Ақпанның 1-і мен 8-і аралығында Алматы қаласында шаңғымен жүгіруден және трамплиннен секіруден жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Халықаралық шаңғы спорт федерациясының (FIS) есебі бойынша, бұл жарысқа елуден аса елдің өкілдері қатысады. Жарыс 2011 жылы Азия ойындары өткен Алматының шаңғы-трамплин базасы мен Талғар шаңғы трассасында ұйымдастырылады.
Ал ақпанның 28-і мен наурыздың 1-і аралығында Астанадағы «Алау» спорт кешенінде конькиден ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына рейтингі жоғары 24 ер және 24 әйел спортшы қатыспақшы. Былтыр бұл жарыс Жапонияның Наганосында өткен.
Наурыз айының 6-ы мен 8-і күндері Астанада теннистен Қазақстан ерлер құрамасы Италия командасымен кездеседі. Бұл матч «Дэвис кубогы» аясында өтпекші. Жеңіске жеткен команда ширек финалға шығады.
Тамыздың 24-і мен 30-ы аралығында Астанадағы «Сарыарқа» спорт кешенінде дзюдодан ересектер арасындағы әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) мәліметі бойынша, бұл жарысқа 180 елден екі мыңға жуық балуан қатысады.
Қыркүйектің 4-інен 12-іне дейін Алматыдағы Орталық жүзу бассейнінде су добынан жастар арасында әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде бұл жарысқа іріктеуден тыс қатысады. Алматыдағы әлемдік бәсекеге әр құрлықтан 16 құрама келеді.
2013 жылы Қазақстан бокстан, 2014 жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарын өткізген.
Наурыз айында футболдан Қазақстан премьер лигасы, мамырда Қазақстан кубогы жарыстары басталады.
Ал маусымның 30-ы күні Қазақстан футбол клубтары еуропалық турнирлерге іріктеу жарысын бастайды. «Астана» командасы чемпиондар лигасының іріктеуіне, ал «Ақтөбе», «Қайрат» пен «Ордабасы» клубтары Еуропа лигасының іріктеуіне қатысады.
Биыл футболдан Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу жарысын жалғастырады. Ресейлік маман Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан құрамасы ақпанның 18-і күні Молдова командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Ал наурыздың 28-інде Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары аясында Қазақстан футболшылары Астанада Исландия құрамасын қабылдайды. Кейін Қазақстан «Астана-аренада» Түркия (12 маусым) және Голландиямен (10 қазан) ойнайды.
Қазақстан спортшылары 2015 жылы басқа елдерде болатын өзге де халықаралық жарыстарға қатысады.