Бұралқының «ит өлімі»

Ерікті Юлия Асиновская (оң жақта) иттерге тамақ беріп жүр. Батыс Қазақстан облысы, Круглоозерное ауылы, 21 мамыр 2015 жыл.

Орал қаласында жыл сайын бес мыңға жуық бұралқы ит пен жүздеген қараусыз мысықты аулап, арнайы дәрімен өлтіреді. Орта есеппен, күніне 13 жануардың көзі жойылады. Жануарларды қорғаумен айналысатын белсенділер олардың бір бөлігін аман алып қалуға тырысып, иесіз ит пен мысықтарға стерилизация жүргізуге шақырады.

Иесіз иттерге арналған орын Батыс Қазақстан облысы орталығы -Орал қаласынан 18 километр жердегі Круглоозерное ауылында орналасқан. Қала мен даладан ауланған иттің бәрін осында әкеледі. Егер үш күнде иесі табылмаса, оларды дәрімен өлтіріп, өлексесін іргедегі мал қорымында өртейді.

ИТТЕР «КОНЦЛАГЕРІ»

Иттерді күзету, тамақтандыру және өлекселерін өртеу міндетін атқаратын жұмысшы Марат Қарасаевтың айтуынша, бұл орынға (питомник) күніне бес-алты ит әкеледі.

- Міндетім – оларды үш күн тамақтандыру. Сосын арнайы дәрімен өлтірген иттерді мал қорымына апарып өртеймін. Соңғы күндері жауын болып, оларды өртеу қиындап кетті, - дейді Марат Қарасаев.

Оның айтуынша, бұл жұмысы үшін оған 20 мың теңге (100 доллардан сәл асады) төлейді.

Қазір шарбақта оннан аса аула қоритын, асыл тұқымды ит пен күшік бар екен. Егер оларды қамқорлығына алғысы келетін қайырымды жандар табылмаса, бірер күннен кейін бәрін өлтіріп, өртеп жібереді.

ЕРІКТІЛЕР ИТТЕРДІ ҚҰТҚАРУҒА ТЫРЫСАДЫ

Бұл жерге жергілікті еріктілер мен жануарларды қорғаумен айналысатын белсенділер жиі келеді. Олар иттерге тамақ беріп, әлеуметтік желілер арқылы иттерін жоғалтқан иелері мен жаңа қожайындар іздейді. Үш күннен соң дәрімен өлтіріп тастамас үшін еріктілер уақыт созып, иттерді өз есебінен тамақтандырады.

Еріктілер қозғалысын «За жизнь!» жануарларды қорғау қоғамы төрайымы Юлия Асиновская басқарады. Волонтер бойжеткен «қаңғыбас иттердің проблемасын олардың күшіктеуін тоқтататын стерилизация жүргізу арқылы шешуге болады» дейді әрі ит пен мысық асыраушыларды жауапкершілікке шақырады.

«За жизнь!» жануарларды қорғау қоғамы еріктілері бұралқы иттер мен күшіктерге тамақ беріп жатыр. Батыс Қазақстан облысы, Круглоозерное ауылы, 21 мамыр 2015 жыл.

- Біріншіден, бұралқы ит пен мысықтарды аулап, көзін жоюға бөлініп жатқан миллиондаған ақшаның бір бөлігі ветеринарлық клиникалар мен жануарларды стеризациялауға бөлінсе, 5-7 жылдан кейін қалада қаңғыбас жануар қалмас еді. Екіншіден, асыранды ит-мысықтарын далаға қуып, қаңғыртып жіберетін иелерін жауапқа тартатын заңдар керек,- дейді Юлия Асиновская.

Қазір 50 шақты ит тұрған орынды волонтер бойжеткен өзі сияқты жанашырлармен бірлесіп, қоғамдық негізде және демеушілер берген ақшаға ашқан. Бұдан көп жануар ұстауға ақша жоқ.

- Міндетіміз – уақыт созу. Бұралқы иттерге мүмкіндік беру. Жалпы, қоғамға да көп нәрсе байланысты, - дейді волонтер.

«БІЗДІ ҚАСАПШЫ, ҚАНІШЕР ДЕП СӨГЕДІ»

Бұралқы иттерді аулауды өтінген тұрғындардан Орал қалалық ветеринарлық станциясына күніне 20-25 өтініш түседі.

Орал қаласындағы ветеринарлық станция бастығы Қайрат Төлеуішевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, биыл мемлекет бес мың ит пен 400 мысықты аулауға 19 миллион теңге (100 мың доллардан аса) ақша бөлген. Станцияда ит аулайтын үш бригада бар, әр бригадада үш адамнан жұмыс істейді.

- Ақшаны жұмысты атқарып болған соң ғана аударады. Мысалы, қазір иттердің азығын қарызға алдым. Қарызымды әлі қайтара алмай отырмын. Штат екі ай жалақысыз отырды, - дейді ветеринар.

Қайрат Төлеуішев бұралқы жануарлар қалада түрлі ауру таратады деп есептейді.

Орал қаласындағы ветеринарлық станция бастығы Қайрат Төлеуішев. 22 мамыр 2015 жыл.

- Мысалы, балалар алаңқайындағы құмға сарып кеткен ауру жануарлардың тезегі арқылы бала эхинококк, токсоплазмоз, теміреткі сияқты ауру жұқтыруы мүмкін, - дейді Қайрат Төлеуішев.

Қайрат Төлеуішовтің айтуынша, ветстанция қызметкерлері аула ішінде жүрген әрі қарғыбау тағылған жануарларға тиіспейді. Жануарларды арнайы құрықпен аулайды. Егер ит ұстатпаса, оны ұйықтатып тастайтын дитилин деген препаратпен оқталған пневматикалық қарумен атады. Ал ауланған жануарлардың көзін жою үшін тыныс алуы мен жүрек соғысын тоқтатып тастайтын препараттарды пайдаланады.

- Егер жұрт ит-мысығына жанашырлық танытса, бұралқы жануарлар азырақ болар еді. Жұрт біздің қызметкерлерді «қасапшылар, қанішерлер» деп айыптайды. Бірақ біз иттердің көзін жоюдың жеңіл тәсілін қолданамыз. Бұл жұмыспен де біреу айналысуы тиіс қой, - дейді Қайрат Төлеуішев.

2013 жылдың тамызында Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттары Орал қаласы территориясында ит пен мысық ұстау ережелерін бекіткен. Бұл ережеге сәйкес, жеке меншік үй иелері иттерді жеке ауласынан шығармай ұстап, қақпа сыртына үйде ит барын ескертетін тақтайша іліп қоюы тиіс. Қоғамдық орындарда қараусыз жүрген ит пен мысықтар иесіз деп есептеледі әрі оларды мамандандырылған ұйымдар аулауы тиіс. Үй жануарларының иелері асыранды ит-мысығын Оралдағы жекеменшік немесе мемлекеттік ветеринарлық клиникаларда тіркеп, ветеринарлық паспорт алуы тиіс.