Қазақстанның ауыр атлетика ұлттық құрамасы биыл өтетін Азия чемпионаты (Непал) мен әлем чемпионатына (АҚШ) баруға дайындалып жатыр. Құрама 2005-2014 жылдары әлем біріншіліктерінде 11 алтын, 4 күміс, 4 қола, 2004 пен 2008 және 2012 жылғы олимпиада ойындарында 5 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленген.
Ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни Азаттық тілшісіне берген сұхбатында спортшылардың алдағы жарыстарға қатысты жоспарларын айтты.
Азаттық: – Ұлттық құраманың 24 шілдеде Непалда басталатын Азия чемпионатына дайындығы қандай?
Алексей Ни: – Мамырдың соңында Қарағандыда Азия чемпионатына іріктеу жарысы өтеді. Барлық ауыр атлеттер осы жарысқа дайындалып жатыр. Тек 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедова Азия чемпионатына іріктеусіз қатысады. Бұл – Подобедованың Лондон олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысы. Оның мақсаты – Азия чемпионы атану. Подобедова жарақат алып қалмаса, биылғы әлем чемпионатына да барады. Непалдағы Азия чемпионатына жастар мен ересектерді апарамыз. Ізбасар спортшылардың да мүмкіндігін байқап көреміз.
Азаттық: – Күзде Хьюстонда (АҚШ) өтетін әлем чемпионаты – Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылы өтетін олимпиаданың соңғы іріктеу сыны болмақ. Қазақстан құрамасы Хьюстондағы жарыста қанша жолдама алудан үмітті?
Алексей Ни: – Халықаралық ауыр атлетика федерациясы олимпиадаға жолдаманы жеке спортшыға бермейді, ұлттық құрамаға береді. Әр ел олимпиадаға ең көп дегенде алты ер, төрт әйел – 10 ауыр атлет апара алады. Жолдама екі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша беріледі. Алматыда өткен әлем чемпионатында Қазақстан жақсы нәтиже көрсетіп, 10 лицензия алуға жақсы мүмкіндік жасады. Енді Хьюстондағы әлем біріншілігінде Қазақстан екі-үш медаль иеленсе, Рио-де-Жанейро олимпиадасына толық жолдаманы иеленеді. Хьюстонға Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі спортшыларын апаруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осыған дейін олимпиадаға толық құрама апармаған. Сондықтан Рио-де-Жанейро олимпиадасына 10 спортшы апарсақ, тарихи жетістік болады.
Азаттық: – Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Рио-де-Жанейро олимпиадасында бес алтын алуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл мүмкін бе?
Алексей Ни: – Бұл – бізге артқан сенім. Лондон олимпиадасынан кейін бүкіл әлем Қазақстаннан ауыр атлетика державасы ретінде қауіптенеді, Қазақстан спортшыларына қарсы дайындалады. Сондықтан Лондондағы жетістікті қайталауға тырысамыз. Бірақ Рио олимпиадасына баратын 10 спортшымыз да жүлдеге таласады. Ал әйелдер құрамасынан қатысатын спортшыларымыздың барлығы алтын алу үшін барады.
Азаттық: – Құрамадағы спортшыларды олимпиадаға іріктеу жайы қалай болады?
Алексей Ни: – Олимпиадаға екі ай қалғанда Қазақстан чемпионатын ұйымдастырамыз. Сол жерде ең үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ғана Риоға барады. Мәселен, 69 килограмда 2012 жылғы олимпиада чемпионы Мая Манеза мен 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл бар. Екеуі де олимпиадаға дайындалып жатыр.
Ерлер арасында 94 килограмда 2014 жылғы әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, 2009 жылғы әлем чемпионы Владимир Седов, 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, 2012 жылы Лондон олимпиадасына қатысқан Александр Зайчиков бар. Біз бір салмақта олимпиадаға төрт спортшы апара алмаймыз. Бұл мықты төрттіктің арасында да іріктеу өтеді. Ішкі іріктеу кезінде ешкімнің атағына, даңқына қарамаймыз. Олимпиада, әлем чемпионатында жүлде алғандардың өздері де іріктеуден өтеді. Кім дәл сол уақытта бабында болады – жолдама сол атлетке бұйырады.
Азаттық: – Қазақстанға шетелден шақырылған атлеттердің құрама сапында әлемдік жарыстарға қатысу мүмкіндігі қандай?
Алексей Ни: – Оларға да, қазақстандық спортшыларға да тең мүмкіндік беріледі. Атлет жоғары нәтиже көрсетсе, әлем чемпионатына да, олимпиадаға да барады.
Азаттық: – 2013 жылы қазақстандық 13 ауыр атлет допингпен ұсталып, екі жылға спорттан шеттетілген еді. Олардың спорттық карьерасы енді қалай өрбиді?
Алексей Ни: – Допинг дауына іліккен спортшылардың барлығы жарыстан шеттетілгенімен жаттығуларын тоқтатқан жоқ. Олар біртіндеп спортқа оралып жатыр. Көбінің екі жылдық мерзімдері жазда аяқталады. Мәселен, олардың бірі Айдар Казов – Түркияда, Александр Зайчиков Тараздағы базада ерлер құрамасымен бірге жаттығып жүр.
Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.