Қазақстандық Александр Зайчиков 105 килограмм салмақ дәрежесінде алтынды жеңіп алды. Бұл салмақта 2014 жылғы әлем чемпионатында екі дүркін олимпиада чемпионы қазақстандық Илья Ильин жеңімпаз болған. Бірақ ол биыл Хьюстондағы жарысқа қатысқан жоқ. Ильин қазір алдағы жылы Бразилияда өтетін олимпиадаға дайындалып жатыр.
Қазақстандық ауыр атлет Александр Зайчиковты марапаттау сәті. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
Қазақстандық Нижат Рахимов 77 килограмда әлем чемпионы атанды. Бұл спортшы 2014 жылы Әзербайжаннан Қазақстан құрамасына ауысып келген. Қазақстан құрамасының бапкері Алексей Ни: "Рахимов биылғы әлем чемпионатына кем дегенде қола медаль алу үшін барды" дейді.
94 килограмда жүлдегер атанған қазақстандық қос спортшы Алмас Өтешов (күміс ) пен Жасұлан Қыдырбаев (қола, оң жақта) тұғырда тұр. Бұл салмақтағы бәсекеде белоруссиялық Вадим Стрельцов чемпион болды.
2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 94 килограмм салмақта жеңімпаз атанған Жасұлан Қыдырбаев Хьюстонда қола медаль иеленді.
Қазақстандық Алмас Өтешов 94 килограмда екінші рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол 2013 жылы Польшада өткен әлем біріншілігінде де екінші орын алған. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да күміс медаль иеленген.
Қазақстандық 21 жастағы атлет Жазира Жаппарқұл екінші жыл қатарынан 69 килограмда әлем чемпионатының күміс медалін иеленді. Ол 2014 жылы Алматыда өткен әлем біріншілігінде де екінші орын алған.
69 килограмда алтын медальді қытайлық Сян Яньмэй (ортада), күмісті - қазақстандық Жазира Жаппарқұл (сол жақта), қола жүлдені ресейлік Анастасия Романова (Ресей) алды.
Қазақстандық ауыр атлет Маргарита Елисеева Хьюстонда 53 килограмда жарысқа қатысып, алтыншы орын алды. Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни Елисееваның негізгі салмағы 48 килограмм екенін, биылғы әлем чемпионатына салмақ қумай қатысқанын айтты. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
75 килограмда Лондон олимпиадасы чемпионы, қазақстандық Светлана Подобедова Хьюстондағы жарыста төртінші орынмен шектелді. Ол Лондон олимпиадасынан кейін алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып отыр.
Лондон олимпиадасының чемпионы Мая Манеза 69 килограмда жарысқа қатысып, тоғызыншы орын алды. Ол олимпиада ойындарында 63 килограмда алтын алған. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
Биылғы Азия чемпионы 20 жастағы ауыр атлет Айдар Қазов әлем чемпионатында 77 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, тоғызыншы орын алды. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
Биылғы Азия чемпионатында 85 килограмда алтынды жеңіп алған Ермек Өміртай Хьюстандағы әлемдік жарыста серпе көтеруде 200 килограмм салмақты еңсере алмады. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Хьюстондағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Рио олимпиадасына толық лицензия иеленді. Келер жылғы олимпиадаға Қазақстан алты ер, төрт әйел атлет апарады. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни (суретте) олимпиадаға қай спортшылар баратыны 2016 жылы мамыр айында белгілі болатынын айтты. (Сурет Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметінен алынды.)