Қазақстанда жұмыс күнін ұзарту туралы ұсыныстар айтылып жатыр

Мұхтар Пірназаров, қоқыс тазалаушы. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың қыркүйегінде «Дүние жүзіндегі ең еңбекқор ұлт - кәрістер. Олар күніне 10 сағат жұмыс істейді» деген еді.

Бұдан біраз уақыт бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында қарапайым тұрғын Жандос Сәрсенбаевтың бес күндік жұмыс аптасын қалдырып, жұмыс күнін тоғыз сағатқа дейін созу туралы ұсынысы жарияланған. Оған министрлік «ұсынысыңыз қаперге алынды» деген жауап берді.

ШАМАДАН ТЫС

Азаттық тілшісіне ағылшын тілінің мұғалімі Гүлнәр Алматы қаласындағы жеке меншік мектептердің бірінде жұмыс істейтінін, бірақ репетиторлықпен айналысып, қосымша табыс табуға мәжбүр екенін айтты. Жұмыстан кейін және демалыс күндері Гүлнәр оқушылардың үйіне барып, оларға тіл үйретеді. Оқушыларының арасында балалар да, ересектер де бар. Шындығына келгенде, ол кәрістерден кем жұмыс істемейтінін айтты.

Орта мектеп оқушылары сабақтан кейін. Алматы, 24 қараша 2008 жыл. (Көрнекі сурет)


Жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстанның еңбек кодексіне сәйкес аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс. Статистика агенттігінің деректері бойынша 2011 жылы көптеген қазақтандықтар бұл шектен асып кеткен.

HeadHunter компаниясы жұмыс істейтін 4 мың 981 азаматтың арасында сауалнама жүргізіп, қазақстандықтардың демалыс күндері қаншалықты жиі жұмыс істеуге мәжбүр екенін анықтады.

Респонденттердің 17 пайызы демалыс күндері жүйелі түрде, кем дегенде аптасына бір рет немесе одан да жиі жұмыс істейді: 28 пайызы - айына бірнеше рет, 21 пайызы - жарты жылда бірнеше рет; 18 пайызы жарты жылда бір рет демалыс күндері жұмыс істеуге шықса, респонденттердің 15 пайызы ғана демалыс күндері ешқашан жұмыс істемейтінін айтқан. Респонденттердің үштен бірі аптасына бір рет (кейде одан да жиі) кешкісін жұмыс орнында қалып, жұмыс істейді екен.

«ШАБАШКА»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бізде жұмыс ұсынса, істемеймін, көбірек төлеңіз» деп кергиді. Еңбектену керек. Кез келген қоғамдағы сияқты жалқаулар бізде де бар, бірақ біз оларды еркелете алмаймыз» деген еді.

Human Rights Foundation's ұйымының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы постері.


Алматыдағы құрылыс фирмаларының бірінің жұмысшысы Дәурен Мыңбаев темір шарбақтар, түрлі металл конструкцияларын дәнекерлейді, жалақысы - шамамен 100 мың теңге (700 долларға жуық). Ол «жұрт қатарлы өмір сүру үшін бұл жеткіліксіз» дейді.

— Екі балам бар, пәтер жалдап тұрамыз. Кейде тіпті қиналып кетеміз. Ақшамыз бітіп, айлыққа дейін біраз күн қалғанда, көбінесе нанға қарап қаламыз. Сондықтан реті келсе «шабашкаға» барамын, - дейді Дәурен Мыңбаев.

Ол фирмадағы негізгі жұмысынан тыс жеке меншік және мемлекеттік емес ұйымдарда қосымша жұмыс істейді, сантехника жүйелерін жөндеп, жылу құбырларын орнатады.
Кейде тіпті қиналып кетеміз. Ақшамыз бітіп, көбінесе нанға қарап қаламыз. Сондықтан реті келсе «шабашкаға» барамын.

Балқаш қаласының тұрғыны, 27 жастағы Серік коммуналдық саланың өндірістік бөлімінде инженер болып жұмыс істейді.

— Бір орында отырмаймын, жылдың кез келген мезгілінде нысандарды аралаймын. Деректерді жинап, жұмыс сапасын тексерем, ГОСТ талаптарына сәйкестігін қадағалаймын. Жинаған деректерімді саралап, тиісті, кейде өте күрделі есептеулер жүргіземін, - деді Серік Азаттық тілшісіне.

Серіктің жалақысы – 60 мың теңге (400 долларға жуық). Айтуынша, ол жеке меншік мекемеде қосымша жұмыс істейді. Есептегіш құралдар орнатады, жеке меншік компанияның өнімдерін сатады, кеңес береді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕШЕ САҒАТ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Статистика агенттігі бес-алты жылда бір рет өткізілетін «Халықтың уақыт бюджетін пайдалануы» зерттеуінің қорытындыларын жариялады. Сәуірдің 2-сі мен 10-ы аралығында жүргізілген зерттеуге он мен одан жоғары жастағы 33 мың 830 респондент қатысты.

Жұмыс істейтін тұлғалардың (15 және одан жоғары жастағылар) тәуліктік уақыт қорының 18,8 пайызы - жұмысқа, 12,2 пайызы - үй шаруасына, 15,7 пайызы бос уақытқа тиесілі. Ал жеке басына жұмсалатын 49,1 пайыздың 36,6 пайызы ұйқының еншісінде. Статистика агенттігінің жүргізген ресми зерттеуіне жүгінсек, жұмысқа қалатын уақыттың бес сағатқа жуық екенін оқырманның өзі есептеп шығара алады.

Бұл деректер қаншалықты шынайы екенін бағалау - оқырманның еншісіндегі іс.

Сіздің жұмыс күніңіз қанша сағатқа созылады? Жауаптарыңызды біздің форумда күтеміз.

(Мақаланың материалдарын жинауға Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты)