Шетелдіктерге арналған намазхана

Сирия жөніндегі келіссөздердің баспасөз орталығындағы намаз оқитын бөлме туралы белгі. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

Сирия дағдарысын бейбіт реттеуге қатысты Астанада өткен келіссөзді ұйымдастырған сыртқы істер министрлігі қонақтарға жайлы жағдай жасауға тырысып, шетелдік журналистер үшін намаз оқитын бөлемелер ашты. Бірақ Қазақстанда арнайы діни ғимараттардан бөлек орындарда құлшылық етуге тыйым салған.

МЕЙМАНДАРҒА ҚҰРМЕТ

Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу келіссөзінен хабар таратуға Астанаға 389 шетелдік журналист келді. Олардың бір бөлігі - араб елдерінің 16 бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері.

Your browser doesn’t support HTML5

Намазханалар - шетелдіктерге құрмет. Аудиоподкаст.

Қаңтардың 23-і мен 24-і күндері келіссөз жабық режимде өтіп жатқанда журналистер спикерлерді «Риксос» қонақүйі холында күтіп отырды немесе көрші ғимараттағы Қазмедиа орталығында ұйымдастырылған баспасөз орталығында жұмыс істеді. Намаз оқуға арналған бөлмелерді де осы жерден бөлген. Оларды баспасөз орталығының екі бөлек жағында орналастырған. Намаз оқу үшін әйелдер қай жаққа, ер адамдар қай жаққа баруы қажет екеніне дейін көрсетіп қойған.

Сирия жөніндегі келіссөздерден ақпарат таратуға келген журналистердің баспасөз орталығында жұмыс істеп отырған сәті. Астана, 23 қаңтар 2017 жыл.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Азаттыққа ислам елдерінен келген журналистерге құрмет көрсету үшін намазханалар ашылғанын айтты. Ал намаз оқитын бөлмелерді қалай ыңғайлы етіп орналастыруды анықтау үшін баспасөз орталығына дін және азаматтық қоғам министрлігінен қызметкер шақырылған.

«БАСПАЛДАҚТЫҢ АСТЫНДАҒЫ БҰРЫШТА»

Қазақстанда өзге тыйымдармен қатар мемлекеттік мекемелердегі құлшылық ету бөлмелеріне де тыйым салатын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның іске қосылғанына алты жыл болды. Заң күшіне енген кезде Астана билігі «заңға сәйкес, діни орындарда немесе олар үшін арнайы бөлінген аумақта ғана құлшылық етіп, діни ғұрып-жоралар мен рәсімдер өткізуге болады», ал қалған орындар жабылады деген хабарлама таратқан. Жергілікті билік діни ғимараттардан тысқары орындарда діни жоралғылар өткізуге арналған бөлмелерді билікпен келісіп орналастыруы тиіс деген талап қойған.

Қазақстандағы қарттар үйлері мен түрмелердегі құлшылық ету бөлмелерін жауып, олардың орнына кітапханалар, тәрбие жұмысын жүргізуге арналған бөлмелер ашып, кейбірін тұрмыстық және өзге бөлмелерге айналдырып, жабдықтай бастаған. Алматыдағы жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі және психикасында кінәрат бар жандарға арналған интернат үйіндегі мұсылмандар мен православие өкілдеріне арналған екі құлшылық ету бөлмесін заң қабылданғаннан кейін іле-шала жауып тастаған.

Көше бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл.

Былтыр желтоқсанда Abai.kz сайтында дінтанушы Қайрат Жолдыбай ел астанасы әуежайындағы намазхананы жауып тастағандықтан, Астана әуежайында «бұрыштағы баспалдақтың шатырға шығатын тұсына барып, жайнамаз жайып» намаз оқуға мәжбүр болғаны туралы пост жазған. Қайрат Жолдыбай Азаттыққа Астана әуежайындағы намазхана әлі күнге дейін жабық тұрғанын, ал Алматыда ашық екенін айтады. Дін танушы «бірдеңе өзгерген шығар, тексеріп көру керек екен» дейді.

Дін және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз хатшысы Ержан Байтан Қазақстанда құлшылық ету бөлмелері жабылғанын теріске шығарады. Оның айтуынша, дін туралы заң бойынша, олар мемлекеттік мекеме, мектеп және ауруханалардан 300 метр аулақта орналасуы тиіс. Оның сөзінше, әуежай мен сауда орындарында құлшылық ету бөлмелері жұмыс істеп тұр. Ол діни ғимараттардан бөлек орында құлшылық еткені үшін айыппұл салынады дегенді де жоққа шығарды.

- Біз зайырлы мемлекетпіз ғой, сондықтан дінге сену немесе сенбеу, қай дінді таңдау әркімнің өз еркінде. Қызметіне тыйым салынған діни бірлестіктер бар, бірақ құлшылық етуге ешкім тыйым салмайды, - дейді Ержан Байтан.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НОРМАЛАР

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, құлшылық ету бөлмелерін ашуды Қазақстан билігі заң тұрғысынан да, халықаралық келісімдер мен ережелер тұрғысынан да түсіндіре алады. «Бұлары дұрыс» дейді ол. Құқық қорғаушы Қазақстан конституциядан өзге ұлттық заңдардан құқықтық мәртебесі жоғары көптеген халықаралық келісім-шарттар аясында халықаралық құқық жүйесіне мүше екенін ескертеді.

Сирия жөніндегі келіссөздердің баспасөз орталығындағы намаз оқитын бөлме туралы белгі. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

- Халықаралық журналистер мен дипломаттардың қалаған орнында, оның ішінде мемлекеттік мекеме, қонақүйлерде құлшылық етуіне рұқсат беру арқылы олар мұның мүмкін екенін, мұнда қорқынышты ештеңе жоқ екенін көрсетті. Олар бұл әрекетімен ешкімнің құқығын бұзған жоқ, діндарлардың құқығын қамтамасыз етті. Ал өз діндарларының құқығын жеке меншік үйлерде діни жиындар өткізуге болмайды дегенге дейін шектеп тастады. Бұл - халықаралық қоғамдастық үшін қазіргі заманға сай адам құқығы нормаларын қолданып, ал өз адамдарымыз үшін ондай нормалар қабылдамайтымызды көрсетудің классикалық үлгісі, - дейді Евгений Жовтис Азаттыққа.

Құқық қорғаушы ішкі ережелердің ар-ұждан және діни сенім еркіндігіне қатысты тұстарын жетілдіріп, оның пікірінше, репрессивті сипаттағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды өзгерту керек деп санайды.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу және өзге де шектеулер үшін 2011 жылы қабылданған әлгі заң жұрттың, әлем қоғамдастығының сынына ұшыраған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары көптеген діндар адамдар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң негізінде қудалауға ұшырағаны үшін Қазақстанды әлі күнге дейін дін еркіндігі шектелген елдер қатарында атайды.

P. S. Мақала шыққаннан кейін Азаттық тілшісіне Қазақстан сыртқы істер министрлігінен хабарласты. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне сілтеме жасай отырып, «мемлекеттік мекемелерде діндер съезі және басқа халықаралық шаралар өткен кезде уақытша намазханалар ашылуы мүмкін» екенін, ал күнделікті құлшылық орындарын «мемлекеттік мекемелерден 300 метр қашық жерлерде ашуға рұқсат етілетінін» хабарлады. Жайнақов Сирия жөніндегі келіссөз өткен күндері намазханалар ашылған Қазмедиа орталығының мемлекеттік мекеме емес екенін айтады. Азаттық тілшісіне ол діни қызмет туралы заңды мұқият қарап шығуға кеңес бергенімен, құлшылық орындары туралы заңның нақты қай бабында жазылғанын айтып бере алмады. Бұған дейін де дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өкілдері заң ережелерінің шетелдіктерге арнап өзгертілген тұстарын атап бере алмаған еді.