Жылыту маусымында газдан уланғандар көбейді

Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтардың басынан бері газдан уланып 7 адам қайтыс болған. Өткен жылы аймақта 23 адам иіс тиіп көз жұмған. Мамандар қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы себеп болатынын айтады.

ИІС ТИІП ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, биылғы жыл басынан бері аймақта 7 адам газдан уланып қайтыс болып, 10 тұрғын зардап шеккен.

15 қаңтарда Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабы Атай көшесіндегі жеке тұрғын үйде 2, 5 және 8 жасар үш бала газдан уланып қалған. Олардың біреуі бақилық болып, екеуі ауруханаға түскен.

- Балалар газдан қатты уланған. Ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізіліп, жан сақтау бөліміне жатқызылды. Уланғандардың барлығы бір отбасының балалары, - деді Азаттыққа Шымкенттегі №1 аурухананың дәрігері Тохир Хасанов.

№1 қалалық балалар ауруханасы. Шымкент, 9 сәуір 2015 жыл.

Зардап шеккен екі бала үш күннен кейін есін жиып, жағдайлары тұрақтанғаннан кейін оларды жансақтау бөлімінен балалар бөлімшесіне ауыстырған. Газдан уланған балалардың әкесінің Азаттыққа айтуынша, төрт баласының үшеуі бір бөлмеде жатқан кезде иіс тиген.

- Екі жасар баламды жерледік. Екі балам қазір ауруханада, енді солардың амандығын тілеп отырмын. Жеке тұрғын үйімізді газбен жылытамыз. Жабдықтарын техникалық тексеруден өткізген едік. Газдың қайдан шыққанын білмейміз, - дейді ол.

17 қаңтарда Төлеби ауданы Біркөлік ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен газдан уланып қайтыс болған 22 жастағы екі адам табылды. "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы жаңадан салынған үйге иесі газды өз бетімен тартып, рұқсатсыз қосып алған және ешқандай техникалық құжаты болмаған деп хабарлады.

"САЛҒЫРТТЫҚ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА ҰРЫНДЫРАДЫ"

"ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы баспасөз хатшысы Саида Турсуметова газдан улану оқиғалары жылыту маусымында көбейетінін айтады.

- Мысалы, өткен жылы желтоқсанда 90 оқиға тіркеліп, 213 адам зардап шекті, 11 адам қайтыс болды. 2016 жылғы желтоқсан айында 53 газдан улану оқиғасы тіркеліп, 129 адам зардап шеккен, 4 адам қайтыс болған, - дейді ол.

Тұрғын үй іргесінен өтетін газ құбыры. (Көрнекі сурет.)

Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Игілік Тұрғынбековтың Азаттыққа айтуынша, қала бойынша газ тұтынушы саны 147 мыңнан асады, оның 75 мыңға жуығы көпқабатты тұрғын үйде, қалғаны жеке үйлерде тұрады. Оның сөзінше, қалада газдан улану оқиғалары көбінесе жеке жылыту қазандықтарын орнатқан үйлерде кездесіп отыр.

- Талап бойынша жылына бір рет газ қазандығы мен газ есептегіш құралды тексеруден өткізу керек. Жасыратыны жоқ, тұрғындар бұған аса мән бермейді, газ қондырғыларын техникалық бақылаудан өткізуге құлықсыздық танытады. Соның кесірінен мұржалар толып жатады, пәтерлерде газдың шығуы баяулап, жиналып қалады. Жеке тұрғын үйлерде орнатылған пештердің көбі талапқа сай емес, - дейді ол.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жеке жылу қазандықтарын орнатуға тыйым салынған, ондай қазандықты өз бетімен орнатушыларға әкімшілік шара қолданылады.

Газ ауаға тараған кезде адамға бірнеше минуттың ішінде әсер етеді. Көбінесе жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу газдан улануға негізгі себеп болады

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Рауан Ордабек жылда жылыту маусымы басталар алдында тұрмыста газ пайдаланған кезде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін, алайда кейде тұрғындар оған жеткілікті мән бермейтінін айтады. Үйдегі газ құрылғылары мен мұржаны арнайы рұқсаты бар мамандарға уақытылы тексертіп отыру қажеттігін еске салады.

- Улы газды көзбен көру не сезу мүмкін емес. Газ ауаға тараған кезде адамға бірнеше минуттың ішінде әсер етеді. Көбінесе жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу газдан улануға негізгі себеп болады. Мысалы, пештің мұржасын үш айда бір рет тұрақты түрде тазалау керек, - дейді төтенше жағдайлар қызметінің өкілі.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы газдан уланып зардап шеккен 62 адамның 23-і қайтыс болған. 2016 жылы аймақта 76 адам зардап шегіп, 28 адам қазаға ұшыраған.

Жергілікті баспасөз құралдарының хабарлауынша, Қазақстанда биылғы жылыту маусымы басталғалы бері газ және көмірмен жылитын үйлерде иіс тиген 93 адамның 37-сі қайтыс болған.