге қол қойылады. Балтық бойы республикалары, Молдавия, Грузия Кеңес Одағынан неге бөлінгісі келеді, демонстрациялар неге жасалады. Патриотизм мен интернационализм түрғанда халықтар неге өзінің тілін, ұлттық дәстүрлерін өркендетуге құштар? Осындай «негелер» толып жатыр...» деп жазды Нұрмахан Оразбеков «Орталық Қазақстан» газетінің 20 тамыз күнгі номерінде. Автор мақаласын бұл өзінің жеке ойлары екенін айта келіп, «ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күдер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін» деп аяқтады.

АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ

Нұрмахан Оразбеков сұқбатының басын «Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті демократия мәселесін шамасы келгенше көтеріп жүрді» деп бастады.

- «Орталық Қазақстан» газеті 1991-ші жылдың 1 қаңтардағы нөмірінен бастап «Барлық елдердің пролетарлары. бірігіңдер!» деген ұранды алып тастады. Сөйтіп «Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ!» дегенді қойдық. Газетте әрдайым қазақ мәселесі айтылып келді, - деді Нұрмахан Оразбеков.

«Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұранын Қазақстанның ақпарат құралдары 1991 жылғы «тамыз бүлігінен» кейін ғана алып тастағанын ескерту ләзім.

- Сол жылы «Егеменді Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас» сияқты республикалық газеттер ГКЧП-ның тамыздың 19-ындағы бұйрығын 20-сы күні шыққан нөмірлерінің бірінші беттеріне берді. Ал «Орталық Қазақстан» газеті ГКЧП-ның қаулыларын келесі нөмірлеріне қалдырды да, дәл сол 20 тамыз күнгі нөмірінде «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деп ашық мәлімдеді. Сіздің «Иә, бұл – төңкеріс!» деп мақала жариялауыңызға не себеп болды?

- Біз ылғи демократияның қажеттігін, партия әбден догматтыққа ұрынғандығын, сөз басқа да, іс басқа екендігін газетте шама-шарқымызша жазып тұрдық. Ең басты мәселе – демократиялық мемлекет орнату. Ал 22 тамыз күні Мәскеуде конфедерация құру туралы шартқа қол қойылу керек еді. Бұл демократияға қарсы жасалды. Бұрынғы жоғарыдан төмен қарай бір қолды билікті көздеген, бұл айқын нәрсе еді. Міне, сол себепті оны оқырмандарға түсіндіру керек-тін. Дәл осы сәтте үндемей қалуға болмады. Бұл біздің журналистік парызымыз болатын.

- Осы мақаладан кейін қысым болады деп сескенбедіңіз бе? Орталықтан қандай да бір бұйрық немесе қысым болды ма?

- Ол кез КГБ-ның "қылышынан қан тамып" тұрған кез ғой. "Қысым болса көрерміз. Әр ұрпақтың басына түсетін нәрсе, бұл жолы бізге келген шығар" деп ойладық. Өйткені именшектейтін жағдай жоқ. Егер олар мақсатына жетсе, қоғам өзгеріп кететін еді, онда баяғымыз баяғы ма, одан да бетер болып кетер едік, - деді сұқбаттасымыз.

Радио-сұқбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтеме бойынша тыңдаңыз.


Нұрмахан Оразбековтің сұқбаты.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұрмахан Оразбековтің сұқбаты.